Коронавирус • 15 Наурыз, 2021

Қауіптің беті қайтқан жоқ

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырауда 9 наурыздан бері мұғалімдерге коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу басталды. Мәселен, соңғы үш күнде 605 атыраулық вакцина алды. Оның ішінде 408 педагог, 183 медицина қызметкері, 14 мемлекеттік қызметші бар. 

Қауіптің беті қайтқан жоқ

Қазір өңірде білім саласының қызметкерлері арасында коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауіпті вирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын алғашқылардың қатарында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова, Атырау қаласындағы №16 Қаражігітов атындағы орта мектептің директоры Алмабек Абдолов, № 20 Пушкин атындағы орта мектеп-лицейінің директоры Гүлнар Қожахметова, Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Қуанышев пен IT мектеп-лицейі директорының орынбасары Айгүл Сейітова салдырды.

– Кез келген індеттен қорғанудың, алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина. Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен емханалардың қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы екпенің пайдасы, оның әсері туралы ақпараттар берді. Мұндай вакцина қауіпті вирустан қорғайды. Екпе алған соң қорқынышсыз жүруге болады. Өзімнің саулығым, жақындарымның амандығы үшін вакцина алдым, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.

Оның айтуынша, қазір білім беру саласында 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Солардың қатарындағы №16 Қаражігітов атындағы орта мектептің директоры Алмабек Абдоловтың пікіріне сүйенсек, мұғалімдер елдің келешектегі өркендеуіне үлес қосатын жас буын өкілдерімен тығыз байланыс жасайды. «Сол себептен, «Спутник V» вакцинасын ерікті түрде салдыруға бекіндім. Өйткені, біріншіден, өзімнің де, жақындарымның да саулығын ойладым. Екіншіден, мектеп оқушыларына қауіпті вирусты тасымалдаушы болғым келмейді. Вакцина салдырғаннан кейін жанама әсері байқалған жоқ» дейді ол.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Саламат Идрисов та осындай пікірді ұстанады. Ол өзі басқаратын университеттің 20 қызметкерімен бірге вакцина салдырды.

– Халқымызда «Бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған ғой. Қауіпті вирустың қаупін вакцина алумен ғана тежей аламыз. Сондықтан вакцина салдыру арқылы өзімнің ғана емес, отбасым мен әріптестерімнің де саулығын сақтауға үлесімді қосуды көздедім. Сол мақсатпен №1 қалалық емханада вакцинаның бірінші дозасын қабылдадым. Вакцинадан соң жанама әсер байқалмады. Екінші дозадан 21 күн өткен соң салдырамын, – дейді С.Идрисов.

Дегенмен, өңірде әлі де эпидемиялық ахуал тұрақталар емес. Мәселен, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы – бас санитар дәрігер Мәдениет Танауовтың мәліметіне сүйенсек, былтырғы 28 наурыздан биылғы 11 наурызды қоса алғанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 17 582 дерек тіркеліп отыр. Оның ішінде қауіпті вирусқа шалдыққан 14 жасқа дейінгі 662 бала бар. Сондай-ақ, 18 жасқа толмаған 300 жасөспірімде де коронавирус анықталыпты.

– Өткен жылғы наурыздан бері медицина саласының 1 073 қызметкері қауіпті вирусқа шалдықты. Арнайы комиссияның шешімімен 777 қызметкерге 2 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Өкінішке қарай, 14 медицина қызметкері кәсіби міндетін орындау кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан қайтыс болды. Қауіпті вирустан қайтыс болған әріптестеріміздің туыстарына 10 млн теңгеден астам өтемақы төленді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев. – Мұнай компанияларының демеушілік көмегімен 60 млн теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. Бұл қаржы арнайы комиссияның шешімімен 260 медицина қызметкеріне төленді.

Ал бас санитар дәрігер М.Танауов өңір тұрғындарын эпидемиялық ахуал тұрақталғанға дейін адамдар көп шоғырланатын жерге бармауға шақырды. Бұған Атыраудағы эпидемиялық ахуалдың әлі де тұрақталмай, күрделене түсуі себеп болып отыр. Сол себептен, әлеуметтік арақашықтықты, медициналық бетперде тағу режімін ұстану сақтала береді. Адамдар көп жиналатын жерге бармауға да кеңес берілді.

–  Өңірде күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі азаймай отыр. 14 наурызда Көрісу мерекесі басталды. Одан соң Наурыз мерекесі де жақындады. Осыған байланысты тұрғындарға жасы үлкен адамдарды телефонмен, видеоқоңырау шалу арқылы құттықтауға кеңес бердік. Өйткені, жасы үлкен қариялар қауіпті вирус жұқтыру мүмкіндігі басым топқа жатады. Ондай адамдардың көпшілігінде созылмалы сырқаты болуы мүмкін, – дейді бас санитар дәрігер. – Сол себептен, әркім алдымен өзінің, ағайын-туысының саулығын сақтауды ойлағаны жөн. Әрине, ежелден келе жатқан Көрісу мерекесінде үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсетіп, ізет таныту секілді құндылықтарды жоғалтпауымыз қажет-ақ. Алайда әр әулеттегі сыйлы қариялардың аман жүргенін қалайтын болсақ, бұл жолы оларға арнайы барып, қол беріп көрісуді әзірге қоя тұрғанның сөкеттігі жоқ. Жасы үлкен адамдар телефонмен, видеоқоңыраумен құттықтағанды түсіністікпен қабылдайды деп ойлаймын. Қазіргі эпидемиялық ахуал бізді осындай қадамға баруға мәжбүр етіп отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірдегі жеті ауруханада орталықтандырылған оттегі стансасы жұмыс істеп тұр. Оның екеуі Құрманғазы мен Қызылқоға ауданында іске қосылды. Бұған қоса Атырау қаласындағы облыстық перинаталдық және кардиологиялық орталықтарда, облыстық аурухана мен №2 инфекциялық, сондай-ақ былтыр ашылған модульді инфекциялық ауруханада оттегі стансасы бар. Енді сегізінші оттегі стансасы Индер аудандық ауруханасында жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында салынып жатқан модульді инфекциялық ауруханаға да оттегі стансасын орнату жоспарланып отыр.