Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Міне, осындай жағдайда біздің түрік ағайындар алғашқы болып сенім білдіріп, Қазақстанның солтүстігіне дайын өнім өндіруге қадам басты. 1993 жылы алғаш рет «Петропавлда түріктер макарон фабрикасын салады екен» деген ақжолтай хабар дүңк ете қалды. Бұл іс олардың экономикалық пайда табу мақсатын ғана емес, бізді туысқандықпен қолдау мақсатын да көрсеткендей болды.
Теріскейге алғашқы болып қадам басқан инвестор атақты түрік кәсіпкері Бекир Окан еді. Оның дүние жүзіне белгілі «Окан холдинг» атты аса ірі мегакәсіпорыны бар. Ол сан салалы. Бертін тіпті университет ашып, білім беру саласында да жоғары табыстарға қол жеткізуде. Қызылжарда оның холдингінің «Исот» атты құрылыс компаниясы макарон фабрикасының құрылысын жүргізді. Фабриканың іргетасының алғашқы кірпішін қалауға Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Бекир Оканның өзі де қатысқан еді.
Макарон өнімдерін шығаратын жабдықтар швейцариялық «Бюлер» компаниясынан әкелінген. Жарқырап тұрған жоғары технологиялы бұл жабдықтар орнатылғанда фабриканың іші жайнап кеткен еді. Кәсіпорын бидайдың қатты сұрыбымен жұмыс істеп, өзінің алғашқы өнімдерін 1996 жылдың ақпан айынан бастап бере бастады. Өнімнің атын Бекир Окан мырзаның өзі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне «Сұлтан» деп аталатынын жариялаған.
1998 жылдан бастап кәсіпорын өзінің газбен жанатын 3 қазандығы арқылы жылумен қамтамасыз етілді. Жалпы алып жатқан жер аумағы 10,3 га. Теміржол линиясы бар. Электр қуатымен қосалқы станса арқылы қамтамасыз етілген.
Өнім шығара бастаған 25 жылда «Сұлтан» сауда маркасы бар макарон өнімдері Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдердің рыноктарына шығып, қандай қиын бәсекелестіктерге төтеп беріп, халық жапа-тармағай алатын брэнд өнімге айналды. Оның қаптамасындағы «Қазақстанда өндірілген» деген белгімен қатар, нақты Петропавл қаласындағы мекен-жайын көргенде алыста жүрген кез келген солтүстікқазақстандықтың көзіне оттай басылады.
Осы жылдарда макарон фабрикасы барынша кеңейіп, құрамына 93 мың тонна астық сақтай алатын элеватор, қатты және жұмсақ бидайды үгетін екі диірменді қосып алып, қазір «Сұлтан» Элеватор-диірменді макарон кешені» (ЭДМК) АҚ деген атқа ие болған. Бұдан басқа кондитер фабрикасын да ашып, ондаған түрлі тәтті өнімдер өндіруде. Кешен 38 түрлі макарон өнімін, жоғары және бірінші сұрыпты нан ұнын шығарады. Қазір бірінші сұрыпты ұнға темірдің микроэлементтерін қосып шығаратын жаңа түрін де жасайды. Нан құрамында осы элементтің болғаны халықтың денсаулығына пайдасы зор екен.
Кәсіпорынның тәуліктік қуаты 192 тонна макарон өндіруге жетеді. Өнімдер Италияның «Риччарелли» фирмасы шығарған жарақтарда қапталады. Оның жоғары сапалы, ешқандай қоспасыз, тасымалға ыңғайлы, экологиялық тұрғыдан таза өнімдері Қытайдың, Ресейдің, Беларусьтің, барлық Орталық Азия елдерінің, Моңғолияның және басқа он шақты елдің рыноктарында үлкен сұранысқа ие болып келеді. «Нағыз жақсы макарон қатты болуы керек, түсі ашық сарғыш және қайнатқан кезде суды көп жұтқаны абзал. Біздің өнімдер дәл сол сапаға сай келеді», дейді «Сұлтанның» мамандары.
Кәсіпорынның қазіргі бас директоры – Өзен Мехмет. Оған дейін Идрис Картал деген жақсы азамат ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет істеді. Оның көптеген демеушілік істерін солтүстікқазақстандықтар ұмытпайды.
Кәсіпорын мамандары бір орында тұрып қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Маркетингтік зерттеулердің нәтижесінде 2019 жылдан бері кәсіпорын «Pastamia» сауда маркасымен жаңа макарон өнімдерін шығара бастады.
Қазір «Сұлтан» ЭДМК» АҚ-да 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Мұнда жұмыс орындарын жиі ауыстыратындар жоқ, ұжым көптен бері берік қалыптасқан. Орташа жалақы – 154 мың теңге. Қызметкерлерге қарастырылған әлеуметтік пакет те мұнда жақсы жолға қойылған. Еңбеккерлерін жұмысқа өздерінің арнайы көліктерімен жеткізеді, ауырып қалғандарға әлеуметтік жәрдемақы төленеді, түстік ас бағасы – 50 теңге ғана, арнаулы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бір реттік әлеуметтік көмек те беріледі және ай сайын жалақысының 25 пайызы көлемінде сыйақы төленеді.
Кәсіпорын 2020 жылы 6 млрд теңгенің макарон өнімдерін, 707 млн теңгенің ұнын шығарған, бұл 24 мың тонна макарон өнімдері мен 6 мың тонна ұн рынокқа шығарылды деген сөз. Осы жылы «Сұлтан» АҚ 472,9 млн теңгенің түрлі салықтарын төлеп, еліміздің бюджетіне сүбелі кіріс енгізді.
Бір қызығы, бұл кәсіпорын жаман індеттің карантині кезінде де жұмысын тоқтатқан жоқ. Толық қуатында жұмыс істемегенімен, барлық технологиялық жабдықтары іске қосылып, өнім шығаруды жалғастырған.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетел капиталының араласуымен бірінші болып ашылған ақшаңқан кәсіпорын қазір әбден құлашын жайған. Ол – біздің егемен еліміздің ертеңіне деген сенімімізді нығайтқан ақжолтай кәсіпорын. Экономикалық дағдарыстан қалжырап, ешқандай өнімді өздігімізден шығара алмаймыз, ертеңіміз не болар екен деген сарыуайымға салынған сәтте кеудемізде үміт отын жаққан осы «Сұлтан» еді. Сондықтан оның аты шығып, даңқы асып, табысы тасып жатса, барша қазақстандықтар қуана түсері хақ.
Солтүстік Қазақстан облысы