Аймақтар • 16 Наурыз, 2021

Алматыда індетке қарсы екпе мемлекеттік бюджет есебінен жүріп жатыр

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда ақпан айында Спутник-V екпесін жоспарлы түрде салу қолға алынғалы бері 10 мыңға жуық маман вакцина алған. Бүгін Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев сәуірде коронавирусқа қарсы екпенің 30 мың дозасы қолжетімді болған кезде, екпе алатындардың тізімі көбейетіндігін атады.

Алматыда індетке қарсы екпе мемлекеттік бюджет есебінен жүріп жатыр

Алдымен созылмалы кеселдері бар – жүрек, қан тамырлары және бауыр ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрғандарға вакцина салынады. Қала жеткілікті түрде екпемен қамтамасыз етілсе, тұрғындарды жаппай вакцинациялау қолға алынады.  

«Таяу уақытта өзіміздің отандық вакцинаны да коронавирусқа қарсы қолданамыз. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан қытайлық және америкалық вакцинаны елге әкелу мәселесі талқыланып жатыр. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Біз осы екпеге үлкен үміт артып отырмыз. Халықты барынша жаппай екпемен қамтамасыз етсек, індеттің таралуын барынша тежеуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан жалпы халықтық вакцинация мәселесі біз үшін өте өзекті», – деді Нариман Табынбаев.

Қаланың бас дәрігері Алматыда ақпанда 1 750 медицина қызметкері егіліп, барлығы да ревакцинациядан өткені атады. Ал екінші кезең 2021 жылдың 1 наурызында басталды. Бұл кезеңге Спутник-V вакцинасының қосымша 10 800 дозасы алынды. Қазіргі таңда 6 550 адамға екпе салынса, олардың 60 пайызы – «қауіпті аймақта» жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, 18 пайызы – ұстаздар, 12 пайызы – құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Нариман Табынбаев коронавирусқа қарсы екпе мемлекеттік бюджет есебінен жүріп жатқандығын мәлімдеді.