Саясат • 17 Наурыз, 2021

Жауапкершіліктен жалтару жолы тым көп-ақ

608 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 2019 жылдың соңында қол астындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін басшылардың дербес жауапкершілігі енгізілген заңға қол қойған болатын. Бүгінде бұл заң талабы қаншалықты орындалып жүр? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың қатысуымен өткен аппарат жиынында осы мәселе кеңінен талқыланды.

Жауапкершіліктен жалтару жолы тым көп-ақ

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Заң талабын тарқатып айтар бол­сақ, «Мемлекеттік қызмет тура­лы» заңның 60-бабында «сая­си мемлекеттік қызметшілер таға­йын­­далған күннен бастап үш ай өткен соң бағыныстылары сы­бай­­лас жемқорлық қылмыс жа­са­ған жағдайда отставкаға өті­ніш береді» деп жазылған. Ал әкімшілік қызметкерлер, яғни мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, жергілікті атқарушы органдардың дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қо­л ас­­тындағы қызметкерлердің жем­­қорлығы үшін тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылады.

Жиында осы тақырыпқа қа­тыс­ты баяндама жасаған агент­тік­­тің Превенция департа­мен­ті­нің басшысы Лейла Йылдыз бұл мәселенің «ерекше назар ауда­ратын маңызды проблема» екенін атап өтті. Заңға осы өзгерістерді енгізуге бастамашы болған агенттік бүгінде бұл та­лап-міндеттердің нақты іске асы­рылуына ведомстволық мониторинг жүргізіп келеді.

Агенттіктің хабарлауынша, осы норма енгізілгелі бері елімізде 1 облыс әкімінің орынбасары от­­став­­каға кетіп, 4 аудан әкімі мен облыстық бағыныстағы 2 қала әкі­мі қызметтерінен босатылған. Сондай-ақ түрлі деңгейдегі 10 әкім тәртіптік жауапкершілікке тар­тылған. Мемлекеттік орган­дар мен квазимемлекеттік сектор­лар­дың 57 бірінші басшысы жазаға тартылса, оның 13-і атқарып отыр­­ған қызметінен айырылған. Жем­қорлыққа барғаны үшін қыз­метінен қуылып, қатаң жаза арқалағандардың 35-і әкімшілік мем­лекеттік қызметкер болса, олардың қатарында 4 – әскери, 11 – құқық қорғау органдары, 7 – квазимемлекеттік сектор қыз­мет­ке­рі бар.

Департамент директорының мәлімдеуінше, өзіне тікелей бағы­ныс­ты қызметкері заңсыз­дық­қа барып, іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде болғанда басшылары өз қалауымен жұмыс орнын босатқан жағдайлар да аз емес. Осы уақытқа дейін мұндай 9 жағдай тіркелген.

Тұжырымдамалық тұрғыдан алған­да, тікелей бағыныш­тылар­дың сыбайлас жемқорлығы үшін бас­шылардың отставкаға кетуі бү­гінгі қоғамның талабына то­лық жауап береді. Дәл осы өзекті тақы­рып әлеуметтік желі мен БАҚ-та ең көп талқыланады. Бұл халықтың мемлекеттік қызметшілердің ай­на­л­­а­­сындағы жемқорлық мәсе­ле­сін жіті қадағалайтынын байқатады. Алайда қарапайым халықтың сыни көзқарасының өзі бұл мәселеге біржақты баға бермей, неғұрлым байыпты шешім шығаруды талап етеді. Кей фактілер бойынша жұрт батыл шара қолданудың қажеттігін айтады. Мәселен, Түркістан облысында Келес ауданының әкімі жұмыстан шықпай, қатаң сөгіс, Кентау қаласының әкімі сөгіс ал­ған­да халықтың пікірі екіге жарылды.

Алматы және Атырау облыстарында аудан әкімдері орынба­сар­ла­рының парақорлығы да олардың басшы­ларының отставкаға кетуі­не негіз бола алмаған сыңайлы. Себебі Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі сөгіс алумен, Қарасай мен Кербұлақ аудан­да­рының әкімдері «қызметіне то­лық сәйкес келмейді» деген шешім­мен ғана шектелген. Ал Атырау облысы Құрманғазы ауда­ны­ның әкімі қатаң сөгіс алумен «аман қалған». Қостанай облысында Рудный қаласының әкімі Ғаязов өзіне бағынышты ауылдық округ әкімінің жемқорлығы үшін отставкаға кетудің орнына әкім­дік аппаратының басшысын қызме­ті­нен босатқан. Бұл іске агенттік араласқаннан кейін ғана облыс әкіміне Рудный қаласының әкімін қызметінен босатуға тура келген.

«Ескерту беріп, сөгіс жариялаумен шектелу заң талабын әлсіретіп қана қоймай, халықтың сеніміне де селкеу түсіреді» деген департамент басшысы бұл мәселенің басты екі себебін атап өтті. Біріншісі – «жұ­мыс істейтін ешкім қалмайды» қағи­датын ұстанатын жергілікті жер­­лердегі саяси ерік-жігердің жет­­кіліксіздігі болса, екіншісі – заң­дағы олқылықтар. Мәселен, «Мем­лекеттік қызмет туралы» заң­ның 43-бабы квазимемлекеттік сектор қызметкерінің жемқорлығы үшін оның тікелей басшысының жауапкершілігін жоққа шығарады. Тағы бір түйін – қарамағындағы қыз­меткерлерге қатысты сотқа де­йінгі тергеу жүргізу кезінде бас­шыларды қайта тағайындауға қа­тысты. Бүгінгі таңда егер саяси мемлекеттік қызметші немесе басшы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде лауазымын ауыстырып, басқа қызметке ауысып кетсе, оны қандай да бір жауапқа тарту мүмкін емес.

Мысалы, Жамбыл облысы әкімі­нің орынбасары Календеров өзіне тікелей бағынышты қыз­мет­керіне қатысты сот талқылауы кезінде Шу ауданына әкім болып тағайындалып, жауапкершіліктен сытылып кетті. Қостанай облы­сын­дағы Қостанай ауданының әкімі Радченко да дәл осы тәсілмен қызмет ауыстырып, Қарасуға барып әкімдік қызметін жалғастыра береді. Ал Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Нұрбаев орынбасарына қатысты сотқа де­йін­гі тергеу жүргізу кезінде облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалып, заңнан айналып өтті.

«Заңдағы дәл осы олқылық сот­қа дейінгі тергеу кезінде қызмет ауыстыру мен өз еркімен жұмыстан шығуға тыйым салмау басшыларға қызметкерлерінің жемқорлықтары үшін жауапкершіліктен құтылып кетуге жол ашып беріп тұр», деді Л.Йылдыз.

Квазимемлекеттік сектор қыз­мет­керлері жасаған жемқорлық үшін мемлекеттік органдар бас­шы­­ларының жауапкершілігін арттыруға қатысты тиісті заңға өзге­рістер енгізу, қол астындағы қыз­меткерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезін­де бас­шы­лардың қызметін ауыс­ты­руға, өз еркімен жұмыстан шығуына шектеу қою, саяси қызметшінің отставкасын қабылдау не әкімшілік қызметшіні лауазымынан босату кезінде оны бір жыл ішінде тең дәрежелі басшы лауазымға та­ғайындауға тыйым салу секіл­ді түйіндер шешілмей, бұл мәсе­ле­нің күн тәртібінен түспесі анық. Судьялардың сыбайлас жем­қор­лы­ғы үшін басшыларын, мәсе­лен сот төрағаларын жазаға тартуды қолдану да назардан тыс қал­ма­ғаны жөн.

Сондай-ақ департамент басшысы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін саяси қызметшілердің отставкаға кету туралы өтініштерін мүдделі тұл­ға­лардың, оның ішінде агенттік қызметкерлерінің қатысуымен тиісті комиссияларда қарауды, ше­шім­ді алқалы түрде қабылдауды ұсынды.

Талқыға түскен бұл мәселеге қа­тыс­ты көзқарасын білдірген агент­тік төрағасы Алик Шпекбаев заңдық нормаларды бірізге келтірмей, жауапты адамдардың жазадан ай­на­лып өте беретінін ескертті. «Заң­дағы мұндай олқылықтар жауапкершіліктен құтылудың төте жолы екені түсінікті. Сондықтан алқалы жиындарда заңды өз дең­ге­йінде күшейту, пікір алмасу кезінде жеке бір адамдардың же­те­гінде кетіп қалмау, екі жыл­дап ауыспайтын комиссия мүше­ле­рін жаңартып отыру секілді ма­ңызды түйткілдерге де баса кө­ңіл бөлген жөн. Халықаралық тәжірибелерге сараптама жасауды да естен шығармаған дұрыс», деді төраға. Мұндай маңызды ұсыныстар, негізінен, жергілікті жерлерден келіп түсуі қажет екенін ескерткен Алик Жатқамбайұлы қоғам белсенділерін мәселенің түйінін тарқатуда көмекші болуға шақырды.