Саясат • 17 Наурыз, 2021

Транспаренттілік трансформациясы

5477 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Фронт-офистер мен оупэн-спэйстердің ашылуы мемлекеттік қызмет көрсету процесін қаншалықты жеңілдетті? Көптің көкейінде жүрген осы сұраққа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен онлайн-брифингте Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы жауап берген болатын.

Транспаренттілік трансформациясы

«Адалдық алаңы» жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстырып өткен агенттік өкілі тұрмыстық жемқорлықты жоюды мақсат тұтқан бастаманың бас­ты міндеті қызмет көрсетуде халыққа қо­лайлы жағдай жасау екенін атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сы­бай­лас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру кезінде аймақтарға елорда тәжірибесін кеңінен таратуды ұсынған болатын. Ал бұл жо­баның мемлекеттік органдардың ашық­тығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қа­лып­тастыру және қоғамдық бақылау құ­рал­дарын күшейту міндеттерін дәл осы сервистік формат, фронт-офистер мен оупэн-спэйстердің арқасында жү­зеге асыру көзделіп отыр.

Департамент директорының мәлім­деуін­ше, қазіргі таңда «Адалдық ала­ңы» жобалық кеңсесі еліміздің 19 орта­­лық мемлекеттік органы мен 17 өңір­де, «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес ұйымдарында жұмыс істейді. Басшылары қоғам өкілдерінен тағайын­дал­ған бұл кеңселерде қарапайым ха­лық­қа қызмет көрсетуге қолайлы жағ­дай жасалған, ең бастысы, мемлекет­тік қыз­меттер электронды нұсқада көрсе­тіледі.

Жоба мемлекеттік қызметтерді цифр­лан­дыруға айтарлықтай серпін бер­ген. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 93 пайызға жеткен. Осыған орай еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамытудың әлемдік рейтингінде 29-орынға табан тіресе, Электронды қатысу индексі бо­йынша  26-орынға көтерілген.

Бұл ретте Ғ.Асанұлы IQALA және I-KOMEK 109 мониторинг және жедел әрекет ету орталықтарының қызметтерін атап өтті. Қалалық қызметтер мен өңір­лердегі жер мәселелері бойынша геоақ­параттық жүйелер жүктелген бұл орта­лық­тар арқылы кез келген тұрғын өзіне керек қызметті кедергісіз ала алады.

Қала, аудан, ауылдық әкімдіктерді сервистік үлгіге көшіру сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимылға тың сер­­пін берген. Қазіргі таңда елімізде 320-дан астам әкімдік осы форматта жұмыс істеуге көшкен. Бұл – об­лыс­тық маңызы бар қала мен аудандар жүз пайыз қамтылды деген сөз. Жер­гілік­ті әкімдіктер мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің үйлесімді жұмы­сы­ның арқасында барлық елді мекендерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған.

Осылайша бүгінде мемлекеттік органдар мен мекемелерде 2500-ге жуық кедергісіз фронт-офис пен оупэн-спэйс ашылып, соның арқасында мемлекеттік мекемелерде халыққа көрсетілетін қыз­меттерді алу процесі жеңілдетілген. Мұндай кеңселерде азаматтарға өзек­ті мәселелері бойынша ақпарат алу қол­жетімді әрі жан-жақты кеңес те беріледі. Мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің 5,5 мың­нан астам бірінші басшысы ың­ғайлы кабинеттерінен шығып, бірінші қабаттағы «әйнек кабинеттерде» жұмыс істеуге көшкен. Осылайша басшылар да қолжетімді болды. Бір сөзбен айтқанда, елімізде басты көрсеткіштері – ашықтық пен транспаренттілік болып табылатын мемлекеттік қызметшілердің жаңа жұмыс істеу трансформациясы басталды.

Агенттіктің бұл бағытта жай үйлесті­ру­ші ғана емес, өзі нағыз үлгі болу қажет­тігін атап өткен департамент директоры: «17 өңірде агенттіктің сервистік орта­лы­ғы ашылып, бұл алаңдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың «фаб­ри­каларына» айналған коворкинг орталықтар жұмыс істейді. Осыған ұқсас сервистік «Антикор орталығы» агенттік аппаратының да жанында ашылды», деп атап өтті.

Жоба аясында халыққа консульта­ция­лық қолдау жүйесі де оң жолға қо­йылған. Бұл тұрғыда күн сайын өткізі­летін тұрақты тікелей эфирлер – «Адал көмек» және Antikor.live жобаларын атап өтуге болады. Азаматтарды қабылдау арқылы мәселенің түйінін шешуді дәстүрге айналдырған «Адалдық алаңына» өткен жылы 12 мыңға жуық өтініш келіп түскенін мәлімдеген Ғ.Асанұлы бұл арыз-шағымдардың 80 пайызы шешімін тапқанын да айтты.

Жобадан жалпыұлттық қозғалысқа ұласқан «Адалдық алаңының» еліміздегі қоғамдық бақылаудың драйверіне ай­нал­ғандығының тағы бір көрсеткіші – жем­қорлыққа қарсы қозғалысқа жи­нал­ған 80 мыңнан астам волонтер. «Қо­ғамдағы кез келген өзекті мәселеге бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында 300 дәрі-дәрмекті алып-сатудың жолы кесіліп, гуманитарлық көмек ретіндегі 18,3 млн қорғаныш құралы, 3,1 млн дәрілік зат, 428 мың медициналық жабдық тиісті орындарға жеткізілді. Компьютерлер сатып алу кезінде 1,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделіп, ҰБТ-дағы 3 мыңға жуық қатысушының нәтижелері жойылды», деп мәлімдеді ол.

Қоғамдық бақылаудың тағы бір пәрменді тетігі – «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы». Агенттік жалпы сомасы 14,3 трлн теңгені құрайтын 18 мыңға жуық мемлекеттік мекеменің қаржылық дерегі орналастырылған картаны дамыту мақсатында «Ашық бюджет» жаңа жобасын іске қосқан болатын. Мұндағы басты мақсат – бюджет қаражатын игеру мониторингіне азаматтарды кеңінен тарту және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру.