Аймақтар • 17 Наурыз, 2021

ШҚО-да тұрмыстық қалдықтар жеке-жеке сұрыпталмақ

567 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда қоқысты қайта өңдеп кәдеге жаратпақ. Сол мақсатта «ӨКМ Операторы» (Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) ЖШС Өскемен мен Семей қалаларының әкімдіктеріне тұрмыстық қалдықтарды жеке-жеке жинауға арналған 2856 контейнер мен қоқыс шығаратын 12 бірлік жаңа техниканы табыс етті.

ШҚО-да тұрмыстық қалдықтар жеке-жеке сұрыпталмақ

«ӨКМ Операторы» екі шаһарға да заманауи қоқыс сұрыптау желісін сатып алуды қаржыландырып отыр. Осы жобаны жүзеге асыруға барлығы 3,7 млрд теңге қаражат бөлінген. 

Аймақта қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау үш фракция бойынша жүзеге асырылмақ. Яғни қалдық үшке бөлініп тасталады.  Мәселен, «Жеңіл» – қайта өңделетін қайталама шикізат (пластик, қағаз, металл), «Ауыр» – бұған шыны қалдығы жатады. Үшінші «Дымқыл» – оған қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар (тамақ қалдықтары және тағы басқалар) тасталады.

– ӨКМ Операторы Шығыс Қазақстанның екі қаласы үшін 12 бірлік арнайы техника сатып алды. Оның ішінде шыны контейнерлеріне қызмет көрсетуге арналған кран-манипулятор қондырғысы орнатылған 4 қоқыс тасығыш көлігі бар, – деді «ӨКМ Операторы» ЖШС төрағасы Медет Құмарғалиев.

Айта кетейік, Өскемен мен Семей қаласында тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинау инфрақұрылымын ұйымдастыру жөніндегі жобаның басты шарасы – ағымдағы жылдың қыркүйек айында өндірістік қуаты жылына 200 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын автоматты желіні салу және іске қосу болмақ.

Аталған кешенді жұмыс өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, тұрмыстық қалдықты бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.