Технология • 19 Мамыр, 2021

Дербес деректі қолдана білу де өнер

508 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Келешекте әлемді алып корпорациялар басқарып, адамның түсінігіндегі биліктің форматы түбегейлі өзгереді. Тіпті саяси элиталар технократтардың дегеніне көндігіп, ырқына жығылуға мәжбүр болады. Қазір кез келген футурологты тыңдасақ, айтатыны осы. Бірақ жасыратыны жоқ, технологиялық үдерістер қарқын алған сайын адамдардың жеке кеңістігі тарылып бара жатқандай әсер қалдырады.

Дербес деректі қолдана білу де өнер

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Лицензиялық келісімді оқымайды

Сонда миф пен шындықтың ара жігі қандай? Қолға шам ұс­тап, үңгірге оралуды ешкім қа­ла­майтыны анық. Өркениетті елдер ғылыми прогрестің дамуына барынша жағдай жасап, түрлі салалардағы жаңашылдықтарды қоғамның игілігіне жұмсап ке­леді. Десек те Big Data, таргетинг, сондай-ақ басқа да технологиялар мега-корпорациялардың нарықта үстемдік құруына ықпал етіп отырғанын мойындауға ту­ра келеді. Айталық, күнделікті өмірде компьютер, смартфонды пайдалану арқылы әлеуметтік желілер мен электронды пош­таны тексергенде, көзімізге түр­лі жарнамалар түсетіні бел­гілі. Өзімізге ұнағанына «лайк» бассақ болғаны, сол сәт­те ұқ­сас жарнаманың сап түзеп, қаптап кететінін аңғару қиын емес. Демек, жеке әлеу­меттік па­рақ­­ша­лардағы мәлі­мет­­тер мен жарияланған жазба­лар­­дың негі­зінде, сондай-ақ жазыл­­ған комментарийге сәй­кес, data ана­литиктері нені қалайты­ны­ңызды біліп отырады.

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының ақ­параттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Иван Фильконың айтуынша, мәліметтердің таралуы көп жағдайда оны пайдалану мәдениетінің жоқтығынан орын алады. Өйткені кез келген әлеуметтік желі немесе сайтқа тіркелмес бұрын азаматтардан жеке деректердің өңделуіне қолданушылық келісімге рұқсат сұралады. Міне, осыған келгенде интернет қолданушылары белгіленген талапты оқымастан келісімдерін беріп жатады.

«Бірден айта кету керек, ком­­паниялар арасында өзара дерек­тер алмасу арзан емес. Бұл қомақты қаражатты талап етеді. Мәселен, бір компанияның басқа ұйымға қолданушылардың қалаулары жайлы мәліметтерді жарнамалық мақсатта беруі қымбатқа шығып жатады. Бұл ретте мәселе басқада болып тұр. Дәлірек айтсақ, көбінесе қол­­данушылар лицензиялық ке­лісімді оқымайды. Айталық, Facebook, «Вконтакте» сынды әлеуметтік желілерге тірке­лер­де аты-жөніңіз бен басқа мәлі­меттерді толтырып болған соң, астында қолданушылық келісімге рұқсат сұралады. Осы келісімді мұқият оқысаңыз, он­да желі қолданушыларының қа­лауларына қатысты статистиканы өңдеуге, сондай-ақ оны пайдалануға рұқсат беретін тетік қарастырылған. Бұл жоғарыдағы келісімде көрсетілген. Көп жағ­дайда адамдар «қанат» белгісін, яғни келісімді электронды түрде рас­таудың қолтаңбаға пара-пар екенін түсінбей жатады. Сондықтан да мобильді қосымша­ларды жүктегенде немесе әлеу­меттік желілер, сайттардың қыз­метін пайдаланғанда азаматтар бұған мән бермейді. Әйтсе де одан қорқудың қажеті жоқ. Неге десеңіз, Facebook секілді компаниялардың қорғау жүйесі жақсы дамыған», деді И.Филько.

 

Жеке мәліметті қолдану мәдениеті қалыптаспаған

Мамандардың пікіріне сүйен­сек, бұл мәселеде халықтың жеке деректерді пайдалануға байланысты сауаттылығын арттыру қажет. Өйткені, азаматтар қандай мәліметті жариялауға болатынын және қайсысын құпияда ұстау керек­тігін ажырата білмейді. Сол себепті жеке мәліметті қол­дану­дың мәдениетін көтеру керек дейді сарапшы.

«Технологиялар тез дамып жатқандықтан адамдар өзде­ріне тиесілі деректерді дұрыс пайдалануды меңгеріп, үлгер­мей жатыр. Қарапайым мысал, мектепте оқушыларды жол қозға­лысының ережелеріне үйре­тетіні белгілі. Дегенмен балалар­ға же­ке құжаттың фотоларын немесе басқа да жекебасты куә­лан­дыратын мәліметтерді бей­мәлім сайттарда жариялауға бол­­майтыны туралы ескертіліп, үйретілмейді. Сондай-ақ бұл мәсе­леде аға буын өкілдері де қи­налатыны жасырын емес. Себебі тың технологияларды д­ұ­рыс қолданудың жолдарын үлкен­деріміз өз бетінше меңгеріп келеді. Демек, дербес деректерді қолдану­дың сауаттылығын жас­тайынан қалыптастырып, бұл бағытта халықтың мәдениетін көтеруіміз қажет деп санаймын», деді И.Филько.

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының ақ­параттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы айтқандай, елімізде дербес деректер қорғау мәселесі заңмен қарастырылғанымен бұл тек республика аумағында күшке ие. Facebook, Google сынды әлемдік компаниялар Қазақстанда орналаспағандықтан аталған заң оларға қолданылмайтынын ескеру қажет.  

 

Мәлімет өңдеудің экономикалық тиімділігі көп

Егер сұраныс бар жерде ұсыныс та болатынын ескерсек, data технологияларының артықшылығы сол, қалаға­ны­ңызды артығымен тауып береді. Мұның әсіресе тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ұсы­нуда пайдасы орасан. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, деректерді өңдеуде белгіленген тәртіпті ұстанып, қауіпсіздік мәсе­лесіне де көңіл бөлуге болады. Яғни «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» тепе-теңдікті барынша сақтаған абзал. Неге десеңіз, қаласақ та, қала­масақ та цифрлы технологиялар өмірімізге мықтап еніп отыр.  

«Давостағы дүниежүзілік эко­номикалық форумның прези­денті Клаус Швабтың пікіріне сүйенсек, 2012 жылы әлемде төр­тінші өнеркәсіптік революция басталған болатын. Оның ай­ғағы ретінде Big Data, жасанды интеллект, сол секілді 3D принтердің қарқын алуымен бірге өндірістің роботтандырылып жатқаны келтіріледі. Демек, жаһандық экономикада, шаруашылық жүргізу ісінде цифрлы технологиялардың ал­дың­ғы орынға шыққанын бай­қауға болады. Қазір әр адам­ның жеке цифрлы коды бар. Мысалы, интернетке кірсек те, YouTube арқылы видео қарасақ та жасанды интеллект соған сәй­кес, көңілімізден шығатын өнім­дер­ді ұсынады. Сол секілді бизнес те өз тұтынушыларын жаңа тех­нологиялардың көмегі­мен із­деп, сұраныстарын қанағаттан­дыруға тырысады. Бұл әсіресе пандемия кезінде айқын сезілді. Атап айтқанда, әлеуметтік же­лі­ні жетік меңгеріп, таргетинг арқылы халыққа қалаған өні­мін ұсынуға дағдыланған іскер азаматтар кәсіптерін онлайн форматқа ұтымды ауыстырды. Алайда соңғы уақытта жеке мәліметтердің қолды болғаны жайлы ақпараттар жиі айтыла бастады. Facebook-ке қатысты бірнеше сот процесі болғаны мәлім. Қауіпсіздік мәсе­лесі де қазір өзекті болып тұр­ға­­нын жоққа шығаруға бол­май­­ды. Мәселен, несиесі бар азамат­тардың мәлі­меттері тара­ғаны жайлы, сон­дай-ақ кейбір адам­дардың жеке есепшотынан қара­жаттары жоға­лып кеткені туралы фактілер анықталып отыр. Сон­дықтан қаржы-экономикалық қауіп­сіздік мәселесін де естен шығар­мау қажет», деді М.Халық.

 Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес деректерді қорғауды күшейтуге байланысты заң жобасына ұсы­ныстарды қабылдауға дайын екендерін хабарлады. Ведом­ство жеке мәліметтерді өңдеу­ді жетілдіріп, оны қорғауға бағыт­талған заңнамаға түзетулер әзір­леуді қолға алды.

«Цифрлы қызметтер қазақ­стан­дықтардың өмірінде едәуір орын алып, дербес деректердің таралып кету тәуекелі де арта түсті. Дербес деректердің қауіп­сіздігі еліміз үшін маңызды мәсе­лелердің бірі», делінген министр­лік таратқан ақпаратта. Жауапты орган әр қазақстандық жеке мәлі­меттерді қорғау бойынша өз ұсы­ныстарын енгізуге құқылы екенін жеткізді.