Оқиға • 18 Наурыз, 2021

Шекара маңындағы аудандарды аралады

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған жұмыс тобы Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарын аралады. Жұмыс сапары барысында Е.Тоғжанов Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Бағыс және Хиябон ауылдарының әлеуметтік нысандарының жағдайымен танысып, тұрғындарымен кездесті.

Шекара маңындағы аудандарды аралады

Вице-премьермен кездесуде тұрғындар ауылдардың өзекті мәселелерін көтерді, оның ішінде мүлік пен жер учаскелерін тіркеу мүмкін­дігінің жоқтығын айтты. Ауыл тұрғындарының айтуын­ша, егіншілік пен мал шаруашы­лығына арналған жерлер мен судың жетіспеушілігі өткір мәселе болып отырған көрінеді. Сонымен қатар ауылдарда газдың жоқтығы байқалады.

Кездесу қорытындысы бо­йынша Премьер-Министрдің орынбасары облыс әкімдігіне тұрғындардың көтеріп отырған мәселелерін шешу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Осылайша осы жылдың 1 сәуіріне дейін ауыл шаруа­шылығы жерлеріне олардың сумен қамтамасыз етілуін ескере отырып түгендеу жұмыс­тарының жүргізілуі, ауыл тұрғындарының жер учас­ке­лері мен тұрғын үйлерін тіркеуді 31 мамырға дейін аяқ­тау, сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін Түркістан облысының 6 ауылын газбен қамтамасыз ету тапсырылды.

Е.Тоғжанов аталған елді мекендердің шекараларын айқындаудың маңыздылығын атап өтіп, облыс басшылығына биылғы 15 сәуірге дейін жер­гі­лікті халықтың қажеттілігі үшін жайылымдық жерлерді анықтау бойынша тиісті жұ­мыстардың жүргізілуін, ал 20 сәуірге дейін ауыл шекарасын түпкілікті бекітуді тапсырды. Сонымен қатар Бағыс ауылында апатты мектептің орнына жаңа ғимарат салып, интернет сапасын көтеру үшін «Kcell» және «Теle-2» желілерін жаңғыртып, 3G/4G байланысымен қамту жоспарлануда. Шекара маңындағы ауылдарды дамыту мәселелері Үкіметтің бақылауында.