Қоғам мен мемлекеттің жаңа сатыға өте бастаған кезеңінде жаңа буын саясаткерлерге жол ашу, билік қатарын жаңартып-жаңғырту – билікке жаңа леп пен жаңа дем беру үшін жасалған шара. Осының арқасында Қазақстан екі үлкен саяси науқанды өткеріп, қоғам мен мемлекетті, ел экономикасын реформалауға, жаңғыртуға бағытталған шешімдер тізбегін қабылдап үлгерді. Елдің тұтастығын, бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған оң қадамдар жасалды.
Жалпы алғанда, кейбір саяси оқиғалардың маңызын түсініп-түйсіну үшін белгілі бір қашықтық, яғни уақыт керек болып жатады. Бүгінде, әрине, қоғам ішінде әртүрлі алыпқашпа әңгіме, даурықпа, даңғаза әлеуметтік желілер арқылы кең тараған заман. Қоғам ең алдымен нигилистік, негативті бағыттағы пікірлерге көбірек сенетін сияқты болып көрінеді. Бұндай жағдайдағы басты міндет – алған бағыттан таймау, жоспарлаған, межелеген реформаларды асқан табандылықпен, принципшілдікпен атқара беру, жалғастыра беру қажет. Ахмет атамыз айтпақшы, «жұрт – бүгіншіл, біздікі – ертең үшін». Кейбір кезде үлкен өзгерістер өзін өзі дәлелдеп, растап жатады. Бүгінгі қоғам шын мәнінде өзгерді және өзгеру үстінде. Кеше ғана мүмкін емес, көзге елестете алмайтын дүниелер өмір шындығына, қарапайым фактіге айналып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен екі жыл ішінде өзін стратегиялық тереңдігі мен ойы, тарихи пайымы мен болашаққа арналған тұжырымдамасы бар, Қазақстанның, оның халқының жаны мен табиғатын терең түсінетін саясаткер ретінде көрсете білді. Нақты нәтижелерге келетін болсақ, үш ірі бағытты айтар едім.
Біріншісі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Президент қоғамда, елде болып жатқан мәселелерді айқын сезініп, терең түсінетін мемлекет пен мемлекеттік аппарат жасақтау керек деді, соның жақсы үлгісін көрсетіп келеді. Апта сайын, ай сайын әкімдер мен министрлердің ойы мен өресі, кейде қарапайым ғана түйсігі жетпейтін дүниелерді өзі түзеп, орнына қойып, бағытын беріп отырады. Осындай ұстанымның арқасында елді дүрліктірген көптеген мәселені дер кезінде шешіп, оларды стратегиялық шешімдерге айналдырып келеді. Мысалы, жер мәселесі, тағы басқалар.
Екіншісі – саяси реформалар. Елде бір емес, екі емес, үш саяси реформа тізбегі жасақталып, олар заңмен бекітілді. Бұл реформалар тек аты үшін, біреуге ұнау үшін жасалып жатқан реформалар емес. Елдің шынайы қажеттілігіне, даму қарқынына, бағдарына орай, жіктеліп, тізбектеліп жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта да бұл үдерістер жалғаса береді. Алда бізді ауыл әкімдерін тікелей сайлау күтіп тұр, одан кейін аудан әкімдерін жергілікті тұрғындар сайлайды. Бұл – Орталық Азиядағы тұңғыш тәжірибе. Бұл тұрғыдан Қазақстан аймақты демократияландыру бойынша көшбасшылықты өзіне қайтарып алған сияқты.
Үшіншісі – әлеуметтік және экономикалық реформалар тізбектері. Қазақстан өз дамуында жаңа сапаға, жаңа сатыға көтеріліп келеді. Жаңа заманда тың экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін кем дегенде екі мәселені қамтамасыз етуіміз керек. Ең алдымен, елдің әлеуметтік дамуын қамтамасыз етіп, көмекке зәру топтарының жағдайын жақсартуымыз керек. Ол үшін бүгінде жаңа Әлеуметтік кодекс жазылып, алдағы уақытта Парламент қарауына енгізілетін болады. Екінші кезекте бизнестің жолын ашатын, салық саясатын жақсартатын, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жүйелі реформалар керек екені анық. Бұл бағытта да көптеген заң жобасы жазылып, алдағы уақытта депутаттық корпусқа табысталады деп күтеміз.
Айдос САРЫМ,
Мәжіліс депутаты