Сенаторлар «2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Бұл келісім ТМД елдерінің аумағында тіркеуден шығарылған және апатқа ұшыраған автокөліктер туралы мәліметтер жарияланатын деректердің ақпараттық базасының жұмысын қолдауды көздейді. Мәліметтермен жедел алмасу тәжірибесі Достастыққа мүше мемлекеттердің автокөлік ұрлығымен күрес және оларды қайтару жұмыстарында бірлесіп, белсенді әрекет етулеріне мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, хаттамаға 6 елдің ішкі істер министрлері қол қойған. Олардың арасында Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова бар. Хаттаманың негізгі мақсаты – ұрланған автокөлік иелерінің құқықтарын қорғау.
«Бүгінде ТМД келісіміне сәйкес, елдермен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланып, кейбір адамдар заң бұзушылық жасайды. Мысалы, 2005 жылдан бастап осы кезге дейін ұрланған 223 көліктің тек 30 пайызы елге қайтарылған. Өйткені, сұрау салу нормаларының кемшіліктері бар. Соларды жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді. Енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ай уақыт беріледі. Сондай-ақ сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет.
Сонымен қатар хаттамада жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру, кеден органдарымен ақпарат алмасу, 1 жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерден табылса, сол мемлекеттің меншігінде қалдыру мәселелері қарастырылған.
Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер арасында ортақ кедендік шекара бар. Сондықтан осы көліктерді бақылап, ақпарат алмасу үшін бұл хаттама қажет», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Заң жобасын талқылау барысында сенатор Ләззат Сүлеймен хаттаманы қабылдаудың маңызына тоқталды. «Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес соңғы 15 жылда елімізде 40 303 автокөлік ұрланған, оның ішінде 26 079-ы табылып, иелеріне қайтарылған, 14 224-і табылмаған. Ұрланған автокөліктердің 223-і ТМД елдерінде табылып, оның 66-ы елімізге қайтарылған. Сондай-ақ біздің елімізде 233 автокөлік табылып, 84-і ТМД елдеріне қайтарылды.
Сонымен қатар 2020 жылы ұрланған 2121 көліктің 547-сі ұрлық және айдап кету фактілері бойынша қылмыстық есепке қойылды. 412-сі иелеріне қайтарылды, ал қалған 1162-сі қаржы пирамидалары және алаяқтық бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер шеңберінде есепке қойылды», деді депутат.
Отырыс барысында «Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды. Аталған құжатта тауар белгілеріне патент алу, қызмет көрсету белгілері және тауар шығарылған жерлердің атауларына қатысты нормалар қарастырылған.
Осы заң жобасы қабылданса, қазақстандықтарға ЕАЭО елдері аумағында жұмыс істеу үшін патент алу рәсімі жеңілдейді. Ол үшін азаматтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бірінің патент беретін ведомствосына жүгінсе, жеткілікті болады. Осылайша Экономикалық одақ аумағында өз тауар белгісін қорғауға мүмкіндік алады.
«Көрсетілген объектілерді тіркеудің өңірлік жүйесін енгізу Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта көзделген. Бұл жүйенің артықшылығы бір қорғау құжатын бес мемлекеттің аумағында бір уақытта алу мүмкіндігі болып отыр. Өнеркәсіптік меншік нысандарына қатысты тиісті қорғауды алу үшін ең маңызды факторлардың бірі – берілген өтінімнің басымдық күні. Бұл жүйе бір өтінім беру арқылы бес мемлекетте бір басымдық күнін белгілеуге мүмкіндік береді. Шартты ратификациялау ұлттық тауар белгілері иелерінің құқықтарын шектемейді, сонымен бірге еуразиялық нарыққа бағдарланған отандық тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға жағдай жасайды», деді Әділет министрі Марат Бекетаев.
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл құжат арқылы сотталған адамдарды әрі қарай жазасын өз елінде өтеуіне мүмкіндік туады.
Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов: «Сотталған адамды беру үшін ең алдымен сотталған адам екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ сотталған, сұрау алынған кезде үкім заңды күшіне енген және кемінде 6 ай өтейтін уақыты қалуы керек. Бұдан бөлек, сотталған адамның жазбаша келісімі мен екі ел де беруге келісуі қажет. Осы айтылған талаптар сақталмаса, адам берілмейді. Қазір бізде де, Болгарияда да келісуші тараптардың сотталған азаматтары жоқ», деді.
Сенаторлар «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қарады. Құжат 2024 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қолдануды қарастырады. Мұндай норма ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында темекі өнімдерінің акциздеріне салық салуда бірыңғай тәжірибені қолдануды қамтамасыз етеді.
«Келісімде 2024 жылдан бастап индикативтік мөлшерлеме мен одан ауытқу диапазондарын қолдану, ЕЭК Кеңесіне акциздердің индикативтік мөлшерлемелерін бекіту және негізделген экономикалық орындылығы болған кезде оларды өзгерту бойынша өкілеттіктер беру көзделеді. Акциздер мөлшерлемелерін жақындастыру 2024 жылдан бастап жүзеге асырылады. Әрбір бес жыл сайын бірыңғай индикативтік мөлшерлеме және одан ауытқу диапазоны белгіленеді», деді баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Одан бөлек, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша келісім комиссиясының құрамын бекітті. Бұл құжат бойынша Мәжілістің пікірін қарау және келісу үшін Парламенттің келісім комиссиясының құрамына Сенаттан Сәуле Айтпаева, Андрей Лукин және Сұлтанбек Мәкежанов ұсынылды.
Отырыста сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Нұржан Нұрсипатов қос азаматтық мәселесін көтеріп, бұл бағыттағы шараларды жүйелеу керектігін айтты. Сергей Ершов акциздердің өсу есебінен көбейген салық түсімдерін халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жұмсаудың маңызы зор екенін жеткізді. Бекболат Орынбеков Тараз қаласында су тазалау құрылғыларының құрылысын жүргізу қажеттігін сөз етсе, сенатор Мұрат Бақтиярұлы Арал теңізіне қатысты мәселеге назар аударды.