Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семейдегі «Абай арена» стадионын «Елбасы арена» деп атауға қарсы болғаны белгілі. Ендігі мәселе – Семей қалалық мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында қаралған Қарағайлы жаңа ықшам ауданындағы даңғылға Тұңғыш Президенттің есімін беру.
Даңғыл Қарағайлы ауданындағы Семей – Павлодар тас жолынан бастау алады. Сол жағында көпсалалы мәдени-спорт кешені, Назарбаев Зияткерлік мектебі, ал оң жағында жаңадан тұрғызылған тұрғын үйлер мен балабақша орналасқан.
Қала басшылығының айтуынша, даңғылдың бойында болашақта мұз айдыны кешенін, білім және технологиялар трансфері мектебін ашу жоспарда бар. Бірнеше функционалдық аймақтар, серуендеу аймақтары, қоғамдық тамақтану жерлері, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылуы мүмкін. Көшелерді жарықтандыру, орындықтар, қоқыс жәшіктерін және шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған.
Кезектен тыс сессияда қарастырылған барлық мәселе бойынша шешімдер бірауыздан қабылданды. Енді Қарағайлы көшесіне атау беру туралы түпкілікті шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайды.