Аймақтар • 19 Наурыз, 2021

Даниал Ахметов мектепте тамақтан уланған оқушылардың жағдайына қатысты пікір білдірді

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Ұлан ауданындағы Бозанбай орта мектебі оқушыларынан денсаулық жағдайларына байланысты жаппай шағым түскен болатын. Балалардың дене қызуы көтеріліп, жүректері айнып, құсып, іштері өткен, деп хабарлайды Egemen.kz

Даниал Ахметов мектепте тамақтан уланған оқушылардың жағдайына қатысты пікір білдірді

Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі таңда 82 бала дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

«36 бала Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына жатқызылды. Балалардың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында. Алдын ала қойылған диагноз – жедел ішек инфекциясы. Кешеден бері ол жақта арнайы комиссия жұмыс істеуде, құрамында облыстың бас педиатры, эпидемиолог, инфекционист, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары және аудан әкімі бар. Бүгін ауылға Білім және денсаулық сақтау басқармаларының, Санитарлық-эпидемиялық бақылау қызметі департаментінің басшылары, сондай-ақ облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары шықты», дейді облыс әкімі.

Оның айтуынша, мектеп асханасында тамақтандыру ісі жалға алушы жеке кәсіпкермен ұйымдастырылған.

ҚР ҚК 304-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әрине, бұл уәкілетті органдар тарапынан тамақтандыруды ұйымдастыру жұмысын жүйелі бақылауға алмауларының салдары. Сондықтан, бүгін тиісті тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ барлық мектеп, мектепке дейінгі, сондай-ақ облыстың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мекемелеріне тексеру ұйымдастырылады.

«Ата-аналарға тұрақты түрде жедел және нақты ақпарат беру туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар, Ана мен бала орталығында емделіп жатқан балалар да ата-аналарымен телефон арқылы байланысқа шығып отырулары қажет. Кешеден бері мектеп карантинге жабылды. Оқушылар қашықтықтан оқытуға көшірілді», дейді Даниал Ахметов.

Даниал Ахметов сондай-ақ ата-аналардан балалардың денсаулығына қатысты мәселе туындаған жағдайда дереу тиісті орындарға хабарлауларын сұрады және мәселе жеке бақылауында екенін жеткізді.