Технология • 19 Наурыз, 2021

Елорданың IT-кеңесі қаланың негізгі міндеттерін шешу бойынша 11 жобаны қарады

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету басқармасы» ММ цифрландыру бөлімінің басшысы Даниял Айткенов брифинг барысында кеңесте қандай жобалар қаралғаны туралы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың IT-кеңесі қаланың негізгі міндеттерін шешу бойынша 11 жобаны қарады

Елордада цифрлық шешімдер арқылы қала тұрғындарының өмірін жақсарту және қолайлы жағдай жасау мақсатында 2020 жылдың қыркүйегінде IT-кеңес құрылды.

Спикер құрылған кеңестің басты міндеті IT-индустрияға қатысушыларды біріктіру екенін айтып өтті. Мұнда әркімнің цифрландыру саласындағы қаланың бірыңғай экожүйесін іске асыруға қатысты өз көзқарасын білдіруге, қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін цифрлық жобаны таныстыруға, сондай-ақ болашақ IT-жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарымен бөлісуге мүмкіндігі бар.

«IT-кеңес цифрландыруға тартылған барлық тараптар үшін ыңғайлылықты, ашықтықты, транспаренттілікті ұсынады. IT-кеңестің құрамына жетекші цифрлық компаниялардың, ғылым мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Отырыс барысында IT-қауымдастық өз жобаларын таныстырады, сондай-ақ инновацияларды енгізудің тиімділігін көрнекі көрсетеді. Енді заманауи инновацияларды енгізу арқылы елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін мұндай жұмыс форматы жүйелі түрде жүргізілетін болады. Қаралған 11 жоба бойынша кеңес мүшелері мен IT қауымдастық көптеген мәселелерді көтерді. Әрбір мәселе бойынша әкімдіктің нақты жұмысы жүргізіліп жатыр», деді Astana Innovations инновациялық экожүйені дамыту орталығының жетекшісі Жасұлан Кенжеғалиев.

2020 жылы IT-кеңестің үш отырысы өтті. Олардың қорытындысы бойынша «бұлтты жүйе» модификацияланды, «ақылды люк» пилоттық жобасы іске қосылды, № 10, № 87, № 54 мектептерде бейінді пәндердің білім беру бағдарламасын визуализациялау бойынша Roqed Science бағдарламасы енгізілді, елорданың геопорталы жаңғыртылды, қоқыс шығару бойынша жұмыс автоматтандырылды.

«Биыл әкімдік бірқатар міндетті жоспарлады, онда IT-кеңес елорданың өсуі мен дамуының бірыңғай драйвері болып саналады. Алдағы IT-кеңеске цифрлық шешімнің қатысуына немесе таныстырылымына қатысты нақтылайтын мәселелерді Нұр-Сұлтан қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасына жолдай аласыз», деп қосты Даниял Айткенов.