Коронавирус • 19 Наурыз, 2021

Әзербайжанда ерекше карантин жазға дейін созылатын болды

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзербайжан үкіметі бүгін Жедел штабтың брифингі барысында республика аймағында ерекше карантин режимін жазға дейін созу туралы қаулы қабылданғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz, Казинформ сайтына сілтеме жасап.

Әзербайжанда ерекше карантин жазға дейін созылатын болды

Брифинг барысында мәлім болғандай, елде COVID-19 коронавирус инфекциясының тарауының алдын алу үшін Әзірбайжан аумағында ерекше карантин режимі 2021 жылдың 1 маусымы, сағат 1-ге дейін жалғасады.

Үкіметтің бұл шешімі бірінші кезекте қоғамдық көлікке қатысты болып отыр. Оның жұмысы ел аумағында Наурыз мерекесіне, нақтырақ айтқанда 20-29 наурыз аралығында және маусым айының 1-не дейін жексенбі күндері тоқтатылады.

Аталғандармен қоса тойлар мен туған күндер сияқты бұқаралық жиындарды өкізуге тыйым салынады. Баку метрополитенінің жұмысы да тоқтап тұрады.

Брифинг барысында метро қызметінің жандануы карантин режимі кезекті рет жеңілдетілгеннен кейін күн тәртібіне қойылатыны айтылды.

Айта кетейік, соңғы күндері Әзірбайжанда коронавирус жұқтыру жағдайлары көбейіп отыр. Вирус жұқтырған науқастар саны әсіресе Бакуде көп. Бұл қалада барлық науқастардың 52,9%-ы жүр. Бұдан әрі инфекция жұқтырғандар саны жағынан Абшерон ауданы мен Сумгайыт қаласы және Гянджа-Газах өңірі тұр.

Осыған дейін Әзірбайжанда коронавирустың британдық штамы табылған болатын.

Билік өкілдерінің мәлім етуінше, аталған штамның жұқтырғыш қасиеті зор болғанымен Әзірбайжанда қолданылып жатқан вакцина коронавирустың барлық штамдарына бірдей тиімді.