Баспасөз беттерінде бұл құжатты жамбылдық қаламгер-журналист марқұм Мақұлбек Рысдәулет тауып, 2009 жылы облыстық газет бетіне жариялағаны туралы айтылып жүр. Қалай десек те, бұл жәдігер – халқымыздың ежелден келе жатқан ғұрыптық мерекесі Наурыз мейрамын өткен ғасыр басында сақтап қалу үшін қабылданған ресми құжат. Сондықтан да болар, тұрартанушылар бұл құжатты, біріншіден, халқымыздың байырғы құндылығын сақтап қалу жолында жасалған үлкен қадам деп түсінсе, екінші жақтан, үлкен қайраткердің қалам ізі түсіп, қолы қойылған естелік деп қарайды.
Зерттеуші Ордалы Қоңыратбаев бір сұхбатында аталған бұйрықты ертеректе Ташкент архивінен кездестіргенін, көшірмесі өзінде сақтаулы тұрғанын айта отырып, Т.Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған тұста түркі халықтарының тілін мемлекеттік тіл деп жариялау туралы мәселе көтеріп, сонымен қатар Наурызды діни мереке деп қарсы шыққандарға өз уәжін ұсынып, «Наурыз – көктем мерекесі, халық өзі бәрібір тойлайды. Біз ресми ұйымдастырсақ, халық та жылы қабылдайды», деп түсіндірген дейді.
Жоғарыдағы бұйрықтың нәтижесінде, Орталық Азияда алғаш рет 1920 жылы наурыздың 22-сі күні Наурыз мемлекеттік мереке ретінде Түркістан Республикасының аумағына қарасты қалаларда, уездерде, ауылдарда атап өтілген.