Руханият • 20 Наурыз, 2021

Арқа-жарқа «Әл-Арқа»

741 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауыл дейтін ұғымды аяулы етіп тұрған сондағы ағайынның ақ-адал пейілі, көл-көсір көңілі. Қайырылып сәлем бере бермейтін, қабағы қатыңқы, қашанда қа­уырт, әрқайсысы өз басымен әуре қаланың жұртын көргенде ауылыңның қа­­ді­рін біле түсесің. Алайда қалада да қазақылықтың қаймағы – ауылдағыдай арқа-жар­қа, тату-тәтті тұрмысы бар, ауласында ауызбіршілік салтанат құр­ған, мейі­рім тұн­ған мекен бар. Бұл – елордадағы Ықылас Дүкенұлы көшесі бойында орналасқан, бірлігі жарасқан, береке ұйыған «Әл-Арқа» тұр­ғын үй кешені.

Арқа-жарқа «Әл-Арқа»

Жыл басы, жақсылықтың жаршысы Наурыз айы туғанда көктемнің күніндей адамдардың көңілінен де жылылық есіп, бір-біріне ізет-ілтипатын көрсетіп, мейір-ша­пағатын төгіп, қайыр-шарапатын ти­гі­зіп, кең дастарқанын жайып, айналамыз ізгіліктің шуағына бөленеді. Біраз уақыт бұ­рын дәл осындай керемет көрініске астанадағы «Әл-Арқа» тұрғын үй кешенінде куә болған едік. Әдетте қаланың қарбалас күнделікті күйбеңімен көршілерімізбен көрісе бер­мейтін, көріссек те амандық сұрай қой­май­тын біз тірлігі құтты, бірлігі мық­ты бұл тұрғын үй кешенінің халқына қы­­зыға қарадық.

Ынтымақшыл, ырысты «Әл-арқа­лық­тар» – мейрамда, той-думанда ғана емес, бы­лайғы күнде де жиі бас қосып, бір-бірі­нің қуанышын ортақтасып, қайғысын бө­лісіп, ағайын-туыстай араласып-құ­раласып кеткен көрші-қолаң. Құт қон­ған бұл маңайдың тіршілігі шаһардың басқа шетіндегі елордалықтарға ерекше үлгі екені сөзсіз. Осынау мекеннің бе­ре­келі өмірінің сырына «Әл-Арқа» тұр­ғын­дарымен сөйлескенде қаныға түстік.

Алдымен тұрғын үй кешеніндегі шар­уа­шылыққа жауапты «Нұрай» ПИК-тің төрайымы Айнұр Баймолдаеваны сөзге тарттық. Сөйтсек, бұл кісі ПИК бас­шысы ғана емес, төрт нысаннан тұ­ратын осы тұрғын үйді бастан-аяқ тұр­ғыз­ған құрылысшы екен. Бірақ оның не­гізгі мамандығы – мұғалім, география ғылымдарының кандидаты, кешегі күн­ге дейін бірнеше жоғары оқу орнында сабақ берген. Бүгінде А.Баймолдаева «Әл-Арқа» тұрғын үй кешенінде ПИК жұмысына қоса, өзі ашқан «Ақниет» бала­бақшасының да жұмысын жүргізіп отыр. Онымен сөз басында тұрғын үй кешені неліктен «Әл-Арқа» аталғанын с­ұрадық.

– Бұл – менің тәуекел етіп, астанада бас­таған ең алғашқы үлкен құрылысым. Ба­сында тұрғын үй басқа «сақалды құ­ры­лысқа» ақша салып, алданып қал­ған үлескерлерге арналып салынған. Ке­йіннен мұнда әкімдік арендалық тұр­ғын үй ретінде мұғалімдерді, дәрі­гер­лер­ді, өнерпаздарды, спортшыларды қо­­ныстандырды. Осы құрылысты 2005 жылы бастағанда жаңа айтқан үлескерлер жұ­мыла кірісіп, жетпей жатқан ма­териал­­дарға дейін тасысып, үлкен көме­гін тигізді. Олар өздері 25 үй болып жай­ғас­ты. Сол 25 үйдің тұрғындарымен бірге 2009 жылы кейіннен қоныстанған адамдарды қуана қарсы алдық. Бүгінде жалпы кешенде 450 үй тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл мекеннің мұндай берекелі тіршілігіне тұрғын үйдің «Әл-Арқа» деп аталуы да әсер етті деп ойлаймын. Менің атам Әларыстан – көп адамға шарапаты ти­ген қасиетті, әулие кісі болған, соғысқа қа­тысқан майдангер. Өзіміз Қызылорда жақ­тан болсақ та, атам түбіміз Арқа жері деп айтып отыратын. Сондықтан атам мен осы өңірдің атын үндестіріп, тұрғын үйдің атын «Әл-Арқа» деп қойдым. «Әл-Арқаның» қазіргідей құтаюы көптің алғысын арқалаған атамның әруа­ғы разы болғаны шығар деп ұғамын, – дейді А.Баймолдаева.

Ал кейіпкеріміздің ПИК-тің атын «Нұрай» деп қойған себебі – осы тұрғын үйде тұрған, есік алдында ойнап жүріп әбден жақын болып кеткен, кейін оқыс жағ­дайдан опат болған Нұрай есімді кіш­кентай балдырғанға көрсетілген құр­мет екен.

Жалпы, қолынан іс келетін қайрат­кер, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Президент­тің өзі марапаттаған А.Бай­мол­даеваның құр­ған «Айкен» құ­рылыс компаниясы ас­та­нада төрт тұрғын үй кешенін салыпты. Бірақ басқа тұрғын үйлердің жұр­ты­нан дәл осы «Әл-Арқа­да­ғы­дай» ұйым­шыл­дық, ынтымақ бай­қа­ла бер­мейді екен.

Аталған тұрғын үй кешенінің тұр­ғын­да­ры Наурыз мейрамымен қоса, Құрбан айтта да құрбандық шалып, аулада қазан көтеріп, үлкен дастарқан басында жи­на­лады. Бұдан басқа да мерекелерде бір-бірінің үйін аралап, құттықтап, айт­тап тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мұндағы жұрт жақыны қайтқан үйдің қайғысын бөлісіп, қолдан келген көмегін аянып қалмайды. Тура ауылдағыдай «ауа райы» орнаған аулада ауылдан келген қа­риялар да жатсынбай, қатарын тауып, қау­қылдасып, балаларының, неме­ре­ле­рінің ортасында бақуат тіршілік кешіп жатыр. Солардың бірі – елордаға Жамбыл облысынан қоныс аударған Пернебек Өтеулі. Алпысты алқымдаған кісі басында астанаға көшерде қатты алаңдағанын айт­ты.

– Балаларымыздың бәрі жұмыс бабы­мен осы жерге орын тепті. Кейіннен біз­ді шақырды. Бірақ кемпірім екеуміз бір шешімге келе алмай жүрексіндік. Ауылда, ағайынның арасында жүре бер­гіміз де келді. Содан ақыры 2006 жы­лы көшіп келіп, бүгінде осы ортаға сіңістік. «Әл-Арқаны» көп қабатты үй емес, қаладан оқшау жатқан ауылымыз сияқты көремін. Өйткені көршілерімізбен бір ауылдың адамдарындай араласып кеттік. Осында тұрып жатқанымызға он жылдай болды. Балалар қаланың басқа тұсынан, заманауи ауданынан жаңа үй алайық дейді. Бірақ біздің бұл жерден кеткіміз жоқ, көршілерімді қимаймын. Қызыма осы тұрғын үйден пәтер алдық. Енді кіші ұлымның да отауын осы жерден сайласақ деп ойлап отырмын, – дейді Пернебек әкей.

Қазақылықтың қаймағы – бұл тұрғын үй кешенінде өзге этнос өкілдері де ынты­ма­ғы жарасып, бақытты өмір сүріп жатыр. Бүгінгідей ұлттық мерекелерден олар да қалыс қалмай, белсенді қатысады. Со­ның бірі – Евгений Овсянников «Әл-Арқаның» тұрғындарына қарап, кезінде осы елге қоныс аударған халықты құшақ жая қарсы алған қазақтардың қандай кең­пейіл болғанын ұғынғанын алға тартты. Ол қашанда көмек қолын созып, құ­рақ ұшып тұратын көршілеріне зор риза­шы­лығын білдірді.

Құт қонған бұл мекенде елорда түгілі, елі­мізге аты мәлім жақсы-жайсаңдар тұ­ра­ды. Бірнеше дүркін «Астана қы­ра­ны» атанған, «Қазақстан барысы» додасында жүлдегер болған балуан Ғани Сейділдаев осы тұрғын үй халқының бір­лігін нығайтатын түрлі іс-шараларды ұйым­дастыруға атсалысып келеді.

– Көршілерімнің татулығын жүрген же­рімде үлгі етіп айтып жүремін. Қандай шар­уа болсын, бір қауым ел болып жұ­мы­ла кірісіп кетеміз. 2017 жылы WhatsApp мессенджерінен көршілердің арнайы чатын аштық. Бұл біздің бірлігімізді одан сайын күшейтетін қадам болды. Осы жерде күнде бір-біріміздің хал-жағ­дайымызды сұрап, хабардар болып оты­рамыз. Үлкен мереке, іс-шаралардан бөлек, былайғы күнде туындайтын көп шаруалар болып қалады ғой. Мысалы, біреудің көлігі бұзылады, біреудің үйіне құрал-сайман қажет болады. Сондай кездерде көршілер көмекке дайын тұрады. Тіпті біреуіміз баламызды балабақшадан алуға үлгермей жатсақ, көршіміз барып алып келеді. Осындай кішігірім әрекеттің өзінен бірлігіміздің мықты екені көрінеді, – дейді Ғ.Сейділдаев.

Былтыр бұл тұрғын үйдің халқы індет қаупі төніп тұрған кезең болғандықтан, Нау­рызды да, басқа да мерекелерді көп­шілік болып тойлай алмады. Індеттің бір­жола беті қайтып, ашық-жарқын, емін-еркін күн келсе, тұрғындар құрбандық шалып, садақа таратып, көпшіліктің басын қосамыз деп отыр екен. Біз де ынтымақ ұйыған мекеннің ырысы арта беруіне тілекшіміз.