Аймақтар • 20 Наурыз, 2021

Жылжымалы кешен ауылдарды аралайды

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығынан шалғайда жатқан Катонқарағай ауданының тұрғындары жылжымалы медициналық кешенде толық тексеруден өтті. Мұндай мүмкіндік күнделікті бола бермейтіндіктен, денсаулығына алаңдаған ауылдағы ағайындардың қатары көп болды.

Жылжымалы кешен ауылдарды аралайды

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінің басты мақсат­тарының бірі – көмек көрсетудің қол­жетімділігі мен сапасын жақсарту. Сондықтан, МӘМС қаражаты есебі­нен ауыл халқына медициналық тұр­ғыда көмек көрсетуді жылжымалы медицина арқылы қолға алған.

Жақында  Катонқарағай ауданы­ның аудандық ауруханасынан ауылдарды аралауға алғаш рет жылжымалы медициналық кешенмен жаб­дықталған автобус шықты. Олар күн райының күрт құбылуына қарамастан, алыстағы Ново-Поляковка ауылына дейін барып қайтты.

Автобусқа қондырылған мобильді диагностикалық медициналық орта­лық­тың бір ерекшелігі – жылы және суық жағдайларда жұмыс істей бе­реді. Мұндағы мамандар күніне 60-қа жуық науқасты медициналық тексеру­ден өткізуге қауқарлы. Меди­ци­на ма­мандарының қатарында нев­ролог, офтальмолог, санолог, педиатр, акушер-гинеколог, зертха­нашы, терапевт бар. Салонда гине­кологиялық тексеру үшін де орын қа­рас­тырылған. Мәселен, акушер-гинеколог 25 пациентті қарап шықса, жалпы практика дәрігері 52 тұрғынды, нев­ропатолог 20, педиатр 6 баланы тек­серді. 20 адам сандық рентгеннен, тағы сонша адам ультрадыбыстық диаг­ностикадан өтті. Көз жанары­ сыр берген 31 тұрғын окулистке­ қаралды. Айтқандай, халық әлеу­меттік медициналық сақтандыру шең­берін­де дәрігерлік қызметтерді тегін алды.

– Жылжымалы медициналық кешен арқылы ауыл тұрғындары толық тексеруден өте алды. Әйтпесе, тек­серілу үшін 60 шақырымдағы аудан орталығына баруға тура келер еді. Ол жақта ұзын-сонар кезек күтуің керек. Әсіресе, бұл қарттар мен балалар үшін қиын. Жылжымалы кешеннің келгеніне ауыл болып қуандық, – дейді Ново-Поляковка ауылының тұрғыны Зинаида Прокопьевна.

Айта кетерлігі, автобус лифтімен және пандуспен жабдықталғандықтан, мүмкіндігі шектеулі адамдарға да аса қиындық туындатпады. Катонқарағай орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Байгерееваның айтуынша, осыдан былай жылжымалы кешен ауылдарға тұрақты түрде барып тұрады. Сол мақсатта жылжымалы медициналық кешеннің шалғай ауылдарға тұрақты бару кестесі жасалды.

 

Шығыс Қазақстан облысы