Қоғам • 24 Наурыз, 2021

Жас кинологтың алғашқы табысы

144 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кинолог қызметін енді бастаған СҚО Мамлют ауданы полиция бөлімінің инспектор-кинологы Әлібек Уәлихановты жануарлармен жұмыс істеу бала кезінен қызықтырған екен. Әлібекке аймақтағы ең тәжірибелі «төрт аяқты полицейлердің» бірі лабрадор-ретривер Амиго тиген. Ол есірткіні іздеу бағдарламасына үйретілген. Бұрынғы кинолог басқа ауданға ауысып кеткен соң соңғы кездері Амиго мәжбүрлі демалыста екен. Осы ит Әлібек Уәлихановқа берілген еді.

Жас кинологтың алғашқы табысы

Жуырда жаңа жұпқа өздерінің біліктілігін сынаудың алғашқы  сәті түсті. Бір үйде есірткі сақталады деген жедел ақпаратты тексеру кезінде Әлібек Амигоны ауланы тексеруге пайдаланды. Ит 100 граммнан астам марихуана оралған пакеттің сақталған орнын тауып берді. Сөйтіп алғашқы қадам сәтті болды.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері есірткі іздеу үшін 15 рет қызметтік-іздестіру иттерін пайдаланды. Оның бесеуі оң нәтиже берді. Иіс арқылы алынған есірткінің жалпы салмағы 15 келіден асты.