Естайға ескерткіш орнату туралы бастаманың біраздан бері көтеріліп келгенін жақсы білеміз. Оның өнері мен өмірін насихаттаудағы олқы тұстың бірі де осы болатын. Енді бұл кемшіліктің де орны толғандай. 1946 жылдың наурыз айында дүниеден озған Естай Беркімбайұлы 75 жыл өткенде қола мүсін кейпінде халықтың ортасына қайта оралды.
Негізі бұл ескерткіш 2020 жылдың желтоқсанында – Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында ашылуы тиіс-тін. Алайда елдегі, Павлодар өңіріндегі эпидемиялық жағдайға байланысты ашылу салтанаты бірнеше мәрте кейінге шегерілді. Ақыры бұл күн биылғы Наурыз мейрамына дөп келді.
ХХІ ғасырдың 2021 жылының 21 наурызында 21 жасар Естай кейпіндегі ескерткіш ел-жұрттың көңілінен шықты. Иә, мүсінде әншінің жастық шағы бейнеленген.
– Естай мен Қорлан арасындағы ғашықтық хикаясын білмейтін адам кемде-кем. Жазылып жүрген деректерге сүйенсек, әнші өмірдегі әрі өнердегі музасына айналған ғашығын шамамен 20-21 жасында жолыққан. Сондықтан біз өмірге ғашық, Қорланға ғашық жас Естайды бейнеледік. Әрине, суреттерде кездесетін Естайдың көпшілік білетін бейнесін жасау да қиындық тудырмас еді. Алайда қаусаған қара шал махаббаттың символы бола алмайды ғой. Мұны өзге жұрт қабылдай алмайды. Сол себепті осындай шешімге келдік. Оның үстіне Павлодар облыстық әкімдігі тарапынан да «Естайдың жас күнін мүсіндеу керек» деген талап қойылды. Бұл бір жағынан дұрыс. Өйткені біздегі ескерткіштердің көбі «қартайып» кеткен әрі шетінен сұсты. Ескерткіш – суреттің дәлме-дәл көшірмесі емес. Оның да өз ерекшеліктері болады. Естайдың қолда бар суреттерін арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы «жасарттық». Сонда қазіргі мүсіндегідей бейне шықты. Оның үстіне жұмыс барысында әншінің ұрпақтарымен тікелей байланыста болдық. Олар процесті бастан-аяқ бақылап отырды. Естайдың жас бейнесі екі немересі Зекен және Сарыторғай апалармен келісілді. Жұмыс барысында сол кісілердің айтуымен біршама өзгерістер де енгізілді, – дейді мүсіннің авторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Азат Баярлин.
Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 8 метрді құрайды. Тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіш Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайының алдына қойылды.
– Қола мүсіннің әнші атын иеленген өнер ордасының алдына қойылуы тегін емес. Мәдениет сарайы Ертіс өзенінің жағасында орналасқан. Ал бұл өзен Естай әндерінде ерекше көрініс тапқан. Сондықтан өнер туындысы оның «Жай – қоңыр» атты әніндегі «Жағалап Қара Ертісті Естай ақын...» деп келетін өлең жолдарымен үндесіп жатқандай. Естайдың жас күнін бейнелеу туындының тың жаңалығы болды. Ашылу салтанатында бірнеше адамның пікірін құлағымыз шалып қалды. Көбіне ұнаған секілді. Демек, еңбектің ақталғаны, – дейді ескерткіштің сәулетшісі Болатбек Қонысбай.
Айтпақшы, мүсіннің авторы Азат Баярлин бұған дейін елордадағы Сәкен Сейфуллин, Омбы қаласындағы Шоқан Уәлиханов, Степногор шаһарындағы Қаныш Сәтбаев ескерткішін жасағанын атап өткен жөн. Енді оның қатарын Естай Беркімбайұлының қола мүсіні толықтырды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан мәртебелі меймандардың қатарында Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, әйгілі опера әншісі Мария Мудряк, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Меруерт Түсіпбаева және Естайдың ұрпақтары бар.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, әйгілі Естайдың ескерткішке айналып, халықпен қайта қауышуы өңір тарихындағы ерекше оқиға.
– Осыдан біраз уақыт бұрын Павлодар қаласында Абайдың ескерткіші қойылды. Бүгін Естайды ұлықтап жатырмыз. Бұл біздің ата-бабаларға деген құрметіміздің белгісі әрі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған тартуымыз, – деді Ә.Сқақов.
Ескерткіштің ашылуына санаулы сәттер қалғанда мынадай қызық бір оқиға орын алды. Мүсіннің бетін жапқан ақ мата бірнеше жігіттің мықтап ұстап тұрғанына қарамастан, өздігінен сыпырылып жерге түсті. Осылайша, бірнеше адам жан-жақтан тартып ашуға тиіс ескерткіш табиғаттың тылсым күшімен өзі-ақ ашылды. Бұл көрініс жиналған жұртшылықты қайран қалдырмай қойған жоқ.
– Естайдың өмірінде желдің орны бөлек. Иә, кәдімгі жел. Бүгін соған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Ақкөл-Жайылма атырабында Жеміс әулие деген аруақты адам өткен. Ол «Естай, сені жел есіп өтеді, ескен желде несібең бар, атақты адам боласың» деп бата берген екен. «Ауылдың бір аттылы адамына мінгесіп ауылға қайттым. Жолда самал жел есіп өткендей болды. Аттан түскенде әуендетіп, ән салып түстім», – деген Естайдың естелігі ел арасында кеңінен таралған. Бұл бір. Екіншіден, Естай әнді уілдеп айтатын болған. Жалпы, бұл Ақкөл-Жайылма атырабындағы әншілерге тән ерекшелік. Оны баянауылдық әнші Мұстафа Бүркітбайұлының мына бір әнінен аңғаруға болады: «Ақкөлге барғанымда әнге салдым, Елінен Қанжығалы өрнек алдым. Баласы Сүйіндіктің әнге құмар, Уілін, ырғағымен алып қалдым». Бұл жердегі «уіл» әннің орындалуына, нақты айтсақ вокалдық көркемдігіне қатысты болып тұр. Уіл желге де, Естайға да тән болып тұр. Ерекше үндестікті осыдан да аңғаруға болады. Үшіншіден, Естай ескерткіші ашыларда болмашы ғана жел соғып өтті де, мүсін жасырылған ақ мата өздігінен сыпырылып түсті. Мұнда да тылсым бір сыр жатқандай, – дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев.
Әнші Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, Естай тірісінде-ақ әндерімен өзіне ескерткіш орнатқан адам. «Ендеше, бұл ескерткіш Естайға емес, бізге, бүгінгі ұрпаққа керек. Естайдай таланаттың есімі, өнері ұрпақ жадынан өшпеуге тиіс. Өшпейді де. Ескерткіштің ашылуы – мәдени шара ғана емес, ұрпақтар арасындағы сабақтастық», деді ол.
– Естай музыкаға әуес жандарға бағыт нұсқар шоқ жұлдыз іспетті. Мәселен, менің өнердегі жолым Естай атын иеленген мәдениет сарайында басталды. Оның әндері адамның ішкі әлемінің тілі секілді. Бір ғана «Қорлан» әнінің өзі неге тұрады. Бұл ән адамдарды әлі күнге таңғалдырумен келеді. Осы тұрғыдан алғанда оны ұлы композитор Джузеппе Вердимен салыстыруға болады. Естай – әлемде сирек кездесетін тума талант. Мұндай композитолар өте аз, – дейді Мария Мудряк.
Өкінішке қарай, ескерткіштің ашылуына Естайдың көзі тірі қос немересі Зекен апа мен Сарыторғай апа келе алмады. Десе де, әншінің өзге ұрпақтары айтулы оқиға орнынан табылды. Олар Естайға ескерткіш қою туралы бастама көтерген азаматтарға, оны қолдап, қуаттаған облыс басшылығына, идеяны бар өнерін салып жүзеге асырған мүсінші-сәулетшілер тобына әнші әулетінің атынан алғыс айтты.
Әнші ұрпақтары Естайдың өнерін насихаттауға қатысты аз-кем ұсыныстарын да жеткізді. Біріншіден, кезінде бірнеше мәрте ұйымдастырылып, кейін үзіліп қалған Естай атындағы республикалық дәстүрлі ән конкурсын жалғастыруды сұрады. Екіншіден, Естайға қатысты бұрын жазылған дүниелерді соңғы жылдары жарық көрген материалдармен толықтырып, бәрінің басын біріктіріп, бір кітапқа топтастыру керектігі туралы өтініш айтты. Сондай-ақ Естай мен Қорланның ғашықтық хикаясы көркем фильмге сұранып тұрғанын жеткізді. Бұдан бөлек, облыс әкімінен өткен жылдың соңында белгісіз себептерге байланысты Екібастұз қаласында тұрған жерінен алынып тасталған Естай бюстіне қатысты мәселені назарға алуды сұрады. Өз кезегінде Әбілқайыр Сқақов айтылған бастамаларға барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бұл күні ескерткіштен бөлек, Естай атындағы мәдениет сарайының ішінен «Бір мысқал» дәстүрлі ән орталығы ашылды. Оған дәстүрлі әнші Ербол Айтбаев жетекшілік етеді. Сонымен қатар шара аясында «Qagan» этно-фьюжн тобының тұсауы кесілді.
Шаһар сәнін асыратын Естай ескерткіші ғашықтардың сөз салып, бас қосар, үлкен өмірге қадам жасар көрнекті орнына айналады деген сенім бар.
ПАВЛОДАР