Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, шамамен әр 10-пациент COVID-19 инфекциясының алғашқы белгілері байқалған соң 19 аптадан кейін өзін нашар сезінеді. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, ДДҰ Еуропалық бюросы аймақта Covid-19-дан кейін асқынуы бар пациенттер көбейеді деп отыр. «Созылмалы COVID» денсаулық сақтау жүйесінің барлық компонентіне айтарлықтай кері әсер етеді, сондықтан медицина жүйесін нығайту қажет.
ДДҰ мәліметтері бойынша, көптеген адам ауруханаға жатуға мұқтаж болмаса да инфекциядан кейін денсаулығының қалпына келуі қиын және көбінесе бірнеше апта немесе айға созылатын функционалдық бұзылулардан зардап шегеді. Кейбір жағдайда пациенттерден одан да ұзақ және ауыр функционалдық бұзылу байқалады.
– Пациенттер Covid-19 немесе «созылмалы COVID-тан» кейінгі асқынулар деп атайтын бұл жаңа патологиялық жағдай әлі де шектеулі. Алайда, біз бұл туралы ақпарат жинаудамыз. Бұл жиын – аймақтағы COVID-19-дан кейінгі асқынуларға арналған алғашқы шара. Ол әрі қарайғы бірлескен іс-қимылдарға негіз болады», деді ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клуге.
Әлем жұртшылығымен бірге Қазақстан да жаңа коронавирус инфекциясына алғаш рет тап болды. Инфекцияның алдын алу және індетті анықтау мақсатында әлемдік тәжірибені, халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын және республиканың заңнамасын ескере отырып, эпидемияға қарсы іс-шаралар қабылданды және жүргізіледі.
КВИ пандемиясы денсаулық сақтау саласының мамандарына жедел диагностика мен емдеуге ғана емес, сонымен қатар пациенттерді динамикалық бақылау мен оңалту шараларын қамтитын сапалы медициналық көмек көрсетуге байланысты міндеттер қойды.
Постковидтік асқынулардың алдын алу мақсатында клиникалық хаттамаға сәйкес стационар деңгейінде прон-позицияны, виброакустикалық массаж және тыныс алу гимнастикасын пайдалана отырып, ерте оңалту жүргізіледі, сондай-ақ қажет болған жағдайда психологиялық қолдау көрсету үшін психологтер, психотерапевттер тартылады.
Амбулаториялық кезеңде медициналық оңалту бойынша 2 және 3 кезеңдердің клиникалық хаттамасы шеңберінде оңалту іс-шаралары көрсетіледі, коморбидті фоны бар пациенттер үшін бейінді мамандардың динамикалық бақылауы ұйымдастырылады.
«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 49 оңалту орталығы бар, оның 3-і – республикалық балалар орталығы, 46-сы – өңірлік деңгейде. 567 медициналық ұйымда оңалту көмегі көрсетіледі, оның ішінде мемлекеттік ұйымдар – 268, жеке меншік ұйымдар – 74», деді А.Ғиният.
«Аурудың ағымына, нәтижесіне және салдарына әсер ететін факторлар кешенін зерттеу, сондай-ақ LongCovid және постковидтік синдромын уақтылы анықтау мен емдеу үшін 2020 жылдың желтоқсанында Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталық және Республикалық диагностикалық орталық базасында постковидтік орталық ашылды», деді Денсаулық сақтау вице-министрі.
3 ай ішінде орталықта 412 пациент, оның ішінде Covid-19 коронавирус инфекциясынан кейін 312 ересек адам және 100 бала тексерілді. Қанатқақты жобаның қорытындысы бойынша ересектер арасында (18 жастан асқан пациенттер) постковидті синдромның негізгі көріністері иммун тапшылығы – 92%, когнитивті бұзылулар – 60%, өкпенің желдету функциясының бұзылуы – 16,6%, бронхоэктаздар және буллезді өзгерістер – 12,8%, атеросклероздың үдеуі – 3,2%, артериялық гипертензия алғаш рет диагноз қойылған – 6,1%, бұрын жүргізілген гипотензивті терапияға резистентті артериялық гипертензия – 43,27%. 1 жастан асқан балалар арасында: иммун тапшылығы – 78%, құрсақ қуысы ағзаларының патологиясы – 55%, гепатомегалия – 4%, өт қабының деформацияланған қабынуы – 45%, панкреатиттің өршуі – 6% және басқалары, бүйрек патологиясы – 13%, эндокриндік патология – 22%, көру ағзаларының патологиясы – 26%.
А.Ғиният хабарлағандай, пациенттерді тексеру нәтижесі бойынша медициналық ұйымдарда созылмалы КВИ салдарын анықтау, бағалау және басқару кезеңдерін, сондай-ақ созылмалы КВИ және постковидті синдромы бар пациенттер үшін өзін-өзі бақылау бойынша ұсынымдарды қамтитын әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Қазір аталған тәжірибені республика бойынша енгізу жұмыстары жүргізілуде.