Қоғам • 25 Наурыз, 2021

БҰҰ: 20-дан астам елді аштық жайлайды

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БҰҰ агент­тік­тері саяси қақ­ты­ғыс­тар, пандемия мен кли­мат­­тың өзгеруі алдағы уақытта мил­лион­даған адамның өміріне теріс әсер ететінін хабарлады.

БҰҰ: 20-дан астам елді аштық жайлайды

Дүниежүзілік азық-түлік бағдар­ла­масы (WFP) және Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы ((FAO) сейсенбіде жариялаған БҰҰ баяндамасында «әлемдік қауымдастық жақын арада шара қолданбаса, 20-дан астам елде аштық күшейеді» делінген. Әлемде қазірдің өзінде 34 миллион адам аштық құрсауында, олардың аштан өліп кету қаупі де жоғары.

«Бұл жағдай біздің көз алдымызда өрбіп жатыр. Саяси қақтығыстар, климаттың өзгеруі мен пандемия салдары миллиондаған адамның аш қалуына себеп болуы мүмкін», дейді Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бисли. Жағдай соғыстан көз ашпаған Йеменде, Оңтүстік Суданда және Нигерияның солтүстігінде аса ушығып тұр. Ауғанстан, Сирия, Ливан және Гаити халқы да аштықтың алдында тұруы мүмкін. Сарапшылар бұл үшін аталған елдерге гуманитарлық көмек беруді қолға алу керектігін айтады.

«Бізге миллиондаған адамды аман алып қалу үшін шұғыл түрде үш нәрсе керек: соғысты тоқтату, осал топтарға көмек көрсету және осы жылы сұраған 5,5 миллиард доллар көлемінде көмек көлемін ұлғайту үшін донорлар қажет» деп толықтырды Д.Бисли.