«2016-2020 жылдар аралығында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өспелі қорытындымен 15,4 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды, оның 5,4 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылып, 5,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ал 4,4 млн гектарды сот органдары арқылы алып қою жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді министр.
Министр мәлім еткендей, 2019 жылы заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін, 2020 жылдың қаңтарынан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингілеу жөніндегі қанатқақты жоба іске қосылды. 2020 жылғы желтоқсандағы жай-күй бойынша аталған өңірлердегі қанатқақты жоба аяқталды.
«Ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша қанатқақты өңірлерде 8,3 млн га анықталды, бұл негізінен 7,6 млн га жайылым, 0,7 млн га егістік жерлер. Оның ішінде 2,2 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта тартылып, 2,6 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, 3,5 млн гектар бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап ғарыштық мониторинг республиканың бүкіл аумағында қолданысқа енді», деді С.Омаров.