Аймақтар • 25 Наурыз, 2021

Шымкентте «Әл-Фараби мұрасы өркениет қазынасы» тақырыбында конференция өтті

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы  ғылыми-әмбебап кітапханада  «Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкентте «Әл-Фараби мұрасы өркениет қазынасы» тақырыбында конференция өтті

Ғылыми маңызды жиын ұлы ғұлама Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналған. Конференцияны Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ашып берді.

- Бүгінгі конференция республикалық көлемде өтіп жатыр. Шымкент қаласы Әл-Фараби мұрасын терең зерттеуге үлкен басымдық беріп отыр. “Отырар” кітапханасына Әл-Фарабидің атын беріп, болашақта “Фарабитанушы” кітапхана ету жоспарымызда бар. Себебі, ғұлама Шымкент пен Түркістанның арасында - Отырарда білім іздеп, шығысқа барып ғылым шыңына шыққан. Сондықтан мұндай үлкен кітапханының Әл-Фарабидың атымен аталуы заңдылық, деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Сондай-ақ конференция барысында шығыстанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі аталған жиынның мән-маңызына тоқталды.

- Былтырдан бастап әлемнің мұсылман халқы, Қазақстан жұрты кемеңгер ұлы тұлға Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын тойлауда. Күні кеше дәл осындай конференция Египет астанасы Каир қаласында өтті. Араб ғалымдары маған “Әл-Фарабидың отанынан келіп отырсыз” деп сый-құрмет көрсетті, мен де “ Ұлы даланың дара перзенті” атты баяндамамды Әл-Фараби жазған тілде - араб тілінде оқыдым. Ұлы ойшыл бабамыз - энциклопедист ғалым. Ол ғылымның барлық саласында қалам тербеген. Әлемнің екінші ұстазы өз заманында алғаш рет ғылымды классификациялаған, жіктеген. Ол мынау музыка, мынау әдебиет, мынау математика деп адамзатқа әр саланы ажыратып берген ағартушы, деді Әбсаттар Дербісәлі.

Басқосуда белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім сөз алып, ұлы ойшылдың ғылымға қосқан үлесі елеулі екенін атап өтті.

- Х ғасыр бұрын өмір сүрген бабамызға құрмет көрсетіп жатқан шымкенттіктер, жарайсыздар. Уақыт өтіп, тарих жаңарды. Бірақ Әл-Фарабидың айтқанын Қазақ елі бүгінгі күнге дейін ұмытқан жоқ. Неге сөз ескірмеді, жойылмады? Себебі дана халық оның сөзін шашпай-төкпей бізге жеткізді. Бұл - мұсылмандық пен түркі тілдіктің арқасы, деді Ғарифолла Есім.

Аталған іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері Мархабат Байғұт, Саттар Мажитов, Үмітхан Мұңалбаева, Баршагүл Қашқанқызы және Абдулла Жұмашев қатысуда. Сонымен қатар, Францияның еңбек сіңірген профессоры Альберт Фишлер мен АҚШ-тың Огайо университетінің профессоры Джеймс Патрик онлайн қосылып, ағартушы ғалымды ұмытпай, еңбектерін өскелең ұрпаққа танытып жатқандары үшін Қазақ еліне алғысын білдірді.

Конференция аяқталған соң, қатысушылар Ж.Шанин атындағы драма театрында сахналанатын  “Әбу Насыр Әл-Фараби” тарихи драмасының қойылымын тамашалайды.