Аймақтар • 25 Наурыз, 2021

МӘМС: Жұмыс берушілер қызметкерлерін 31 наурызға дейін сақтандырулары тиіс

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы 30 мың кәсіпорынның жалдамалы қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалуы мүмкін, деп хабарлайды Еgemen.kz

МӘМС: Жұмыс берушілер қызметкерлерін 31 наурызға дейін сақтандырулары тиіс

Бұл мәселе Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың қатысуымен МӘМС мәселелері жөніндегі Өңірлік штабттың отырысында сөз болды.

Медициналық сақтандыру қорының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, шағын және орта бизнес қызметкерлері МӘМС пакетінен медициналық көмек алуы үшін олардың жұмыс берушілері 2021 жылдың 31 наурызына дейін жалдамалы жұмысшылар туралы ақпарат беруі тиіс.

Өткен жылдың сәуір айында 2020 жылдың 1 қазанына дейін салық пен әлеуметтік төлемдер үшін «нөлдік» мөлшерлемені пайдаланатын ШОБ тізімі бекітілген болатын. Аталған жеңілдік ҚР Үкіметінің №721 қаулысына сәйкес жыл соңына дейін ұзартылды. Яғни, жалдамалы жұмысшылар 9 айға аударымдар мен жарналардан босатылды.

Қордың сайтында шағын және орта бизнес өкілдері қызметкерлер туралы мәліметтерді нақтылауды 2020 жылдың соңына дейін тұрақты түрде жүргізіп келді.

«Жалпы, Алматы қаласы бойынша 116 604 ШОБ төлемнен босатылды. Осы жылдың наурыз айының басындағы жағдай бойынша, олардың тек 73,6%-ы (85 781) қызметкерлердің тізімін нақтылады немесе МӘМС үшін аударымдар мен жарналарды төледі, қалған 26,4% (30 823) өз қызметкерлері турлы қажетті мәліметтерді бермеді. Сондықтан жұмыс берушілер ШОБ қызметкерлерін сақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, деректерді Қор сайтына енгізулері қажет», - деп түсіндірді Тілеухан Әбілдаев.

Оны қалай жасау керек?
• Жұмыс беруші msb.fms.kz сілтемесі бойынша өтуі керек;
• Заңды тұлғаның немесе ЖК ЭЦҚ көмегімен қордың ақпараттық жүйесінде тіркелу және пайдаланушы келісіміне қол қою;
• Қызметкерлердің ЖСН қосу (бұны бір Excel файлымен, сондай-ақ әрбір жеке қызметкерге жол арнап жасауға болады);
Қызметкердің деректері талаптарға сәйкес келсе МӘМС жүйесінде оның мәртебесі 30 минут ішінде жаңарады.

Салық және әлеуметтік төлемдер үшін «нөлдік» мөлшерлемені пайдаланатын ШОБ-тың 29 санатының толық тізімімен Үкіметтің «Салық салу мәселелері бойынша экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» №224 Қаулысы арқылы танысуға болады.