Экология • 26 Наурыз, 2021

Арал тағдыры – адам тағдыры

7427 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдағы Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық Арал апатының зардабын аймақ елдері әлі күнге тартып отыр. Халықаралық Аралды құтқару қорының мәліметтері бойынша 4 млн гектардан астам жердің тозуы салдарынан аймақтың экономикалық шығыны жылына 4,5 млрд долларға жетіп, теңіздің құрғау салдары Әмудария және Сырдария өзендері атырабында қоныстанған 5 млн-ға жуық тұрғынның өмір сүру сапасына теріс әсерін тигізген.

Арал тағдыры – адам тағдыры

Коллажды жасаған Зәуреш СМҒҰЛ, «ЕQ»

Халықаралық Аралды құт­қару қорының Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы атқарушы дирек­ция­сының (әрі қарай ХАҚҚ ҚР ат­қару­шы дирекциясы) директоры, гео­графия ғылымдарының кан­ди­даты Болат Бекнияз транс­шекаралық мәселелерді кешенді шешу арқылы Арал аймағы мә­селесінен түбегейлі арылуға бо­ла­тынын айтады. «Осы уақытта Халық­аралық Аралды құтқару қоры­ның Арал теңізі бассейніне қатыс­ты жүзеге асырған 3 бағ­дар­ламасы нәтижесін беріп отыр. Ендігі кезекте төртінші бағдар­лама әзірленуде. Аймақтық мә­се­лелерді қамтитын құжат, отыз жылға жуық мерзімде қор­да­ланып келген мәселелерді шешіп, аймақта экономикалық, эко­ло­гиялық, әлеуметтік жобалар­ды жүзеге асыруға мүмкіндік бере­ді», дейді Б.Бекнияз.

Трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімдердің тарихына үңілсек, 1992 жылы мемле­кетаралық су көздерін пай­­далану мен қорғауды бірле­сіп басқару саласында ынтымақ­тас­тық, мемлекетаралық үйлес­тіруші су шаруашылығы комиссиясын (МҮСШК) құру туралы келісімге қол қойылды. 1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өз­бек­стан, Тәжікстан мен Түрік­менстан мемлекеттерінің басшылары Арал теңізінің дағдарысы мəселелерін шешу бойынша бір­лескен келісім жасады. Оны іс жүзіне асырудың тетіктері осыдан 28 жыл бұрын, 1993 жылы Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен Халықаралық Арал­ды құтқару қоры (ХАҚҚ) жəне Орталық Азия елдерінде бөлімшелерінің құрылуымен тығыз байланысты. Ал 2017 жылы Қызылорда қаласында өт­кен Арал теңізі бассейнін тұрақ­ты дамыту бойынша бірінші ха­лық­­аралық форумда 26 наурыз Арал теңізі күні деп белгіленді. 

«Арал аймағын сауықтыруға бай­ланысты көптеген халықаралық келісімге қарамастан әр мемлекет өз мәселесін өзі шешіп келеді. 2018 жылы Түрікменстанда өткен ХІІ саммитте Елбасы Н.Назарбаев Су-энергетикалық консорциумын құру туралы мәселеге ерекше ба­сым­дық берді. Бұл Арал мәсе­лесін шешуге бір­лескен күш-жігер қажет­тігін ай­қын­дап берді. Сол жылы Халық­ара­лық Аралды құтқару қоры­ның мәр­тебе­сі де айқындалып, Арал апаты­нан туын­даған экологиялық мәсе­ле­лерді шешуде, осыған байланыс­ты әлеу­мет­тік-экономикалық жобалар мен бағ­дарламаларды жүзеге асыруда әмбебап алаң болып белгіленді.

Бүгінге дейін туындап келген Арал аймағы мәселесінде Қырғызстан мен Тәжікстанды энергетика, ал Қазақстан мен Өзбекстанды суармалы жерлер мәселесі алаңдатып келді. Бірінің егіні күйіп жатса, екіншісін энергия тапшылығы толғандырды. Осы мәселелерді шешуге мемлекет­тер арасында жасалған көптеген халық­аралық келісімшарт та дәр­менсіз болды. Ал ауызбіршілікке келе алмай отырған аймақ елдері үшін Су-энергетикалық консорциу­мын құрудың маңызы да, экономикалық тиімділігі де жоғары. Б.Бекнияздың айтуынша, консорциум жылдағы нәтижесіз жиындардың алдын алып қоймай, туындаған өзекті мәселелерді бір жерден шешуге мүмкіндік береді. Кейбір деректерге сүйенсек, трансшекаралық су жөнінде ынтымақтастық болмаса, мемлекеттер жылына 30-40 млрд доллар шығынға ұшы­райды, егер де ортақ мәміле дұ­рыс жолға қойылса, онда жылына 7 млрд теңгеден астам пайда көруге болады.

Халықаралық Аралды құтқару қоры бүгінде 40-тан астам мемлекет­ті біріктіретін, Хельсинкиде қабылдан­ған Су конвенциясымен бірлесе жұмыс істеуге қол жеткізген. Трансше­к­ара­лық конвенция – суды қалай пайда­лану және бөлісу керектігін жан-жақ­ты қарастыратын маңызды алаң. Кон­венция бүгінге дейін Еуропа бөлі­гіндегі су мәселесіне қатысты бол­са, ендігі кезекте Орталық Азия ел­­дерінен Қазақстан, Түрікменстан, Өз­бек­станды да қамтитын болады. 2018 жылы Бразилияда үш жылда бір рет өтетін 8-ші Су форумына қатыcу қазақстандық тарап үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, Тай­ландта өткен ЭСКАТО қор­ша­ған ортаны дамыту жөніндегі комитет­тің V сессиясында Қор мамандары БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесіп, Арал мәселесін көтеріп, фотокөрме ұйымдастырды. Бұл өз кезегінде аймақ мәселесіне дүние­жү­зілік қауымдастықтың назарын та­ғы бір аударуға мүмкіндік берді. Ал өткен жылы Орталық Азия­­дағы су мәселесіне қатысты өт­кен Берлин кез­десуі Еуроодақтың 2020-2030 жылға дейінгі стратегиясын­да Арал әлемдік апат ретінде емес, «Жасыл Орталық Азия» бастамасына негіз болды. Сонымен бірге Арал теңізінің «Жасыл белдеу құру» жобасы Дүниежүзілік банк пен Қазақстанның «Аралдың солтүстік бөлігін қалпына келтіру және аймақтық даму» жобасына енді.

1

Қазақстан шикізат бағытындағы ел болғандықтан, экологияға келетін зиян көп. Осы орайда Дирекция жұмысының нәтижесінде еліміздегі экологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық жобаларға осы жылдарда 240 млн тең­геге тегін грант тартылған. Мыса­лы, былтыр Германия Халықара­лық ыңтымақтастық қоғамының (GIZ) қар­жыландыруымен Арал ауданындағы Көкарал бөгетінде балықты сақтап қалу қондырғысы орнатылды. 150 млн теңгеге орнатылған қондырғы жылына 4 мың тоннаға жуық балықты сақтап қалуға мүмкіндік береді.

 

Отандық кәсіпкерлердің көмегіне зәру

Экологиялық аймаққа грантпен қоса, отандық кәсіпкерлердің қолдауы да қажет. Осы орайда ХАҚҚ ҚР ат­қару­шы дирекциясы Нұр-Сұлтан қала­сындағы Халықаралық қаржы ор­та­лығының «Жасыл қаржы» орта­лығымен келісімшартқа отырып, маңыз­ды жобаға қол жеткізгелі отыр.

Бүгінде Қызылорда облысының Арал теңізіне дейінгі 600 шақы­рым­дағы Арал, Қазалы аудандары Арал-Сарыбұлақ су жүйесі арқылы жерасты суын алады. Нәтижесінде, бұл өңірде ауру саны да азайған. Шиелі мен Жаңақорған жағы суды Түркістан облысынан алатындық­тан, бұл маңдағы судың сапасы да жақсы. Ал Қызылорда қаласы, Жалағаш, Жосалы, Қармақшы, Сырдария аудандарындағы ауыз су ащылау келеді. Өңір тұрғындары жартылай жерасты, жартылай Сырдария өзенінің суын тұтынуда. Алайда Сыр­дария суын ауыр металдардан, пес­тицидтерден тазарту өте қиынға соғатындықтан, өңірді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Кеңес заманында табылған, Қарағанды мен Қызылорда шекарасындағы Жосалыдан 130 шақырымдағы су көзін ашу жоспарда тұр. Ендігі кезекте сапалы суды Қызылорда, Бай­қоңыр мен 80-нен астам елді мекенге жеткізу жұмыстарына бизнес­ті тарту көзделуде. Сонымен бірге Сыр­да­рия­ның өзінде көптеп сана­­латын ги­дро­тораптардың жұмы­сын тиімді пайдалану үшін дайын тұр­ған кешенде кіші гидростансалар салу қажет. Жоба кіші өзендерді пай­да­лан­ғаннан гөрі су кешендері жанында шағын ГЭС-тер орнату арқылы электр энергиясы көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Оның нәтижесін ел бірнеше жылда көрмек.

Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу – өңір­дегі өзекті мәселенің бірі. Аймақ­тағы полигондарда жаңа тастал­ған қалдықтар өртелгенімен, қайта өңдел­мейтіндіктен, осы полигондарды залалсыздандыру мен жою мәселесі өзекті. Бүгінде Жапония мен Қытай тәжірибесінде қолданылатын мұндай өндірістің аймақ үшін тиімділігі жоғары. Нәтижесінде, плазмалық пеш­терде тыңайтқыштар, май мен мазут, инертті материалдар шығару мүм­­­кіндігі бар. Сонымен бірге өңір эко­ло­­гиясын жақсарту мақсатында 2 млн доллар қаражат бөлгісі келіп отырған компанияға Қазалы мен Арал аралығындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолының жиегін көгал­дандыру жобасы ұсынылған. Мемле­кет­­терді байланыстырып жатқан көлік жолының жиегі көгалданатын болса, бұл аймақтағы микроклиматтың өзгеруіне де, жайылымдық жерлердің көбеюіне де ықпал етпек.

 

Арал балығына сұраныс көп

Бүгінде Арал теңізі балығына әсіре­се Ресей, Германия, Батыс Еуро­па елдері қызығушылық танытып отыр. Балықтың сапасы да, салмағы да халықаралық стандартқа сай келеді. Теңізден жылына 8 мың тонна балық ауланса, оның тең жартысы экспортқа жөнелтіледі. ХАҚҚ ҚР атқарушы ди­рек­циясы мамандарының болжамы­на сәйкес, жартылай өңдеп сатылған балықтың құны шекара асқанда екі-үш есеге қымбаттайды әрі соның салдарынан теңізде балықтың азайып кету қаупі бар. Сондықтан аумақта өткен ғасырдың отызыншы жылдары салынған ескірген тәлімбақты қалпына келтірумен қатар, жаңасын салу қажет. Балықты аулап, қолма-қол сатып үйренген балықшылар ауқымды жобаларға баруға жүрексінеді. Ал базарда сатылғанымен, аралдықтардың өзі балыққа зәру. Бұл мақсатқа қаражат та, технология да, мамандар да керек. Балық шаруашылығы бір жүйеге келсе, оның пайдасын өңір жұртшылығы ғана емес, ел экономикасы да көреді. Сол себепті 2021-2030 жылдарға арналған Қызылорда облысының балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қолға алынды.

Бүгінде Халықаралық Аралды құтқару қорынан басқа да халық­аралық ұйым гранттары есебінен жүзеге асып жатқан бизнес жобалар бар. Бірақ оның барлығы тәжірибе жетіспегендіктен дұрыс жолға қойылмаған. Көкөністердің бағасы өте қымбат. Өңірде шұбат, жүн, қауын-қарбызды қайта өңдеу өндірісі сұра­нысқа ие. Сырдария өзенінен алыс орналасқан елді мекендерде су тап­шы­лығына байланысты бақша өсіруге мүмкіндік жоқ. Осы орайда Арал қаласында бизнес-инкубатор жасау жобасын жолға қойып, цехтар жұмы­сы мен жылыжайларды дамыту жос­парда тұр. Мұның барлығы эколо­гияға залалсыз жасыл экономика бағытында жүзеге асатын болады.

 

Туроператор қызметі – маңызды міндет

Шетелдік туристерді табиғаттан гөрі Арал мен Байқоңыр өлкесінің тарихы көбірек қызықтырады. Осы орайда «Қамыстыбас» көлінің жағалауында «Эко-Арал» ғылыми-туристік орталығын құру мен ГИС технологиялары негізінде Қызылорда облысының атласы мен Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің интерактив­ті электронды карталары жасал­ды. Енді оны туризмді дамыту мақ­са­тын­да пайдаланып, Арал қаласы­нан туроператор жасақтау қажет. Ол үшін осы өңірдегі екі колледжде сала маман­­­дарын даярлау міндеті тұр. Егер де туризм, қонақүй бизнесі маман­­­дары даярланса, ауылдарда шағын қонақүйлердің де жұмысы жан­­данады. Еуропалық одақ және Орта­лық Азия ынтымақтастығы стра­те­гиясы шеңберінде осы жылы «Эко-Арал» ғылыми-туристік орта­лы­ғында «Кендиртекс» жобасы б­ойын­ша ғылыми-зерттеу жұмыс­тары басталады. Бұл жоба аясында Арал өңірінде шөлге төзімді, тиім­ділігі жоғары және суды аз қажет ете­тін ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын өсіру жоспарланған. Соны­мен бірге туризмді дамыту мақ­сатын­да «Барсакелмес» қорығы база­­сында Aral sea Geopark атауы­мен геологиялық паркі жұмыс істей­тін болады. Бұл аумақта көне тарихы бар Жанкент пен Жент қала­шығы, Қарауылтөбе, Солтүстік Арал маңындағы Тораңғылсай жәді­гер­лері экологиялық туризмді дамы­туға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл маңдағы ғылыми-зерттеу жұмыстары қатаң бақылауды қажет етеді. Өйт­кені аймақтағы тарихи нысандар қор­ғауға алынбаған. Соның сал­дарынан бұл маңға шетелдік зерттеу­шілер емін-еркін келіп, өз бетінше зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүр. Ғылыми-туристік орталықтың жұ­­мыс­ының жандануы көптеген мә­се­ленің шешілуіне ықпал етері сөз­сіз. Сонымен бірге өткен жылы Еуро­одақтың «Орталық Азиядағы НЕКСУС диалог» жобасы шеңберін­де Арал теңізінің құрғап қалған түбін көгалдандыру, сексеуіл өсірудің жабық тамыр жүйесі әдісін қолдану сынақ жобасы ретінде қолға алынды. Жобаның мақсаты теңіздің құрғап қалған бөлігінде өсімдіктерді көбейту десек, осы орайда экономикалық тиімділігі жоғары бадам, пісте сияқты дәнді-дақылдарды өсіру мүмкін­діктері де зерттелетін болады.

 

Арал кемелері – әлем назарында

Арал өңірінде тағы бір назар аударатын мәселе − қараусыз қалған кемелер жайы. Кезінде Арал теңізінде жүзден астам кеме, балық аулау флотилиясы, әскери кемелер болғаны белгілі. Арал суы тартылып, атырап құрғап қалған кездерде шөл бетіндегі кемелер әлем назарын аударды. Бүгінде туристер өткен жылдарда түсірілген суреттерге қарап, осы маңға кемелерді іздеп келеді. Алайда қиын дағдарысты жылдарда сол кемелердің көпшілігі кесіліп, темір-терсекке өтіп кеткен. ХАҚҚ ҚР атқарушы дирекциясының, облыс әкімшілігінің және «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының мамандары «Возрождение» аралына экспедиция кезеңінде 13 кеме тауып, оларды сақтап қалып, экологиялық және ғылыми-танымдық туризмнің негізіне айналдыруды көздеп отыр. Мұндай кемелер көрші Өзбекстанда аз болса да сақталып қалған. Өзбек елін­дегі кемелер мен мұражайға бүгін­де туристер үлкен қызығушылық білдіруде.

Биыл ХАҚҚ ҚР атқарушы дирек­циясының мамандары Арал теңізі бассейнін тұрақты дамыту бойынша ІІ халықаралық форум өткізуді жоспарлап отыр. Соның аясында Солтүстік Арал теңізі, Көкарал плотинасы, «Ақлақ» гидрокешені, Сырдария сағасы, «Эко-Арал» ғылыми туристік орталығы, құландар, ақбөкендер мекені, «Барсакелмес» қорығы, Оңтүс­тік Аралдың құрғап кеткен аумағы мен «Кердері» қалашығы мен мав­золейі, палеонтологиялық фау­на­сы­мен ерекшеленетін Аралдың сол­түс­тік жағалауларына экспедициялар жоспарлануда.

 

P.S. Бүгінде Аралдың су деңгейіне қатысты негізді, негізсіз пікірлер көп. Теңіздің таяз жерлері күн ыстықта тартылып кетеді, ал оның мезгілдік ауытқып отыру мөлшері қандай болатыны мамандарға мәлім. Аралды құтқару қорының мамандары қажетті мөлшерді сақтап тұру үшін теңіздің екінші деңгейін жасау қажеттігін алға тартады. Осыған орай биыл аймақта түсіндіру жұмыстары қолға алынып, қор тарапынан кешенді жобаларды қаржыландыру бойынша жоспар дайындалып, аймаққа грант тарту мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Осы бағытта ХАҚҚ атқарушы дирекциясы тарапынан Дүниежүзілік банкке үш жыл ішінде бірнеше маңызды жобалар ұсынылып, банк мамандарын Арал теңізі өңіріне апарып, таныстыру жұмыстары жүргізілген. Жобаның құны 190 млн долларды құрайды. Ең маңыздысы сол, Дирекция мамандарының жоспарында таяу жылдарда еліміз үшін өзекті болып келген Арал мәселесін түбегейлі шешу міндеті тұр.

 

АЛМАТЫ