Пікір • 26 Наурыз, 2021

Әуелі сый дәметуді үйренеміз, содан соң...

426 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуропаның барлық саладағы білімін жетілдіріп, экономикасын өркендетіп, адамзат қоғамының алдына шыққандығы жоғары мәдениетінің арқасы десек, артық айтпас­пыз. Еуропалықтар мәдениетінің ең басты артықшылығы сол, олар тек еңбекпен тапқан тиынды ғана бағалайды. Біреуден сый дәмету деген оларда атымен жоқ. Өзінің қарым-қабілетінше тапқан еңбекақысын қанағат тұтып, артық бірдеңені көлденеңнен табуды ойға да алмайды.

Әуелі сый дәметуді үйренеміз, содан соң...

2010 жылы астанамызда ЕҚЫҰ елдерінің көптен бері өткізілмеген саммиті болды. Сол жылы біздің ел 56 мемлекет мүшелікке енген осы ұйымның төрағасы еді. Бізге дейін ұйымның саммиті 11 жыл бойы түрлі себептермен ұйымдастырылмаған, соны тарихқа «Астана саммиті» деген атпен енгізіп, Қазақстан ғана өткізе алды. Оған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мен халықаралық ұйымдардан 73 ресми делегация келіп, Қазақстан айды аспанға бір-ақ шығарды. Соның ішінде шетелдік 400-ге жуық журналист келді. Ұйымдастырушылар осындайда бір «жыртылып» қалатын ежелгі әдетімізге ба­сып, оларға бағалы сыйлықтар дайындапты.

Бірақ... еуропалық журналистер бұдан қатты шошынып, сыйлық алудан бас тарт­қан.  Әрине, мемлекеттік шенеунік бас тартса, ол түсінікті болар еді. Өйткені оларға бағалы сыйлық алмау заңмен белгіленген. Ал журналистің сыйлықтан бас тартуын қалай түсінуге болады? Естіген жерде бәріміз де таңырқап қалдық. Сөйтсек, бұл туа бітті тәрбиеден, біреуден себепсіз ештеңе алмау, артық дүние дәме етпеу, біреудің жомарттығын пайдаланбау, еңбегін жемеу сияқты санаға сіңірілген салттан екен. Осының өзі, сайып келгенде, сыбайлас жемқорлықтың да жолын кескен. Ондай әлеуметтік кесел болмағандықтан, Еуропа елдерінің дамуы да жоғары, табыстары да толымды.

Ал бізде ше?.. Біз туғаннан демесек те, ес біліп, етек жапқаннан біреуден сыйлық дәметуге бейімделе бастаймыз. Алдымен туған күнің деп береді, одан мерекелерде береді, мектепте жақсы оқысаң береді, үйге шақырылған қонақ береді... Солай-солай кете береді. Алда-жалда сыйлық берілмей қалса, алушы ғана емес, ата-анасының да өкпесі дайын тұрады. Сыйлық берушіні біз жомарт, тіпті жанашыр санап, оған құрметпен қараймыз.

Сөйтіп, бізде сыйлықтың культі қалып­тасқан, онсыз таң атып, күн батпайтындай көрінеді. Ол болмаса кәдімгідей көңіліміз қоңылтақсып, бірдеңе жетпей тұратындай болады. Соның ішінде мұғалімдерге ата-аналардың ақша жинап, сыйлық жасауы қатаң қалыптасқан дәстүр болып кеткен. Ал егер бір ата-ана қарсы шығып, осынымыз жөн емес, жемқорлықтың басы осы десінші... Ондайда «дәстүр бұзған» ата-ананың басына ит терісін қаптап, «ақыл айтуға» бәрі шебер.

Өзінің кәсіби міндетін орындап, мемлекеттен жалақы алып жүрген адамға неге сыйлық жасауымыз керек дегенді ешкім әсте ойламайды. Мереке болса болды, тек сыйлық беруге асығамыз. Дәп бір мереке сыйлық беру үшін жасалатын сияқты. Әсіресе, әйел мұғалімдердің 8 наурыз күні сыйлықтан құр қалатыны жоқ...

Әрине, символикалық құрмет ретінде қалам, кітап сыйлау, шын жүректен құт­тықтап бір тал гүл ұсынуға болатын шығар. Мәдениеті жоғары елдерде сөйтеді. Ал біз қазір кемінде бір себет тәтті-дәмдіге қоса, бір құшақ гүл сыйлаймыз. Одан кем болса «ұят сияқты»... Мұның құны 20-25 мың теңге тұра­тынын, бұл қарапайым жұмыскер ата-ананың айлық табысының бестен бірі екенін ешкім де ойламайды. 

Өз басым пара алудың басы осы сыйлық алудан басталады деп ойлаймын. Бала кезден сыйлық алып дағдыланып қалған шенеунік ұсынылған параны да қалтасына баса береді. Тіпті біреуге қызметтік міндеті бойынша жақсылық жасаса да көзімен «сыйлық» дә­метіп тұрғандай болады. Өйткені бала жасынан сыйлық алуға үйренген. Мұның пара екенін білсе де, «жақсылығыма жақ­сылық жасамайсың ба» дегенді көзбен ұқ­тырады. Өзінің қызметтік міндетін ғана орын­дағанын, сол үшін мемлекет жалақы беретінін ойламайды...

Әрине, сыйлық беру бүгін және бізден басталған жоқ. Ол бұрынғы кеңестік жүйеде де бар болатын. Компартияның ком­мунистерді тазалыққа, шыншылдыққа, қара­пайымдылыққа баулуымен, қорқы­туымен бастықтар да, қарапайым шенеу­ніктер де, мұғалімдер де басында сыйлық алудан қашқалақтап тұратын. Кейін Хрущев-Брежневтердің тұсынан бастап, бәрінің де бұған еті үйренді. Ақырын-ақырын қоғамның жазылмаған дәстүріне айналып кетті. Ал сол зиянсыз саналған дәстүр қазір үл­кен қоғамдық проблемаға айналып отыр. Сыйлық бере отырып, ұсынушы өзіне бір пайда дәметеді. Бастықтан жоғарырақ қыз­мет немесе кезексіз сыйақы, мұғалімнен баласына жақсы баға үміт ететіні анық. Бастық сыйлық ұсынған адамына ерек­ше қарап, оның кәсіби шеберлігі төмен болса да қолпаштап, жұмысына өтірік мақтау айтады, тіпті қызметінде өсіруге тырысады. Сөйтіп сыйлық біліксіз кадрлардың жоғары өрлеуіне жол ашады. Бұдан, түптеп келгенде, қоғам жапа шегеді.

Мұғалім де пенде, сыйлық бергеннің үш алатын баласына «төрттік», «төрттік» алатынына «бестікті» бадырайтып қойып жібереді. Бұл – әділетсіздік қана емес, жас балаға бере отырып, алуға болатынын көрсететін жаман үлгі. Мұны көрген басқа балалар өзінен төмен оқитын баланың бағасы жоғары болғанына наразы болады, психологиялық тұрғыдан соққы алады.

Қалай айтсақ та, қарапайым сыйлықтың ұлан-ғайыр зияны бар екенін есте ұстаған жөн. Айналып келгенде, ол бүкіл қоғамға қасіретін тигізетін сыбайлас жемқорлыққа ұласатыны сөзсіз. Сондықтан барлық ме­кеме-ұйымдарда сыйлық беру мен алуға заңды түрде тыйым салған жөн. Ал оны ұйымдастыратындарға заңды түрде қатаң жауапкершілік жүктелуі керек. Соның ішін­де баласы оқитын сыныпта сыйлық алуды ұйымдастыратын әсіре белсенділерді құрықтаған дұрыс. Ондайлардың арасында өзінің немесе тамыр-таныстарының тауарларын өткізгісі келіп, ата-аналарға бас тартуға болмайтын бір «пайдалы» кеңестер беріп, ақыры өзінің немесе тамыр-таныстарының тауарларын алғызатындар да бар. Ал мектеп бітіретін баласы бар ата-аналарға осындайлар әрбір мұғалімге сыйлық алудың «дұрыс» екенін түсіндіріп бағып, 100 мың теңгеге дейін шығындатқан кездері болғанын білеміз... 

Әрине, бір кезде мұғалімдердің жалақысы төмен, тұрмыстары қиын болды дегенді ойлап, ата-аналар мұндай шығындар ауыр тисе де, үнсіз көніп жататын. Ал қазір жоғары санатты мұғалімдер лайықты еңбекақы алып жатқанда мұндайды «әлеуметтік қолдау» деуге болмайтыны сөзсіз.

Ақша жинап, сыйлық жасау мектепте ғана емес, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында да бар. «Балаларымыздың кураторына жинап жатырмыз» деп жүгіріп жүрген ата-аналарды көріп жүрміз. Қысқасы, қоғамымыздың жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлықтың түп-тамыры іспетті сыйлық беру салты әбден өрістеп кеткен. Оның тамырына балта шаппасақ, көсегеміз көгере қоймас.

 

Солтүстік Қазақстан облысы