Руханият • 26 Наурыз, 2021

Кеңес мемлекетінің ең үлкен құпиясы

1417 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

ХХ ғасырда КСРО-ның түрлі аймақтарында болған ашаршылық көбінесе билеуші большевиктік жүйенің кінәсінен орын алды. 30-шы жылдардың басында өз халқын күштеп жарылқау мақсатындағы социализм орнату салдары осындай болды. Қазақстан, Украина, Солтүстік Кавказ, Поволжье және басқа да негізгі ауыл шаруашылығы өңірлері тұрғындарының елеулі бөлігі аштан қырылды және елінен ауып қашуға мәжбүр болды.

Кеңес мемлекетінің ең үлкен құпиясы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақстанда 1921-1922 жылдары да ашаршылық болған. Бірақ оны КСРО үкіметі жасырмай, әлемдік қоғамдастықтан жәрдем алды. Ол нәубет Орал, Ақтөбе, Қостанай өңірлерін, ішінара Ақ­мола облысын қамтыды. 2,5 млн адам аштық зардабын шекті. «Egemen Qazaqstan» осы жылғы 5 ақпанда жариялаған құжаттарда 1921-1922 жж. өлгендер саны – 10580. Бірақ сол уақытта Қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған Абдолла Асылбековтің берген есебі бойын­ша 2 жылда 214 мың адам қаза болған. Әрине, бұл деректер әлі де нақтылауды қажет етеді.

Ал ұжымдастыру кезеңінде Қазақстанда болған қасірет ұзақ жылдар бойы КОКП мен кеңестік тоталитарлық мемлекеттің ең үлкен құпиясы болып қала берді. «Хрущев жылымығы» келген шақта және одан кейін шыққан тарихшылардың 30-шы жылдар туралы еңбектерінде жаппай ұжым­дастыру кезеңінде «Қазақстанның жекелеген аудан­дарында азық-түлік қи­ын­шы­лықтары байқалды» деп жа­зылған, ал аштан өлу алдын­дағы ашынған халықтың қар­сы­лы­ғының қарулы көтерілістерге ұла­суын «байлар мен кулактардың айла-амалдары», шаруалар көте­рілісін «басмашылық-бан­дит­тік» деп түсіндірді. Олар БКП(б) басшылығы мен Кеңес мем­лекетінің директивалық орган­дарының ресми құжаттары мен мәліметтерінде айтылғанды қай­талады.

Жағдай ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңында, демо­кратиялық өзгерістердің қысы­мымен ұлттық тарих мәселелерін зерделеудің бұрынғы барлық тұжырымдамалық тәсілдері қайта қарала бастаған кезде ғана өзгерді.

1988 жылы қарашада Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Та­рих, археология және этнография институтының директоры М.Қ.Қо­зыбаевтың бастамасымен «Орта Азия және Қазақстан Рес­пу­бликаларында ауыл шаруа­шы­лығын ұжымдастыру: тә­жі­рибесі мен проблемалары» атты Бүкілодақтық ғылыми конференция өткізілді. Оған КСРО-ның белгілі ғалымдары В.П.Данилов (Мәскеу), А.Б.Тұрсынбаев (Ал­маты), А.Ю.Ибрагимов, М.М.Пу­латова (Ташкент), Т.Б.Балақаев, Ж.І.Қуанышев (Алматы), Т.Д.Дүй­шемалиев (Бішкек) және т.б. қатысты. Ғылыми пікір­та­лас барысында ұжым­дас­тыру кезеңінде Қа­зақ­­стан халқының жаппай қы­рылуының себептері мен ауқы­мы туралы мәселе тұң­ғыш рет көтерілді. Бұл ХХ ға­сырдың бүкіл тарихы аясында ұзақ уақыт бойы «ақтаңдақ» болып қалған 20-30-жылдардағы шындықты қалпына келтірудегі үлкен істің басы болды.

Материалдарды одан әрі зерделеу, оқиғаларды талдау және салыстыру процесінде қазақтардың өмір сүру жүйесін аяусыз бұзу және қирату, сондай-ақ оларды ұлттық мәдениетінің тамырынан алыстату, бүлікшілерді ату, Алаш қозғалысы мен Алаш Орда өкілдері тұлғасындағы ұлт элитасын жою, ал сәл кейінірек республиканың барлық партиялық-кеңестік номенклатурасының жойылуы ‒ мұның бәрі Қазақстандағы большевиктік аграрлық революция арқылы жүзеге асырылған тоталитарлық кеңестік жүйені құру мен нығайтудың бірыңғай процесінің құрамдас бөлігі екені анықталды.

Сондықтан күштеп ұжым­дастыру жылдарында халықтың қырылу себептерін кешенді зерделеу, жаппай террор мен саяси қуғын-сүргінге негіз болған кеңес мемлекетінің шешімдерін, қаулылары мен заңнамалық ак­тілерін талдау үшін 1991 жылғы 12 қарашада Жоғарғы Кеңес қаулысымен парламенттік комиссия құрылды. Оның құра­мына Жоғарғы Кеңес депутаты М.Қ.Қозыбаев (төраға), тарих­шылар Қ.С.Алдажұманов, М.Қ.Қойгелдиев, Т.О.Омарбеков, М.Ж.Хасанаев, Ю.И.Романов, құқықтанушылар Г.С.Сапар­ғалиев және басқалар, сон­дай-ақ министрліктер мен ведом­стволардың басшылары, Бас прокурор, Жоғарғы Соттың Төр­ағасы, ҰҚК төр­ағасы, бұ­қаралық ақпарат құрал­дары­ның басшылары кірді. Комиссия 1992 жылдың жел­тоқсанына дейін жұмыс іс­теді, ал оның қорытындысы бас­пасөзде жарияланды. Осы ко­мис­сияның жұмысы барысында және одан кейін бұрын жабық болған архивтердің материалдары не­гізінде көптеген мақала, жи­нақ, жеке монография (соның ішін­де Алаш қозғалысының тарихы бойынша) жарық көрді.

Соңғы жылдары Қазақстанда 1931-1933 жылдары күштеп ұжым­­­­дастыру және халықтың жаппай қырылу тарихы барған сайын тек мамандар арасында ғана емес, сондай-ақ жұртшылық өкілдері тарапынан да зерделеу, тіпті кейде қызу талқылау объектісіне айналуда. Мұның себебін бірқатар фактормен тү­сін­діруге болады. Ең алдымен, ха­лықтың бертінгі тарихын­да қайғылы із қалдырған мәсе­ле­нің өзі адамдардың санасын алаң­датпай қоймайды. Егер оған сенімді ғылыми ақпараттың же­тіспеуін қоссақ, оп-оңай адасып кетуге болады.

2012 жылдың жазында 1930 жыл­дардағы ашаршылық құр­­­бандарына арналған мемо­риалдың ашылуына байланысты елордада Халықаралық ғы­лы­ми конференция өтті. Оған алыс шет­елдерден және ТМД елдерінен бірқатар ғалым шақы­рылды. Конференцияның ашылуына орай Мемлекет тарихы институтының ғалымдар тобы профессор Б.Ая­ғанның жетек­шілігімен «1932-1933 жылдардағы ашар­шылық туралы ақиқат» монографиясын жариялады.

Аштықтың алғышарттары 1929 жылы күзде туындады. Оған Батпаққара, Бостандық, Тақ­­­­такөпір аудандарындағы көте­рілістер куә. Батыс, Солтүстік Қа­зақ­стандағы ашаршылық салда­рынан халықтың босуы 1930 жыл­дың басында және көктемінде басталды.

Қазақстанда соңғы 20 жыл­­­дан астам уақыт ішінде 30-жыл­дардың қасіретіне кі­нәлі Сталин мен Голо­ще­кин де­ген тұрақты стерео­тип қа­лып­тасты. Мұның бәрі дұрыс. Алай­да әлі күнге дейін еш­қан­­дай не қазақстандық, не шетелдік ғалым бұлардың бар­лығы тек ішкі себеп, қасіреттің ішкі алғышарттары ғана деген мәселені қоймады. КСРО мен Батыс державаларының мем­лекет­аралық қатынастарының тарихында қарапайым халықтың жағдайын нашарлатып жіберген оқиғалар мен фактілер көп. «КСРО-дағы ашаршылық. 1929-1934» атты ресейлік жинақта, осы жылдардағы КСРО-дағы астық экспорты, АҚШ-пен және басқа елдермен сауда-экономикалық қатынастары туралы құнды мә­ліметтер бар. АҚШ КСРО-мен дип­ломатиялық қатынасын тек 1933 жылғы 30 қарашада ғана орнатты. Мұның бәрі – 30-жылдардағы трагедияның сырт­­қы себептерінің негізі.

Одан өзге, Қазақстандағы оқиғаларға сыртқы күштердің тікелей араласу деректері де бар. Мысалы, әйгілі Созақ көтерілісін белсенді ұйымдастырушылардың бірі әрі идеологі Асадулла Иб­рагим Азамат соғысы кезінде Иран­нан Закавказье арқылы Са­марқандқа, содан кейін Созаққа жіберілген британдық барлау агенті болды. Бұл араласудың ұшы Шаян және Ырғыз көтері­ліс­терінің себептерінен де айқын көрінеді.

Тағы бір маңызды мәселе – көшпелі және жартылай көшпелі халықтың отырықшылануы болды. Отырықшы халыққа жер ре­сурстарын бөлу үшін зерттеу қажет болды.

Иә, бүгінде «Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық (халық)» анықтамасының өзі анархизм болып табылады. Өкі­нішке қарай, кеңестік басқару органдары мен БКП(б) өздерінің трагедияға әкелген барлық әре­кеттерін қазақ халқының көшпелі және жартылай көшпелі жай-күйімен түсіндірді. Бұл бір жа­ғынан оларға ыңғайлы болды. Қазақ ауылының жағдайын анық­таудағы бұл еуроцентристік тә­сілге кеңестік және шетелдік та­рихнамада кеңінен көз жет­кізуге болады, ол қазіргі зерт­теу­­лерде де басымдыққа ие. Со­нымен қатар дәстүрлі мал шаруашылығын жүргізу әдістері бүгінгі күні де қолданылады, бұл міндетті түрде «малмен кө­­шіп жүруді» білдірмейді. ХХ ға­сырдың 20-жыл­дары­ның екін­ші жартысында тек Маң­ғыстау, Табын сияқты шалғай аудандарда ғана жайылымдар­ды салыстырмалы түрде алыс қашықтықтарда өзгерткен ша­руашылықтар болды. Мал ша­руашылығымен айналысатын басқа аудандарда, мәселен, Қар­қаралы, Сырдария және басқа да округтерде көшпелілік аумағы 10-30 км-ден аспады.

Сондықтан жаппай ұжым­дастыру уақытына қазақтың көш­пелі және жартылай көшпелі ша­руашылықтарының басым бө­лігінің трансформациялануын жоқ­қа шығарған және осы күнге дейін жалғасып келе жатқан боль­шевиктік тұжырымнан бас тарту қажет.

Аштыққа себеп болған үкімет шаралары елдің малын жаппай тартып алудан басталды. Тө­мен­дегі кестелердегі мә­лі­мет­тер ша­руалардың малы мен астығын тартып алу динамикасын сипаттайды.

1

Қалған 3,5 миллион бас мал сойылып, босқындар мен түрлі эпидемиялық аурулардың салдарынан жоғалып кетті (ҚР ҰҚК арнайы архиві, ҚР ОММ, РМАЭБ, РМӘӘБ мәліметтері бойынша есептелген).

Қазақстан КСРО-ның астық егетін аймақтарының бірі бол­мағанына қарамастан, жыл сайын республика халқы 40 млн пұттан астам астық тапсырды. Халық аштықтан жаппай қырылуына қарамастан, астық беру жоспарын орындауға міндетті болды және Орталық астық дайындау барысын қатаң қадағалады. Мал тапсыру, астық өткізу жоспарын үстемелеп берген сол кездегі КСРО сауда және жабдықтау наркомы Анатас Микоян болды. Ол 1930, 1931 жж. Алматыға келіп, осындай тапсырмаларды орындатқан.

1

1991-1992 жж. ресми комис­сия 1931-1933 жж. құрбан бол­ғандардың саны шамамен 2 миллион 200 мың адам екенін анық­тағанына қарамастан, пікір­лердің алшақтығы жалғасуда. Сонымен бірге бұл ашаршылық трагедиясының хронологиялық шеңбері кейбір жағдайларда өздігінен өзгере бастады. Бұл жерде 1932-1933 жылдары ту­­ралы жазатын Ресей мен Украи­­­наның, сондай-ақ алыс шетелдердің зерттеушілеріне со­қыр еліктеу мен қайталау анық байқалады. Кейбір авторлар өз еліндегі ашаршылық тарихын білмегендіктен, бастапқы дерек­көздердегі материалдарды зерттемей, осы сипаттағы қателіктерге жол береді.

Қазақстанда ашаршылық 1931 жылы басталған. Сол жылы еліміздегі ауыл халқының саны 754 мыңнан астам адамға азайған.

ОГПУ мәліметтері бойынша 1930-1933 жылдар аралығында республика халқының саны 2 млн 531 мыңнан астам адамға азайған. Сонымен қатар «құжаттың бол­мауына, толқулардың, көте­рі­лістердің және халықтың ауа көшуіне байланысты бұл мә­ліметтер құжаттарда толық емес» деп көрсетілген. 1992 жылы ко­миссия осы және басқа да дерек­терді негізге ала отырып, республика бойынша 2 млн 200 мың адам шығыны болғанын, оның ішінде 1 млн 750 мыңы қазақтар екенін анықтады.

Жергілікті партиялық-ке­ңестік органдардың басшылары, әсіресе аймақ басшылары, іс­теген ісі үшін лауазымы мен жа­уап­кершілігін жоғалтып алудан қорқып, жоғарғы жаққа шынайы ақпаратты бермеді. Салық органдары өз кезегінде алдыңғы жылдардағы халық саны туралы жоғарғы жаққа жалған мәліметтер берді.

Қазақ ауылдарында болған сол кезеңдегі барлық оқиғалар оқырмандарды өзінің шектен тыс қатыгездігімен, мағы­на­сыз­дығымен таңғалдырады. 20-жылдардың басындағы кедейлер комитеттерінің әдісі бойын­ша большевиктер үкіметі ха­лықтың бір бөлігін екіншісіне, яғни кедейлерді орта шаруалар мен ауқатты адамдарға қарсы қойды. Жалпы, мұның бәрі ауылдан қажетті ресурстарды алу үшін басталды. Ауқымды индус­трияландыруды жүргізу үшін азық-түлік пен қаражат қажет болды.

КСРО-ның экономикалық және саяси блокадасы жағдайында Батыс державалары өз позицияларын қорғады. Тек АҚШ-тан Арманд Хаммер сияқты кәсіпкерлер мен Батыс елдерінің, соның ішінде Германияның аз ғана бөлігі КСРО-мен сауда-экономикалық қатынастар жүр­гізді. Сондықтан бүкіл КСРО үшін бұл қасіреттің сыртқы сая­си және сыртқы экономикалық себептерін ескеру қажет. Сон­дықтан 30-жылдардағы трагедия­ны КСРО-ның сыртқы саясатымен қатар қарастыру керек.

Мәскеу архивтерінде ашық­қан қазақ босқындарының кө­ші-қоны туралы құжаттар бар: ГАРФ, РГАЭ және басқа архив­тердің мәліметтері бойынша олардың көші-қон географиясы Камчаткадан Солтүстік аймаққа (Архангельск), Владивостоктан Днепропетровскі мен Запорожьеге дейін, Сібірдің қалалары мен аудандарын есептемегенде, төменгі және Орта Еділ мен Транс-Орал, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрік­менстан, Тәжікстан, одан әрі Қытай, Ауғанстан және Иранға дейін созылды. 1 миллионнан астам адам аштықтан босқын болды. Олардың тек 400 мыңнан астамы ғана кейінірек республикаға оралды. Қаншамасы көші-қон орындарында қайтыс болғанын анықтау мүмкін емес. Дегенмен бұл туралы жеке құжаттар бар.

Қазақстан халқы осы бір жылдары үнсіз қалмады. Биліктің озбыр­лығы мен қатыгездігі ха­лықтың қарсылығын тудырды. 1929 жылдың күзінен бастап 1932 жылға дейін іс жүзінде рес­публика аумағы азамат соғысы жағдайында болды. 380-ге жуық ірі көтеріліс пен шектен шыққан әрекеттер, сондай-ақ көптеген толқу мен бүліншілік бүкіл рес­пуб­лика бойынша 80 мыңнан астам адамды қамтыды. 

Азаматтардың барлық әрекеті тұрақты әскери бөлімдер мен отрядтардың күшімен басылды. Озбырлық пен аяусыздыққа наразылық білдірген қарусыз шаруалар көбінесе әскери отряд­тардың құрбанына айналды. Мысалы, 1930 жылы Ырғыз және Қарақұм көтерілістерін (Арал өңірінің шығыс аймағы) басу кезінде Орынборда орналасқан 8-кавдивизия эскадроны бір ғана жағдайда 250 адамды атып, шауып өлтірген. Бұл биліктің қатыгездігі мен озбырлығынан қашуға мәжбүр болған қарусыз шаруалар екендігі белгілі болды. 

Тағы бір мысал: Созақ ауда­нындағы көтерілісті басу кезінде 194 адам қаза тапты, олардың көпшілігінің бұл көтерілісшілерге қатысы жоқ еді. 

Партиялық-кеңестік бюро­кра­тияның анықтауына байланыс­ты ресми құжаттарда халықтың аштықтан қашуы «қоныс аудару қозғалысы (немесе қоныс аударушылар)», деп аталды. Осылайша, адамдардың озбырлықтан және өлімнен, аштықтан қашуы дәс­түрлі атаумен ‒ көшпелілікпен жабылды. 

Соңғы жылдардағы зерттеу нәтижелері тарихнамада қалып­тасқан 30-жылдардағы қасіретті зерттеудің бірқатар тәсілін қай­та қарау қажет деп санайды. Трагедияның ауқымы шұғыл түрде оның себептерін анықтауда барлық ішкі және сыртқы (эко­номикалық, саяси және әлеу­меттік) факторларды жан-жақ­ты қарастыруды талап етеді. Сонымен бірге 30-жылдардағы большевиктік аграрлық төңкерісті жүзеге асыруға қатысқан барлық күш құрылымдарының (жергілікті және орталық) және тұлғалардың қызметін зерттеу керек. Ұжым­дастыру қарсаңында және кезе­ңінде көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтардың, сондай-ақ отырықшыландыру комитеті сияқты органдардың жай-күйін де зерделеу қажет. Мұның бәрі Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың объективті тарихын қалпына кел­тіруге ықпал ететін жаңаша ой­лау­ды қажет етеді.

 

Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты