Аймақтар • 26 Наурыз, 2021

Алматы дәрігері «Ковидтен кейінгі синдромнан» қалай құтылуға болатынын баяндады

700 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласындағы №36 Қалалық емханасының бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген КВИ-мен ауырып шыққандардың жай-күйлері мен аурудан кейінгі оңалту мәселелері туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы дәрігері «Ковидтен кейінгі синдромнан» қалай құтылуға болатынын баяндады

Дәрігердің айтуынша, коронавирустің симптомсыз түрімен ауырып шыққандар арнайы емдеу мен оңалтудан өтуді қажет етпейді. Емделу пневмониямен ауырғандарға қажет, себебі, ол кезде өкпе және қалған дене мүшелерінің гипоксиясы туындайды. Сондықтан, орташа және ауыр түрде коронавируспен ауырғандар ауруханадан салауатты болып шықпайды. 

Коронавирустан соңғы жағымсыз сезім және асқынулар «Ковидтен кейінгі синдром» деп аталады. Ковидтен кейінгі синдром ұзақ уақыт сақталуы мүмкін, көптеген апта бойы тіпті ай бойы созылады. Ковидтен кейінгі симптомдар: өкпе фиброзы, жүрек-қантамыр ауруыныңы асқынуы, көп ұйықтау, үнемі әлсіздікке ұшырау, жадының нашарлауы, когнитивті ауытқулар (дұрыс ықылас аудармау), демікпе, депрессия және тағы басқа да белгілер болады.

Ағзаны қалпына келтіру үшін ауырған адамдарға оңалтудан өту қажет. Бұл өкпе мен тыныс алу функцияларының толыққанды жұмыс істеуін қалпына келтіріп, пневмофибриозды болдырмайды, қалған салдарын жойып имунитетті күшейтеді.

Ол үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға, учаскелік дәрігерге бару керек, ол өз кезегімен адамның жай-күйінің ауыртпалығын бағалайды. Пациенттің көрсеткіштері бойынша оңалту орталығына немесе емханалық жағдай бойынша оңалтуға жібереді.

«Оңалту - уқалау, тыныс алу жаттығуы, емдік дене шынықтыру, тренажерларда жаттығу жасау, физиотерапия, дәрі-дәрмекпен емдеу, фитотерапиядан тұрады. Оңалтудың бір курсының ұзақтылығы 10-14 күнге созылады. Пациентте оттектің жетіспеуі себебі: үрей, торығу, күйзеліс секілді симптомдар туындайды. Мұндай жағдайда психотерапевке қаралады»,  дейді маман.

Сөзінің соңында  Гүлжайнат Тілеген КВИ-мен аурып шыққандарға ауа алмастырудың да оңалтуға жататынын ескере отырып, жиі серуендеу, таза ауа жұту, велосипед тебуге кеңес берді.