Аймақтар • 27 Наурыз, 2021

ШҚО құтқарушылары гидрологиялық жағдайға аэровизуалды мониторинг жүргізді

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өңірдің гидрологиялық жағдайына аэровизуалды мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

ШҚО құтқарушылары гидрологиялық жағдайға аэровизуалды мониторинг жүргізді

Жұмыс тобы «Өскемен – Глубокое ауданы – Шемонаиха ауданы – Өскемен» бағыты бойынша аэровизуалды мониторингіге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның «Еврокоптер ЕС-145» тікұшағын қолданды. Бұл учаскелер өңірдің гидрологиялық жағдайын анықтау мақсатында тексерілді.

Мониторинг нәтижелері бойынша мамандар барлық зерттелетін аумақта қар ерудің бастапқы кезеңі байқалатынын анықтады.

Ертіс өзенінде Өскемен су қоймасынан Глубокое ауданының Березовка ауылына дейін мұз жоқ, өзен арнасынан судың шығуы байқалмайды. Шүлбі су қоймасының барлық алаңында мұз қату байқалады.

Су тасқыны жағдайын бақылау үшін өңірде 53 гидробекетті қамтитын бақылау жүйесі жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстан облысында көп жылдық синоптикалық болжам бойынша облыс өзендеріндегі су тасқыны әдетте наурыздың екінші онкүндігінен басталып, маусым айының екінші онкүндігінің ортасына дейін созылады. Өзендердегі су деңгейінің көтерілу қарқындылығы және көлбеу ағындардың пайда болуы ауа температурасының күрт көтерілуіне және жаңбыр түріндегі жауын-шашынға байланысты артуы мүмкін.