Коронавирус • 27 Наурыз, 2021

Британдық, оңтүстік африкалық штамм салдарынан Алматыда науқастар саны көбейді

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда 300 кәсіпкерлік нысан мен 700 жеке тұлға карантин шараларын бұзғаны үшін айыппұл төлейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Британдық, оңтүстік африкалық штамм салдарынан Алматыда науқастар саны көбейді

Кезекті онлайн-кеңесте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Жұқтыру жағдайларының 42%-ы қоғамдық орындарға тиесілі –бұл сауда, қоғамдық тамақтану нысандары және т.б. Тексерілетін қоғамдық орындарды қамтуды арттыру мақсатында мониторингтік топтардың саны 40-қа дейін ұлғайтылды.

Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған материалдарға сәйкес, мутацияланған британдық және оңтүстік африкалық штамдар алдыңғы базалық штаммен салыстырғанда инфекцияның жұғу көрсеткіші анағұрлым жоғары.

27 наурыз күнгі жағдай бойынша, 21-26 наурыз аралығында 98 тексеру жүргізілді, 1911 нысан қамтылды, оның 300-інде белгіленген жұмыс режимінің бұзылуы, эпидемияға қарсы талаптар сақталмауы анықталды. Сонымен қатар, 26-27 наурыз аралығында түнгі тексеру барысында 17 бұзушылық анықталды. Мысалы, 300 кәсіпкерлік субъектісіне 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Бір апта ішінде бетперде режимін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес 693 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды.

Мониторингтік топтар анықтап, жолын кескен шаралар арасында үйлену тойлары, отбасылық және адамдар көп жиналатын өзге де мерекелік іс-шаралар бар. Мысалы, Әуезов ауданында 26 наурыз күні сағат 20.00-де Ақсай 4, 15а мекен-жайындағы «Достар Сарайы» мейрамханасында «қыз ұзату» шарасы тоқтатылды. Тиісті шаралар қабылданды.

Ержан Бабақұмаров санитарлық-эпидемиологиялық режимді бұзу салдарынан жұқтыру жағдайларының өсуі жалғасып жатқан аудандарда мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

Алматы эпидемиялық жағдай бойынша әлі де «қызыл» аймақта тұр. Өткен тәулікте қалада коронавирустық инфекцияға оң ПТР нәтижесі бар 450 науқас анықталды. Бұрынғыша 65 жастан асқан және созылмалы аурулармен ауыратын адамдар тәуекел тобына жатады-оларға мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға кеңес беріледі. Сонымен қатар, 20-29 жас аралығындағы адамдар арасында инфекцияның өсуі байқалды. Талдау көрсеткендей, қоғамдық мекемелерден басқа, жеке секторда адамдардың топтасу жағдайларының көбейгені байқалады - отбасылық іс-шаралардан, үйлену тойларынан, еске алулардан және үйдегі тойлардан жұқтыру жағдайларының тіркелуі жалғасуда.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жауапкершілік танытып, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырмауға және қатыспауға шақырады. Кем дегенде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау және бетперде кию маңызды. Еске салсақ, карантиндік шараларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.