Шектеу шаралары ұзартылды
Осылайша оңтүстік шаһарда карантин күшейтіліп, локдаун 12 сәуірге дейін ұзартылды. Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың Алматыға жұма күні жұмыс сапарымен келіп, қала әкімімен және медициналық мекемелердің басшыларымен бірге бірқатар жиын өткізіп кеткені де бекер емес. Ендігі жерде Алматы билігіне көптеген мәселелерді – тұрғындардың қауіпсіздігінен бастап, медициналық, әлеуметтік, экономикалық, кадрлық, қаржылық жағдайларды да қатар шешуге тура келеді.
Жұғу жылдамдығы жоғары британдық, оңтүстік африкалық штамдар салдарынан Алматыда науқастар саны бірден көбейді. Егер індетті тез ауыздықтап үлгермесе, оның салдары аса қайғылы болатынын бүркемелеудің қажеті жоқ. Егер Алматы билігіне қала тұрғындарының өзі көмектесіп, жауапкершілік танытып, жүріс-тұрыстарын тыя тұрмаса, жағдай бақылаудан шығып кетуі ғажап емес. Мәселен, жағдай осындай болып жатқанда Алматыда тек жұма күні 300 кәсіпкерлік нысан мен 700 жеке тұлға карантин шараларын бұзғаны үшін айыппұл төлейтіні белгілі болды. Демек, тығылып қыдырып, той-томалақ ұйымдастырып жатқандар жеткілікті. Сондықтан да мегаполисте мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. Алайда Алматыда жұқтыру жағдайларының 42%-ы қоғамдық орындарға тиесілі болғандықтан, мониторингтік топтардың саны 40-қа жетті. Мысалы, 21-26 наурыз аралығында 98 тексеру жүргізіліп, 300 кәсіпкерлік субъектісіне 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Әрине, бұл – бел ортасынан тоқтатылған тойлар, шырқы бұзылған шаралар.
Жұмадағы жаңа штамдар
Бейсенбі күні өткен брифингте қаланың Бас санитары Жандарбек Бекшин Алматыда коронавирус инфекциясының жаңа штамдары тіркелуі әбден ықтимал екендігін мәлімдеген болатын. Бұл болжам да көп күттірген жоқ. Жұма, яғни 26 наурыз күні Алматыда 450 адамның індет жұқтырғаны және КВИ-дің британдық, оңтүстік африкалық түрлеріне шалдыққаны анықталды.
Жалпы биылғы 1 қаңтар мен 26 наурыз аралығында Алматыда КВИ жұқтырған 13 236 жағдай тіркелді. 2020 жылы жалпы есебі індетті жұқтырған 18 521 жағдай тіркелген. Жоғарыда атап өткендей, инфекцияның кенеттен өршіп кетуі жаңа штамдардың қалаға кіргеніне де байланысты екен. Мутацияланған штамдардың жұқпалылығы алдыңғы базалық штаммен салыстырғанда 70%-ға дейін жоғары. Сонымен қатар КВИ симптомсыз формаларын тіркеуде 2020 жылы 39%-дан 2021 жылы 32%-ға дейін төмендеу байқалады.
Биылғы наурыз айының 3 аптасында коронавирус инфекциясынан ең көп зардап шеккен – 20-39 жас аралығындағы азаматтар – 38% және 40-59 жастағы адамдар – 27%, сондай-ақ 60 жастан асқандар – 20%.
Оқушылардың індет жұқтыруы көбейді
Осы арада 25 наурызда қалада коронавирус инфекциясына оң ПТР-ы бар 341 науқас анықталғанына тоқтала кету керек. Бұл күні мектеп жасына дейінгі балалар арасында аурушаңдықтың 3 есеге және онлайн оқытудағы оқушылар арасында 4 есеге өскені мәлім болды. Ата-аналарға балаларын сақтандыруда аса абай болу керектігі айтылып жатты.
Ал 26 наурызда қала әкімі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен, Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың қатысуымен өткен алқалы жиында мегаполистің COVID-19-ға қарсы іс-қимылының жүйелі мәселелері, сондай-ақ биылғы 17 наурызда өткен кеңес барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы қарастырылып, нақты жоспар қабылданды. Б.Сағынтаев КВИ пандемиясымен күрес аясында қаланың денсаулық сақтау жүйесін күшейту шаралары қабылданғанын атады. Сондай-ақ шаһар басшысы өткен жылы КВИ бар науқастарды анықтау және оларды ауруханаға жатқызу бойынша алгоритмнің әзірленіп енгізілгенін, АМСК және амбулаториялық емдеуде асимптоматикалық науқастарды бақылау үшін телемедицина орталығы, инфекциялық төсектік орындардың қажетті резерві құрылғанын алға тартты. Дәріхана желісі мен ковидтік госпитальдар үшін дәрілік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді.
Кадрлық резерв қалыптасты
Пандемиямен күрестің маңызды құрамдас бөлігі шұғыл көмекті қажет етпейтін қала тұрғындарына қашықтан кеңес беру арқылы көмек көрсету үшін құрылған телемедицина орталығының жұмысын айтуға болады. Бүгінде симптомсыз және жеңіл КВИ белгісі бар 2,5 мыңға жуық адамға операторлар тәулік бойы кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Пациенттерді амбулаториялық бақылау бойынша қалалық емханалардың мобильді бригадаларының жұмысы жақсартылып, 768 топ жұмылдырылды. Кадрлық резерв қалыптасты. Жұқпалы аурулар стационарларында 2 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Резервте 2 758 медицина қызметкері бар.
Алматыда клиникаларды медициналық оттегімен қамтамасыз етудің жалпықалалық бағдарламасы қабылданды. Мақсаты – қаланың 16 емханасын оттегімен 100%-ға жабдықтау. 2020 жылы 6 клиника оттегімен толық жабдықталса, биыл тағы 10 клиникада оттегі стансалары болады.
Денсаулық сақтау министрі Алматыдағы денсаулық сақтау қызметін дамыту және COVID-19-ға қарсы күрес моделі еліміздің басқа өңірлеріне таратылатынын атап өтті. Министр соңғы жылы жедел жәрдем автопаркін 70%-ға жаңарту мен соңғы 20 жылда Алматының медициналық мекемелерінде болмаған оттегі стансаларын қосу жөніндегі жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар сәуір айында КВИ-ға қарсы вакцина дозаларының жаңа партиясы жеткізілетінін хабарлады.
Жиында биылғы эпидемиялық жағдайға байланысты мәселелер талқыланды. Қала стационарлары мен емханаларындағы пациенттер мен персонал ағынының қозғалысын сақтау, халыққа медициналық көмек көрсету, инфекциялық бақылау талабының сақталуы тұрғысынан бірқатар медициналық ұйымдардың жұмысы тексерілді. Сондай-ақ қаланың санитарлық-эпидемиялық қызметінің қатысуымен жедел штаб өткізілді.
Жалпы республикалық комиссия мүшелері қалада эпидемияға қарсы қабылданған шараларды мақұлдады. Алматыда жүзеге асырылған жұмыс алгоритмін, бұрын бекітілген аймақтарға бөлу жоспарларын іске асыруды және инфекциялық қауіпсіздікті сақтауды, сондай-ақ үйдегі стационарлардағы адамдарға медициналық бақылау жүргізу үшін Телемедицина орталығын пайдалану қажеттігін ескере отырып, соматикалық медициналық ұйымдарды ковидтік бағдарға ауыстыру схемасын қолдады. Сонымен қатар алдағы уақытта атқарылар жұмыстар бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
АЛМАТЫ