Қоғам • 29 Наурыз, 2021

Шектеулі мүмкіндікке – шектеусіз қамқорлық

18 рет көрсетілді

Биыл облыс орталығында салынатын Мүгедек балалар мен ересектерді оңалтуға қызмет көрсететін өңірлік көпбейінді орталықтың арнайы жобасы әзірленген. Қала әкімдігінің мәліметінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп қолға алатын орталықта ерекше балалардың аналарына психологиялық кеңес кабинеттері, еңбек терапиясы, балаларға арналған бассейн жасалуы мүмкін.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдар­ла­­­ма­лар басқармасының басшысы Алмира Жүсіпованың айтуынша, мақ­сат – өмір­лік қиын жағдайға тап болған жан­дардың мұқтаждықтарына барын­ша сергек қарап, көмек қолын созу. Бұл күндері өңірдегі 1 739 нысан мүм­кін­дігі шектеулі жандарға арналған бе­йімдеу жұмыстарын жасағаны тура­лы құжаттарын алды. Енді қалған 349 нысанды бейімдеу жұмыстары жал­ғасуда. Мүгедек жандар, балалар, жасөс­пі­рім­дер­ қоғамда өзін емін-еркін сезінуі үшін әр­бір нысандағы бейімдеу жұмысы өте қажет.

Биыл өңірдегі ерекше қажеттіліктері бар жандарды әлеуметтік оңалтуға 1,9 млрд теңге бөлініпті. Ата-анаға немесе қамқоршыға берілетін жолдама құ­ны­ның 50 пайызын өтеу үшін қалалар мен аудандар осы мақсатқа 40 АЕК беруге дайын.

Дегенмен ерекше жандардың мұқ­таж­дықтарына барынша адам­гер­шілік тұрғысынан қарайтындар қатары әлі де сирек. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қала­сын одан әрі дамыту мәселелері жөнін­дегі кеңес барысында айтып, әлеу­мет­тік салаға жауапты құрылым қыз­мет­кер­лер­інің өз жұмысын талапқа сай атқара алмай отырғанын сөз етті. Яғни ерекше күтімге мұқтаж жандарды қолдаудың және оларға барынша қолайлы орта қа­лыптастырудың маңыздылығын жет­кізіп, оны мемлекеттің әлеуметтік сала­да­ғы басты міндеттерінің бірі екені ай­тыл­ды.

Мысалы, облыстық әкімдіктің қа­был­дау бөлімі арқылы келіп түсетін арыз-шағымдардың көпшілігі мүмкіндігі шек­теулі жандарға тиесілі болса, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың атына осы жылдың өткен екі айы арасында әлеуметтік қолдау алу мәселелеріне байланысты 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Шағымданғандар негізінен мем­лекеттік қызметкерлердің өз мін­дет­терін дұ­рыс атқармайтынына, қағаз­бас­ты­лық­қа реніштерін жеткізген.

«Кішіпейілдік пен адами қарым-қатынасты ұмытпау керек. Мұндай өті­ніштерге үлкен жауапкершілікпен қа­рау керек», деді мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың мәселелеріне арналған кезекті жиында облыс әкімі.

Сонда бұл қызметкерлер Үкіметте «Әлеу­меттік кодекс» тұжы­рым­да­ма­сы­ның әзірленіп жатқанынан, әлеуметтік бағдарламалар қызметі құрылатынын, елімізде әлеуметтік қамсыздандыру сая­сатын қайта жаңғырту мәселелері өзге­ретіні, яғни мемлекет көмекке мұқ­таж азаматтарды қолдауға басымдық бере­тіні жайлы жаңашылдықтарға мән бер­меген сияқты.

Үлгі боларлық мысал, облыстық «Қызыл Жарты ай» қоғамының басшысы Гүлнәр Исақанованың айтуынша, қоғам мүшелері шетелдік демеушілердің көмегімен Павлодар қаласындағы төрт, Екі­бастұздағы екі және Ақсу қала­сын­дағы бір оңалту орталығына барып, ондағы өмірлік қиын жағдайдағы 120 балаға, 220 ересек адамға жылы көрпе­лер, төсек-орын жабдықтарын және балалар киімдерін апарған.

Басқарманың мәліметінше, өңірдегі әлеуметтік осал топтар санатында 80 мыңнан астам адам бар. Олардың үш­тен бірі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Биылдан бастап әлеуметтік көмек­тің жаңа түрлері енгізіліп, қолда­ныс­та­ғы кейбір төлемдердің мөлшері ұлғай­ты­луда. Мысалы, жалғызбасты және жа­лғыз тұратын I, II және III топ­тағы мүгедектердің әлеуметтік төлем мөл­шеріне, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы ең тө­менгі күнкөріс деңгейінен төмен аз қам­тыл­ған отбасыларға өтемақы енгі­зіл­ді. Жалғызбасты 500 мүгедекке бері­ле­тін ай сайынғы төлем мөлшері үш есеге ұлғайтылып, 1 235 аз қамтылған отбасына ай сайынғы өтемақы берілмек.

Сонымен қатар тұңғыш балалары туғанда мұндай отбасыларға 20 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлем та­ғайын­да­лады. Табысы күнкөріс деңге­йі­нен төмен жүкті әйелдер жүктілік есебіне 12 аптаға дейінгі мерзімде тіркелген жағ­дайда белгіленген бірыңғай төлем мөлшері – 20 АЕК.

«Бірақ кейбір мәселелерді министрлік арқылы емес, жергілікті жердегі ден­сау­лық сақтау, әлеуметтік сала бойынша қызмет жасайтын басқармалар еш дәлелсіз-ақ жасауға болады. Мысалы, емханаға барғанда арнайы құжаттарды көрсетуге, дәрігерге кезексіз жүгінуге бола ма деп сұрау қажет. Осындай дә­лел­деуді қажет етпейтін қажетсіз шектеулер болмас үшін барлық емханада кабинеттердің есіктеріне «Мүгедектігі бар жандар, балалар қабылдауға кезексіз кіреді» деген тақтайша ілу керек», дейді ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналары.

Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қыз­мет­тер порталында берілетін жая­лық­тардың сапасының нашарлығы және ерекше қажеттіліктері бар бала­ла­рын емханаларға алып барудың қиын­дық­та­рын қала әкімі Ержан Иманслям бас­та­ған денсаулық сақтау, әлеуметтік қор­ғау салаларының және Nur Otan пар­­тиясының өкілдерімен кездескен ба­ла­­лар­дың аналары айтып берді. Қоғам бел­сендісі Елена Юрченконың айтуынша, облысқа сыйымдылығы 500 адамнан артық болатын оңалту орталығы қажет. Жалпы, ауруханалардың екінші қабаттарында мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасау, ауруханаға жатқызу кезінде ерекше баланы ата-анасының бірімен тегін алып жүру, санаторлық-курорттық емдеу, жағалауда, өзен айла­ғын­да, құтқару стансасында, жаға­жай­ларда арбамен жүрушілерге арналған пандустар орнату қажет.

«Қазір орталықтың нақты жобасы бар, жер де бөлінуде. Облыс орта­лы­ғын­­дағы Малайсары батыр көшесі, 52 мекенжайында құрылыс салынбақ. Орта­лық күніне 150-ге жуық мүгедек бала­лар­ды қабылдай алады. Ашылуы 2022 жылға жоспарланған», деді қала әкімі.

Ал облыс орталығында Мүгедек балалар мен ересектерге арналған көп бейінді қазіргі заманғы оңалту орта­лы­ғын салу жайы жылдар бойы айтылып келеді. Өңірде 3 мыңға жуық мүгедек бала бар, бұл балаларға арналған оңалту және санаторлық-курорттық орын­дар да жеткіліксіз. Әрине, жаңа орта­лық жұ­мы­сының негізгі бағыттары меди­ци­налық көмек, ерекше қажеттілігі бар адам­дарды оңалту және сауықтыру екені түсі­нікті.

Ашылуы 2022 жылға жоспарланған орталық – өңір үшін өте қажетті жоба. Тағдыры талайлы, өмірлік қиын жағ­дай­ға тап болған мұқтаж жандардың асыға кү­тіп жүргендерін де ойлайық.

 

Павлодар облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ертең Үкімет отырысы өтеді

Үкімет • Бүгін, 11:31

Тәуелсіздік тұлғалары

Елорда • Бүгін, 09:16

Аида – әлем чемпионы!

Спорт • Бүгін, 09:14

Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті

Коронавирус • Бүгін, 09:09

«Ақ бидай» ойындары аяқталды

Ұлттық спорт • Бүгін, 09:03

Жастар жәрдемі

Аймақтар • Бүгін, 08:55

Сенім арт маған, туған ел!

Аймақтар • Бүгін, 08:54

Сақтанған сау қалады

Медицина • Бүгін, 08:47

Оқушыларға абай болайық

Аймақтар • Бүгін, 08:42

Дамудың сенімді іргетасы

Қазақстан • Кеше

Іні-досқа ілтипат хат

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар