Бүгінгі таңдағы діни тақырыптағы көптеген мәселелердің бастауын сол кездегі радикалды құбылыстар мен миссионерлік қозғалыстардың шекарамызға кіре бастауымен, олардың қызметіне оңтайлы болған деструктивті базизстің қалыптасуымен түсіндіруге болады.
Діни ахуалдың тұрақсыздануы мен діни экстремизм мен терроризмнің, яғни прозелетизмнің (өз сеніміне тарту) дамуы мен өршуі біздің елімізде тоқсаныншы жылдардан бастау алады. Аталмыш діни топтар мен қозғалыстардың барлығы мемлекетіміздегі конфессионалды балансы мен тарихи және мәдени бірегейлігіне, толеранттылық пен діни келісімнің басты құндылықтарына қарсы шығады. Осы зерттеуде заң шеңберінде прозелитизммен айналысып жүрген діни қозғалыстарды қарастырамыз.
Жаңа діни ағымдардың тарапынан жүргізіліп жатқан прозелитизм үрдісі, елміздегі діни плюрализм эгидасы аясында белсенді рухани экспансиямен айналысуда, мәселен жергілікті мұсылман және христиан дініндегі азаматтарды өз қатарына тартуды мақсат тұтуы.
Заңды тіркеуден өтпеген неохристиандық бағыттағы топтардың прозелитизмінің дамуынан жаңадан қосылып жатқан адамдардың санасына кері әсері көп байқалады. Мәселен психологиялық, құқықтық, саяси көзқарастарының өзгеруі. Неофиттер қатаң қағидалар мен ережелермен өмір сүреді. Саяси сұрақтар мен мәселелерге қатысты абсолютті бейқамдық, жанұяда арақашықтық пен өзін – өзі алыс ұстау, рухани лиделерге (шіркеу басшысы) деген сакралды көзқарас, яғни оларды қасиеттендіру немесе тылсым күш иесі ретінде көру мұның барлығы неофиттік бағыттардың айқын ерекшеліктері.
Қазақстандығы неохристиандық прозелитизм әртүрлі мақсат мүдделерді көздеп, өзгеріп жатқан замануи талаптарға да бейімделіп отырады. Мысалы Орта Азия бойынша осы тақырыпты қаузап жүрген француз зерттеушісі С. Пейруз Қазақстандағы неохристиандық миссионерлік қозғалыстардың бірнеше бағытын көрсетеді:
«Біріншіден, миссионерлер арасында тығыз әлеуметтік байланыстары арқылы белгілі бір ортадағы терең діни білімге мұқтаж адамдарды тарту;
Екіншіден, өздерін атеистпіз немесе ешқандай да дінге сенбейміз деген топтарды барынша қамту;
Үшіншіден, христиан дінінің басқа бағыттарын ұстанатын азаматтарды, мәселен православтық христиандар, аз деңгейде католиктік христиандар немесе дағдарысқа ұшырап жатқан протестанттық (лютеран және меннонитер) бағыттағы топтарды тарту;
Төртіншіден, олар үшін барлық мұсылман жамағаты ұзақ мерзімдегі стратегиялық аудиторияға кіреді».
Неохристиандық бағыттағы прозелитизммен айналысатын топтар өз мақсаттарына жету барысында өздерінің әлеуметтік базаларын кеңейтуге ынталы және бұл құбылысты бірнеше әдістер мен қызмет түрлерінен байқауға болады:
Біріншіден, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. Осы арқылы діни ұйымның адамдарға деген «жақсы ниеттерін» басқаларға үлгі ретінде көрсету үшін ұйымдастырлып жатқан іс-шаралар. Сондай-ақ мұқтаж адамдарға көмек жасау арқылы және ол қызметін әлеуметтік желілер арқылы баршаға көрсете отырып, «адалдық клубтары» секілді әлеуметтік қауымдастық формалары арқылы әсер ету. Осындай жария жарнамалық қызметтер қалың бұқараның арасында, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен топтар арасында өз бағасын алып жатады. Және де осындай неохристандық топтардың лидерлері мұқтаж, әлсіз жандарға қол көмегін ұсына отыра оларды өздеріне қарыз етіп қояды. Немесе қарыз сезімі мен сенімі арқылы өз қармақтарына іліп, бағыншты көңіл-күйде ұстайды.
Екінші, бұл қызығушылықтар бойынша арнайы курстар ашу. Көптеген жағдайда алдап арбаушылар адамдардың жекеленген қызғушылықтарына қарай бағытталған кәсіби жұмыс жүргізеді. Мысалы егер сіз рухани ізденісте жүрген адам болсаңыз, сізді «рухани даму»жөніндегі курсқа шақыруы мүмкін. Ал егер психологиялық қызығушылықтарыңыз болып жатса, онда «адами потенциал» тағы сол секілді арнайы оқу дәрістеріне шақырту алып қалуыңыз әбден мүмкін. Қазақстанда кеңінен тараған осындай аталмыш курстардың ішінде танымалы ол шет тілдерін үйрену курстары болып табылады. Ағылшын, корей тілдерімен қатар, шет елдік спорт түрлеріне тарту да кеңінен таралған.
Үшіншіден, замануи үрдістегі жоғары сапалы аудио-визуалды контент пен нақты аудиторияға арналған масс-маркетинг арқылы тарту мен алдап арбау. Яғни, арнайы ғибадат, ритуалдар кезіндегі ән-би мен өлең айту сәттерін визуалды мазмұн арқылы ұсына отырып, адамның көңіл-күйі мен санасына әсер ету. Мұндай сәттерден көптеген адамдар шабыттанып, құйқылжыған әуеннен ой-санасының жаңа рухани әлемге бара жатқанын байқамауы да мүмкін. Мұндай кешенді арбау жұмыстары бүгіннің рухани нарығында өз орнын тапқан десек те болады. Әсіресе жастар мен егде жастағы адамдар арасында кеңінен етек жайған.
Төртінші құбылыс, бұл діни қызметтер мен әдебиеттердің қазақшалануы, яғни нақты қазақ тілді мақсатты аудиторияға бағытты жұмыс. Мәселен, елордамызда өз қызметін тек қана қазақ тілінде жүргізетін діни бірлестіктер бар. Олардың пайдаланатын Інжілі мен барлық лекциялары толықтай қазақ тіліне аударылып, жергілікті халықтың мұсылмандық дүниетанымды ескере отырып даярланған. Неофиттер мұндай жағдайларға кезіккенде ішкі «бейсаналық қақтығысты» сезбейді. Себебі ұсынылып жатқан алдап арбау өнімдердің барлығы оның дәстүрлі дүниетанымымен, тілдік, мәдени ерекшеліктерімен өлшенім ұсынылып отыр.
Бесінші, «жергілікті пасторларды» даярлау мен тағайындау. Яғни, діни қызметкерлер мен діни бірлестіктің басшылары жергілікті халықтың арасынан таңдап алынған азаматтардан сайлануы. Себебі, прозелитизм шығындарын жергілікті халықтың есебінен жабу және жергілікті жердің заңдылықтарына бейімделу бұл өте маңызды және ұзақ мерзімді инвестиция болып табылады. Жергілікті жерлерде өз адептілерінің қызметін ретке келтірген шет елдегі діни бірлестік басшылары сол ортадан өзінің сенімді адамдарын тағайындай отыра, солардың атымен және қолымен өз мақсат мүдделерін іске асырып отырады. Көптеген жағдайда этникалық корейлер, орыс ұлты мен қазақтардың арасынан осындай өкілдерді таңдау жиі кездесетін құбылыс.
Алтыншы, бұл телефон қоңыраулары арқылы арбау. Бұл әдіс соңғы кезде пандемияға байланысты пайда болды десек те болады. Себебі бұрын сізді көшеде тоқтатып алып «Сізбен сөйлесуге болады ма? Барлық ауруларыңыздан ұмытқыңыз келеді ма? Шын құдайды танып білгіңіз келеді ме? Бірнеше тілді тез үйренгіңіз келеді ме?» деген сықылды сұрақтардың астына алатын болса, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Тағы бір атап кететіні бұрын тек орыс тілінде ғана сізбен сұқбат құруға тырысса, қазір қазақ тіліне бейімделгені сонша Исус Христос деп емес, қазақшалап «Иса пайғамбар» деп тұрып сөйлеп бере алады. Негізінде кей неохристиандық бағытты ұстанушы топтар осындай жағдайда қалай сұқбатты құруға байланысты ондаған түрлі моделдік нұсқаулық дайындап өз миссионерлерін әртүрлі жағдайға алдын ала дайындайды. Мәселен ол адамның көңіл-күйі қандай, жұмыс орны, мамандығы, інжілдік сюжеттерге сену деңгейі, діни сенімі қандай тағы сол секілді бірнеше моделдер қарастырылады.
Жетінші, иеротопия әдісі. Бұл арнайы қасиеттендірілген орындар мен сакралды ғибадат үйлерін құру. Мақсаты ғибадат жасау барысында адептерге психологиялық және эмоционалдық әсер ету. Кей бірлестіктің басшылары көрсеткендей ғибадат үйлерінің қарапайым болуы олардың бірегей және замануи, құдайсүйгіштікке басымдық берген және де ең дұрыс дін мен ақиқат ілімнің қауымдастығы етіп көрсеткісі келетін рәміздікке де ие. Олардың ойынша осындай қарапайымдылық ұстанымдары жаңа адамдардың қызығушылығын туғызады және біздің қатарымызға келіп қосылуына себеп болуы мүмкін деген ой да бар. Және де адептілер арасындағы байланыстың өзі белгілі бір тартымдылық ережелеріне сай жасалады, мәселен «брат», «сестра» деп сөйлеу немесе өзара теңдікті жария көрсету, амандасудағы асқан ибалылық, кешірімшілдік мұның барлығы тартымдылықты арыттыру мақсатындағы әдейі ретпен қойылған заңдылықтар болып табылады.
Жоғарыда аталған себептер әрқайсысы әмбебеп әдіс-тәсілдер болғанымен кешенді жұмыс істейтін алдап арбау тетіктері болып табылады.
Жалпы алғанда еліміздегі діни ахуалды тұрақты, алайда фрагментарды қауіп қатерлер бар екені де анық. Себебі неохристиандық бағыттағы прозелитизмнің мемлекетіміздегі дәстүрлі құндылықтар мен дінаралық келісім, зайырлық қағидаттарына залал келтірер тұстары бар.
Сондықтан мемлекет пен оның қауіпсіздік саласына жауапты тетіктер діни конверсия мен неохристиандық прозелитизм құбылысын ден қойып зерттеп, зерделегені дұрыс.
Бексұлтан Абдуллов,
«Діндерді зерттеу орталығы» Мониторинг және аналитика бөлімінің басшысы