Аймақтар • 29 Наурыз, 2021

Ақтөбе темірқорытпа зауыты зиянды заттар көлемін 2024 жылға дейін 30%-ға азайтады

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың  Ақтөбе облысына келген сапарында белгілі болды деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтөбе темірқорытпа зауыты зиянды заттар көлемін 2024 жылға дейін  30%-ға азайтады

Ведомство басшысы өңірдегі табиғат пайдаланушы ірі кәсіпорындарды аралап, өңір экологиясын жақсарту  шараларымен танысты.

Министр «Қазхром» ТҰК-на қарасты Ақтөбе темірқорытпа зауыты басшылығымен кездесуінде осы кәсіпорынның өңірдегі ірі ластаушылардың бірі екенін  айтып өтті. Өйткені, Ақтөбе қаласы бойынша ауаға жіберілетін зиянды заттар көлемінің 50%-ы аталған кәсіпорынға тиесілі.

2021 жылдың ақпан айында кәсіпорын министрліктен кешенді экологиялық шараларды жүргізуге рұқсат алып, өндірісті ең озық қолжетімді технологияларға көшіруді жоспарлап отыр. Ол үшін кәсіпорын  зауыт қондырғыларына  сүзгілер орнату арқылы  ауаға жіберілетін зиянды заттар көлемін 2024 жылға дейін  30%-ға азайтуды жоспарлап отыр. Министр  зауыт басшылығына ең үздік қолжетімді технологияларға көшу шараларын тездетуді тапсырды. Сонымен бірге хромшпинель ұнтағы қалдықтарын көму жұмыстарын да  жедел түрде қолға алуды міндеттеді.  Жалпы «Қазхром» трансұлттық компаниясы өткен жылы экологиялық шараларға 11,5 млрд теңге бөлсе, оның 7 млрд теңгесі Ақтөбе өңіріне бағытталған.

Осыдан соң М. Мырзағалиев экологиялық тұрғыдан  қауіпті  ірі өндіріс орындарының қатарындағы Ақтөбе хром қосындылары зауытына барып, кәсіпорын ауласында жиналып қалған өндіріс қалдықтарын кешенді  көму жоспарымен танысты. Осы кәсіпорын 2020 жылы жаңа технологияларды қолдану арқылы  лас шығарындылар көлемін  1,4 есеге азайтты.

«2025 жылға дейін зауыт эмиссияны азайту үшін ауаға шығарылатын шаң тұтқыш сүзгілер  орнатуды міндетіне алды. Бұл жұмысты мүмкіндігінше тездету керек»,  деді министр.

Ақтөбе қаласының экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына тозығы жеткен кәріздік-тазалау құрылғылары бекеті де әсерін тигізуде.  Мағзұм Мырзағалиев «Aktobesu-energygroup» АҚ-ына қарасты кәріздік-тазалау құрылғылары орталығында болды. Бұл жерде министр өңір басшысы Оңдасын Оразалинмен бірге  жаңа кәріздік-тазалау бекеті құрылысы жөнінде  пікір алмасты. «Қазіргі кезде бюджеттен бөлінген  420 млн теңгеге химиялық реагенттер қосу арқылы қоқысты тазалау жұмыстары жүргізілуде. Министрлік  өткен жылы облыс әкімдігімен бірлесе өңірдің күрделі  экологиялық мәселелерін кешенді шешудің Жол картасын қабылдады.  Биылғы жылдан бастап қоршаған ортаға келтірілетін зиянды қалдықтар көлемін азайту жұмыстары осы Жол картасы шеңберінде іске асырылады», деді Мағзұм Мырзағалиев.

                                                                                  

Ақтөбе облысы