1998 жылдан бері түсіріле бастаған халықаралық «Жди меня» телебағдарламасы қазақстандық көрерменге жақсы таныс. Ресей, Молдова, Армения, Украина елдерімен тұрақты байланыс орнатқан тележоба 2009 жылдың 7 желтоқсанында «Жди меня, Казахстан» бағдарламасының алғашқы түсірілімін шығарды. Бір-бірін іздегендерді табыстыратын тележоба басталғаннан бергі 23 жылда 218 687 адам бір-бірімен қауышқан екен. Ал бағдарламаның ресми сайты базасында 3 миллион 160 мың іздеуші тіркелген.
Аталған жобаның Қазақстандағы кеңістігінде қандай қилы тағдырлар мен тосын оқиғалар кездесетінін «Жди меня, Казахстан» телебағдарламасының жүргізушісі Әйгерім Мұздыбаевамен әңгіме барысында білдік.
– 2019 жылғы бір түсірілімде қызын іздеген әкемен таныстық. Ажырасқан соң әйелі қызын басқа қалаға алып кеткен екен. Осылайша, арадағы байланыс үзілген. Олар табысқанда отбасылы (үш қызы бар) әкесі 50-де, қызы 27 жаста болды. Бойжеткен үш қыз өгей әкелері туралы жылы естеліктерінде оның туған қызын табуды армандайтынын және жиі еске алатынын баяндады. Біз қызды іздеп тауып, сұхбат алып, сюжетті әкесіне көрсеттік. Сонда тұрмыс құрып, балалы болған қыз сұхбатында әкесін ешқашан кешіре алмайтынын және оған мұқтаж емес екенін айтты. Жасөспірім шағында анасынан айырылған қыз балалар үйінде өскен екен. Өмірінің ең қиын сәттерінде әкесі жанында болмағанына өкпелі. Дегенмен, бағдарламаға қызы да келді. Әкесімен жылап көрісіп, ұзақ құшақтасты. Қазір ол оқиға туралы айтып отырғанда менің көзіме жас келеді. Міне, бұл ерекше кездесу болды. Ал сонда әріптесім, екінші жүргізуші Сергейдің жылағанын алғаш рет көрдім. Ол өте ұстамды еді, –деді Әйгерім.
Бір сәтке көңілі босаған тележүргізуші тағы бір тағдырлы түсірілімнің оқиғасын еске түсірді.
– Бірде отыз жас шамасындағы жігіт әкесін іздеп келді. Нәтижесінде, ол әкесімен бірге, туған екі бауырымен қауышты. Әкесі бір баланы асырап алған екен. Екінші баланың денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі болды. Кейіпкеріміздің жаңа табылған бауырының бейімдеу орталығындағы сюжетін көргенде басқа да туысқандарын іздеп жүрген балаларды байқадық. Жасөспірім кезінде орталыққа түскен 20 жастағы жігіт бұған дейін әкесімен бірге тұрған. Ал оның орталыққа не себептен түскенін білмедік. Бірақ ол жігіттің камераға қарап айтқан сөзі жүректі тіліп түсірердей еді. Қайда жүрсе де, қандай жағдайға ұшыраса да әкесін күтетінін, ол үшін бәрін жасауға дайын екенін айтып, іздеу салды. Сонда алғаш рет эфирдегі сөзімді айта алмай тұрып қалдым. Балалардың тап-таза жүрегіне, сөнбес үмітіне, мейірімі мен бауырмалдығына, кешірімшілдігіне қайран қаласың, – деді Әйгерім.
Әрине, кәсіби журналист жұмыс барысында сезімге ерік бермеуі керек. Алайда аталған бағдарлама барысында жақындарынан үміт үзбеген, оларды аласұра іздеген балалардың шексіз бауырмалдығын көргенде өзіңді ұстап тұру мүмкін бе?..
Тележүргізушінің жүрек толқытарлық әңгімесі күнделікті қоңыр тіршілікте көп байқай бермейтін біраз дүниеге көз жеткізгендей. Әсіресе, халқымыздың ерекше бауырмалдық қасиетіне тағы да куә болдық. Олар табандылықтың арқасында шетел асқан – АҚШ, Еуропа елдеріндегі һәм көршілес мемлекеттердегі әке-шеше, бауырларын тапқан. Байқасақ, ұзақ уақыттан кейінгі жақын жандардың көрісуінің арғы жағында үлкен жүрек пен кешірім тұрғандай. Бәлки, бұл айналамыздағы туыс-туған, дос-жаранмен Наурыз мерекесі қарсаңында Көрісу күнін өткізіп, қол алысып, құттықтап жататын ақжарқын пейілімізден де болар.
Бағдарлама ұжымының айтуынша, елімізде көбінесе ата-ана перзентін (яки керісінше), баласы аға-әпкелерін іздейді екен. Тіпті өмір бойы бір-бірін іздеген ағайындар сол бойы бір-бірімен табыспай кетіп жататын жағдайлар да кездеседі. Бауырлардың қысқа ғұмырда қайғыда да, қуанышта да бірге бола алмауының басты себебі, көп жағдайда ата-аналарының ажырасуына келіп тіреледі. Екі адамның арасындағы түсініксіз реніш пен ұрыс ет-жақын бауырлардың бір-бірінен хабар-ошарсыз кетуіне әкеледі.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ағайындардың бір-бірінен ажырамай, сағына көрісіп жүргеніне не жетсін?! Тағдырдың жазуымен көз жазып қалған сәтте, бір-бірінен кемшілік іздемей, кеңшілік жасап, кешірімшіл болу да нағыз адамгершіліктің, қазақы болмыстың нышаны емес пе? Олай болса, ұлттық тәрбиеден ауытқымай, қашанда барымызды бағалай білейік, ағайын.