Руханият • 30 Наурыз, 2021

Тасқынға тосқын қойысып жүр

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн райы күрт жылынса, Шығыс Қазақстан облысында 94 елді мекенді су басу қаупі бар. Тілсіз жау­дың алдын алу үшін жер-жерде құтқарушылар тех­никаларын сайлап, да­йын отыр. Олардан бөлек, Jas Otan волонтерлері де қолға күрек алып, әлеу­мет­тік әлжуаз топтағы отба­сы­лар­ға көмек көрсетіп жүр.

Тасқынға тосқын қойысып жүр

Наурыз айы бастала сала волонтерлер қарға көмілген аулалар мен бұлақ арналарын қардан тазартуға кіріскен. Көбесі сөгіл­ме­ген күртік қарды ойып алу да оңай емес. Соның өзінде шын жана­шырлық танытқан жастар қауіп­тің алдын алу үшін аянып қалып жатқан жоқ.

Глубокое ауданындағы Jas Otan волонтерлері ТЖД мамандарымен бірлесіп, республикалық «30 игі іс» акциясы шеңберінде жалғызбасты, мүмкіндігі шек­теу­лі жандардың аулаларын қар­дан арылтуға атсалысып жүр. Со­нымен қатар қызыл су жүруі ық­ти­мал арықтарды да тазалап шықты.

– Қай кезде болсын, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табыламыз. Қыстай қариялардың, жалғызбасты аналардың үйіндегі шаруасына қолғабыс еттік. Енді міне, қарғын судың алдын алуға септігімізді тигізсек деп жүрміз, – дейді Глубокое кентінің тұрғыны, волонтер Шәкәрім Маралханов.

Өзен бойында жатқан Глу­бо­кое, Алтай, Бородулиха сын­ды аудандардың кейбір ауыл­да­­рына су басу қаупі төніп тұр. Сон­дық­тан да тұрғындардың ерте қам­данғандары жөн. Қатарлары толы­ғып келе жатқан волонтер жастар да бір жағынан шығысып жүр. Әсіресе, былтыр індет қыс­қан кезде көпшілік солардың кө­ме­гіне жүгінген.

Сонымен қатар тасқынның алдын алу үшін өңір бойынша 2412 техника, 370 мотопомпа дайындалып, 87 мың дана ыдыс-қап, 15 мың тонна инертті материалдар әзірленген. Құтқарушылар ха­лыққа түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп, барынша абай болу қа­жет­тігін ескертіп-ақ жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы