Оқиға • 30 Наурыз, 2021

Экоробот қоқыс жинайды

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдегі су көздерінің ластануы – өзекті мәселе. Осының алдын алу үшін Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары тың жоба ойлап тапты. Олар қайта өңделген пластикалық бөтелкелерден табиғи су қоймаларын қоқыстан тазалауға арналған робот макетін құрастырды.

Экоробот қоқыс жинайды

– Судың ластануы туралы ақпараттарды оқығанымда өз көзіме өзім сене алмадым. Осының барлығы адамның қолымен жасалатыны өкінішті. Соның алдын алу мақсатында жоба жасап, сайыста жеңіске жеттім. Оған көпшіліктің назары ауды. Сөйтіп макет жасадым, – дейді өнертапқыш оқушы Аружан Қаймолдина.

Оған көмектескен Нұрбол Мақтаев «WRO-2020» дүние­жүзілік LEGO роботтар олим­пиадасының жүлдегері, құл­темір жасаудың шебері. Оқу­шылардың ендігі ойы – су­дың бетіндегі, түбіндегі қоқыс­ты жинауға және су қой­ма­сының экологиялық жағ­дайын бақылауға арналған ро­бот­тан­дырылған кешен құ­ру. Шағын макеттегі робот­тан­дырылған кешеннің өзі екі бөлікке бө­лінді: аэроқайық жә­не жылжымалы қалқымалы ме­ханизм. Аэроқайық роботты кешенді су қоймасы арқылы берілген бағыт бойынша жылжыту функциясын орындайды. Жылжымалы қал­қымалы механизм су астындағы және үстінде қоқыс жинауға жұмылдырылады.

– Біздің роботтандырылған кешен су астындағы және үс­тіндегі қоқыстарды жинап, бейнекамералар көмегімен су асты әлемінің жағдайын, оның фаунасы мен флорасын ба­қылайды, – дейді жоба автор­ларының бірі Нұрбол Мақтаев.

Жас зерттеушілердің ендігі жоспары токсиндер мен зиянды химиялық қосылыстардан тірі ағзаларға зиян тигізбейтін немесе әсер етпейтін суды тазартатын химиялық заттарға IGW қосу. Сонымен қатар жо­баны жетілдіріп, «Дарын» са­йысында бақтарын сынамақ. Бәрі сәтімен жүзеге асып жатса, жобаны патенттеп қою керек деседі.

 

СЕМЕЙ