Әдебиет • 30 Наурыз, 2021

Ұлы жыраудың жырларын оқыды

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы Жам­­­был облыстық көзі көр­мейтін және әлсіз көретін азамат­тар кітап­ханасының ұйымдас­тыруымен «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында «Жыр алыбы – Жам­был» атты Жамбыл Жабаев­тың өлеңдерін оқу­дан байқау өтті.

Ұлы жыраудың жырларын оқыды

Ұлы жыраудың шығар­ма­шы­лығын кеңінен насихаттау, оқыр­мандарды отаншылдыққа баулу, жастарды кітап оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған байқау Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Аталған кітапхана дирек­торының орынбасары Гүлнұр Алтынбекованың айтуынша, байқауға облыс бойынша 45 жұмыс түскен. Үміткерлердің жұмыстары түрлі әлеуметтік желілерде күнделікті жария­лан­ған. «Байқауға келіп түскен жұмыстардың 19-ы зағип және мүмкіндігі шектеулі жандар жолдаған. Байқау шарттарына сәйкес, қазылар ақын өлең­де­рінен мәнерлеп үзінді оқу және шығарманы оқу уақыты бес минуттан аспауын басты назарда ұстады», дейді ол. Нә­ти­жесінде, «Болашақ» мектеп-интернатының оқушысы Айзере Байбосын мен Тараз қаласындағы №47 мектептің оқушысы Бек­болат Оралбек бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Мойынқұм ауданынан Шархат Байгөбек, Тараз қаласындағы №10 мектеп оқушысы Әлібек Сейдазім және Талас ауданы, Майтөбе ауылынан Дархан Мат­вай иеленді. Сонымен қатар Жуалы ауданынан Салауат Ел­аман, Жамбыл медициналық жоғары колледжінің студенті Мейірман Қуанышбай мен Тараз қаласындағы №5 мектептің оқу­шысы Әдия Әлімхан үшін­ші орын алса, ынталандыру сый­лықтарымен «Болашақ» мек­теп-интернатының оқушысы Ибра­хим Суров, Меркі ауданынан Мария Нисанова, Байзақ ауданынан Мөлдір Тұрсынбаева мен Тараз қаласындағы №5 мектептің оқушысы Мөлдір Кеңес марапатталды. Жеңімпаздар мен жүл­дегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар берілсе, барлық қа­тысушыға кітапхана атынан Алғыс хаттар табысталды.

 

Жамбыл облысы