Аймақтар • 30 Наурыз, 2021

Шығыс Қазақстанда уланған оқушылар саны 127-ге жетті

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бозанбай ауылындағы мектеп оқушыларының жаппай улануына байланысты тексеру жүргізілуде. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, зардап шеккен балалар саны 127-ге жетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Шығыс Қазақстанда уланған оқушылар саны 127-ге жетті

Шығыс Қазақстан облысындағы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Қанат Тұрдиев онлайн форматта өткен баспасөз конференциясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 29 наурыздағы жағдай бойынша 14 жасқа дейінгі 93 бала, 28 жасөспірім және алты ересек адам уланған. Бұл 127 адамның 110-ы Бозанбай орта мектебінің оқушылары.

«Науқастардың дене қызуы көтеріліп, жүректері айнып, құсып, іштері өткен. Өскемендегі Ана мен бала орталығының жұқпалы аурулар бөліміне 62 бала жатқызылды. Қалғандарды үйлерінде дәрігер бақылауында», деді Қанат Тұрдиев.

Қанат Тұрдиевтің айтуынша, эпидемиялық тексеру барысында уланғандармен байланыста болған 383 адам анықталған. Оларға да медициналық бақылау жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта департамент мамандары мен Ұлттық сараптама орталығы тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Құқық қорғау органдарымен қозғалған қылмыстық іс бойынша зертханалық зерттеулерге тамақ өнімдерінің сынамасы алынды. Мектеп карантинге жабылған», деді ШҚО санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің бастығы.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп оқушыларының тамақтан уланғаны хабарланған еді.