Мәселен, Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиеваның айтуынша, Covid-19 пандемиясы басталғалы бір жыл өтсе де коронавирустың тиімді емі жоқ, бірақ асқынудан, қайғылы жағдайдан қорғайтын вакциналар бар. Вакцина қабылдаған адам мутацияланған вирусты жұқтырса да, екпенің қорғаныс әсері болады. Себебі, SARS-CoV-2-ге қарсы барлық вакцинаның құрамына вирус геномының фрагменттері кіреді, олар мутация процесінде өзгермейді.
Қазір басты міндет – пандемия басталғаннан бері ауырғандардың санын анықтау емес, халықты індетті қайта жұқтырудан қорғау. Сонымен қатар әлем елдері бірнеше вакцина қолдануда. Әлемдегі вакцинаның енгізілген дозаларының жалпы саны бойынша алғашқы бестікке АҚШ (124,48 млн доза), Қытай (74,96 млн), Ұлыбритания (29,86 млн), Үндістан (45,07 млн) және Бразилия (13,56 млн) кіреді.
«Қазақстанда пандемияны тоқтатып және популяциялық иммунитет қалыптастыру үшін кемінде 10 млн адам екпе салдыруы тиіс. Сондықтан қазір басты міндет – пандемия басталғаннан бері ауырғандардың санын анықтау емес, халықты індетті қайта жұқтырудан қорғау. Өйткені азаматтардың 50%-ы симтомсыз немесе жеңіл дәрежеде ауырған», дейді Л.Ералиева.
Адамзат бұған дейін де пандемия мен жұқпалы аурулар эпидемиясын бастан кешкен. Ол кезде де індетті эпидемияға қарсы шаралар, сондай-ақ вакциналау мен тиімді дәрі-дәрмек жасау арқылы жеңді. Елу жыл бұрын вакциналаудың нәтижесінде миллиондаған адамның өмірін қиған ауру ауыздықталды. Инновациялық дәрі-дәрмектердің көмегімен дәрігерлер бүгінде АИТВ/ЖИТС пандемиясымен күресуде.
«Бірнеше айдың ішінде әлемде ондаған COVID-19-ға қарсы вакцина жасалды, дәрігерлер екпенің жоғары тиімділігіне таңғалуда. Коронавирус мутацияға ұшырайды, яғни өзгереді. Оның жұғу қаупі күшейіп, індеттің жаңа толқыны басталуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін қысқа мерзімде адамдарды жаппай вакциналау керек. Сондықтан азаматтарды коронавирусқа қарсы вакцина қабылдауға және пандемияны жеңуге нақты үлес қосуға шақырамын», деді америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, профессор Алмаз Шарман.
COVID-19 вакциналауы әдетте екі кезеңде жүргізіледі. Вакцинаның екінші дозасы біріншісінен кейін үш апта өткен соң салынады. Нәтижесінде ағзада антидене, сондай-ақ иммундық жасушалар пайда болады да, 90 пайыз COVID-19-дан қорғайды. Сонда шамамен 10 пайыз коронавирус жұқтыру қаупі қалады. Сондықтан вакциналаудан кейін де маска киіп, қол гигиенасын, әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Сақтық шараларын адамдар жаппай вакцина алып, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін жалғастыруға тура келеді.
«Қалыпты өмірге тезірек оралу үшін коронавирусқа қарсы вакцина алған дұрыс. Сонда әр адам инфекцияның таралуын тоқтатуға және пандемияның аяқталуына үлес қосады. Әлемде бірнеше вакцина қолданылуда, екі жүзден астам вакцина клиникаға дейінгі немесе клиникалық зерттеулерден өтуде. Вакциналау арқылы КВИ-дің жаңа жағдайларының алдын алу тиімділігі өте жоғары – 60%-дан 95%-ға дейін. Бірақ вакциналанған адам жұқтырған болса да, вакциналау асқыну мен қайғылы жағдайдан өте жақсы қорғайды», деді А.Шарман.
Профилактикалық медицина академиясының сарапшысы Бауыржан Жүсіпов әлемде бірнеше вакцина қолданыста екенін айтты, екі жүзден астам вакцина клиникаға дейінгі немесе клиникалық зерттеулерден өтуде.
«Ең алдымен әлеуметтік арақашықтық шараларын және маска режімін сақтау қажет. Сонымен қатар жаппай вакциналауды қамтамасыз ету өте маңызды. Коронавирустың таралуын шектеу шараларынсыз тоқтату үшін ұжымдық иммунитет жоғары болуы керек. Егер бұрын эпидемиологтар ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейін 60-70% деп бағаласа, онда жұқпалы жаңа нұсқалар үшін ұжымдық иммунитет деңгейінің кем дегенде 80% болады», деді Б.Жүсіпов.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2021 жылғы 26 наурыздағы SARS-CoV-2 «Британдық штамы» әлемнің 125 елінде, «Оңтүстік Африка» 75 елінде, «Бразилиялық» 41 елінде анықталды. Яғни бір апта ішінде «Британдық штам» әлемнің тағы 7 елінде анықталды. Вирустың мутация ықтималдығы адамдардың жұқтыру жиілігінің жоғарылауымен артады.
Қазір вакцина тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі халықты вакцинамен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауда. Ресей Федерациясында «Спутник» вакцинасының екі компонентімен халықтың 1,9%-ы қамтылған.
Қазақстанда вакциналар медициналық мекемелерге түскенге дейін тексеруден өтеді және оған қойылатын талаптар өте жоғары. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы вакциналардың сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін әзірлеу, өндіріс жағдайын бағалау, клиникаға дейінгі сынақтарды мұқият сараптау кезеңінен бастайды және клиникалық сынақтар кезеңдеріне өте маңызды талаптар қойылады. Сондықтан Қазақстанда, әлемде вакциналарды тіркеу және сараптамадан өткізу процесі көпкезеңді және еңбекті талап етеді.
Пандемия кезеңінде «Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусқа қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысының негізінде қазақстандық QazCovid-in вакциналары (2020 жылғы 31 желтоқсан 9 ай мерзімге) және Гам-КОВИД-Вак (2021 жылғы 15 ақпан 9 ай мерзімге) уақытша тіркеуден өтті. QazCovid-in қазақстандық вакцинасы қазір клиникалық сынақтың 3 кезеңінен өтуде, бұл осы жылдың екінші жартысында аяқталады.
«COVID-19 вакциналары бүкіл әлемде жаппай жұқтыру және коронавирус инфекциясынан адам өлімі жағдайында шұғыл дайындалды. Сонымен қатар бұл ғаламдық проблема болғандықтан, фармацевтикалық компаниялар вакцинаны тез әзірлеуге айтарлықтай ресурс жұмсады. Бірақ компаниялар қауіпсіздік хаттамаларын қатаң сақтады», дейді Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев.
Ол вакцинаның тиімділігі адамның өзіне де байланысты екенін еске салды. Сондықтан вакцинаның бірінші және екінші дозасы арасында адамдармен байланысты азайтып, барлық санитарлық ережелерді сақтау қажет. Иммунитет біртіндеп қалыптасады, ал вакцинаның бірінші және екінші дозасы арасындағы кезеңде организм әлсіз болады. Егер адам санитарлық шараларды сақтамаса, COVID-19-бен ауруы мүмкін.