Заң жобасын Мәжіліс өкілдеріне Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов таныстырды. «Құжаттың негізгі бағыттары одақ аумағында айналыстағы барлық өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біріншіден, бұл одақ деңгейінде өнімге қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесіне енгізілмеген өнімдер. Екіншіден, одақтың бірыңғай техникалық регламенттері қабылданбаған немесе күшіне енбеген өнімдер. Өнімнің бірыңғай тізбесі тұтыну және пайдалану кезінде қауіптілігі жоғары тәуекелдермен сипатталатын өнім түрлерін қамтиды», деді министр.
Министр бүгінгі таңда айналысқа шығарылатын өнімнің 85%-ы Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай техникалық регламентімен реттелетіні айтады. Қалған 15%-ды бүгін ұсынылып отырған заң реттейтін болады. «Біз тауарлар номенклатурасына талдау жасадық. Негізінен бұл әлеуетті қауіп төндірмейтін өнімдер. Мысалы айта кетсек, зергер бұйымдары, сағат, тұрмыстық щетка, жасанды зергер бұйымдары және т.б», деді Бақыт Сұлтанов.
Ведомство басшысы қабылданғалы отырған келісім бизнес үшін әкімшілік кедергілер тудырмайтынын атап өтті.
«Өнім туралы мәліметтерді ақпараттық базада жинақтау көзделеді. Олар тұтынушылар үшін қолжетімді және нарықтағы жағдайды зерттеу мақсатында пайдалануға ашық болады. Бұл жаңа өнім түрлерінің пайда болуына жедел ден қоюға және тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді», деді министр.
Министрдің айтуынша, Ресей, Беларусь және Қырғызстан бүгінге дейін аталмыш келісімді ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді аяқтап қойған. Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап, дауыс берді.