Коронавирус • 31 Наурыз, 2021

Ақтөбе облысы «қызыл аймақта»

634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

31 наурыздан бастап  Ақтөбе   облысы коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші  бойынша «қызыл» аймаққа енді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева хабарлады. Бүгінгі күні өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 82 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысы «қызыл аймақта»

Соңғы мәлімет бойынша Ақтөбе қаласында  40 жағдай,  Шалқар  –2, Хромтауда –1, Алғада –4, Ойыл аудандарында 4  науқас тіркелді. Ақтөбе қаласында үш науқастан коронавирустың «британдық» штамы  анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болған 1300 ақтөбелік үй карантиніне алынды.

Нұрсұлу Беркімбаева  брифингте  санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің жаңа Қаулысын жариялады.  Онда «адамдар көп жиналатын іс-шаралардың өткізілмейтіні, ойын-сауық орындары мен  жабық балалар ойын алаңдарының жұмыс істемейтіні, мектеп асханалары ашылмайды, қалааралық, облысаралық  автобустар қозғалысы шектелетіні көрсетілген. Кинотеатр, театр, мұражай, кітапханалар онлайн түрінде  қызмет көрсетеді.  Рамазан кезінде  ауызашар жасауға рұқсат жоқ. Діни орындарда  ұжымдық іс-шаралар өтпейді. Балабақшаларда кезекші топтар ғана жұмыс істейді.  Қоғамдық тамақтану орындары  жексенбіде жабылып, осы күні тек тапсырыстар жеткізеді. Жексенбі күні сауна, монша, сұлулық салондары, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері  жабылады».

Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан 1 сәуірден бастап Ақтөбе облысының барлық орта мектептері аралас оқу форматына көшетінін хабарлады.  Бүгінде Ақтөбе облысында жалпы білім беретін 416 мектепте 159 мың 602 оқушы оқиды.  Ал, бала саны 300-ден аспайтын 246 ауыл мектебі дәстүрлі форматта жалғастыра беретін болды. Мұндағы  оқушылар саны – 23 мың 820.  Бұлар өңірегі барлық орта білім беру мекемелерінің  14  %-ын құрайды. Осылайша  оқушы саны аз елді мекендер мен қаладағы ерекше қажеттілігі бар балалар оқитын арнаулы мектептерде  IV тоқсан дәстүрлі түрде басталады.  Облыстық білім басқармасы ертеңнен бастап  оқушы саны 300-ден асатын әрбір қала мектебі  аралас оқуға көшетінін хабарлады. Қала және аудан орталықтарындағы мектептердің барлығы  70%-ы офлайн, 30%-ы  онлайн форматында оқиды. Және әрбір сыныптағы оқушылар саны 25-тен аспауы тиіс.