Аймақтар • 31 Наурыз, 2021

Атырауда жаңа зауыт құрылысы басталды

460 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда су есептегіш құралдарын шығаратын зауыттың құрылысы басталды.

Атырауда жаңа зауыт құрылысы басталды

Жаңа зауыт Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында салынады.

Шетелдік құрылғылармен жабдықталатын зауытта болашақта айына 18 мың данадан астам су есептегіш құрылғылары шығарылады.

«Қазіргідей күрделі кезеңде біз үшін жұмыс орны мен өндіріс ошағы маңызды. Су есептегіш құралдарын шығаратын зауыт – Махамбет ауданында бой түзейтін алғашқы өндірістік орын. Экономикаға пайдалы мұндай жобаларды көбейту алдағы уақытта да жалғасады» деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Жаңа зауытта 80 адам жұмысқа тартылады. Оның 60-тан астамы Махамбет ауданынан алынады. Солардың қатарында Сарытоғай ауылының тұрғыны Азамат Сұлташев та бар.
«Бұған дейін Теңіз кенішінде жұмыс істеп келдім. Ауылымызда отандық өнім шығаратын зауыт ашылатынын естіп, осында ауыстым. Мұнда менімен бірге ауылдастарым да жұмыс істейді. Арнайы оқу курсынан өттім» дейді ол.

Ал, «Guryev» ЖШС-нің директоры Жеңіс Бекбасаровтың айтуынша, бұл - Қазақстандағы отандық есептегіш құралдарын шығаратын алғашқы кәсіпорын. Қажетті шикізаттар елімізден әкелінеді. Әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болады. Алғашқыда зауыт облыс кәсіпорындарының сұранысын қамтамасыз етеді. Кейін өзге өңірлерге сұраныспен жіберіледі.

«Су есептегіш құралдары шетелден жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ шетелден әкелінген бөлшектері құрастырылады. Сондықтан бұл зауыт еліміз үшін өте пайдалы өндіріс болады деп күтілуде. Бастапқыда мұнда механикалық есептегіш құралдар, кейін электронды түрлері шығарылады. Мұның тиімділігі ай сайын суды қанша тұтынғанын құрылғы автоматты түрде есептейді. Осы орайда, мұны елімізде жүргізіліп жатқан ақпаратты тасымалдау жүйелерін цифрландыруға да септігі тиетін ерекше жоба деуге болады», деді Жеңіс Бекбасаров.

Зауыт басшылығы екі компаниямен меморандумға қол қойды. Аталған зауыт құрылысы алдағы қыркүйекте аяқталып, өндірістік жұмысы басталады.

Соңғы жаңалықтар