Шығыс Қазақстанда Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдайдың тұрақты екендігін айтты.
Өңір бойынша пандемия басталғалы бері жалпы тіркелген науқастар саны – 22846-ге жеткен. 30 наурызда өсім қарқыны тәулігіне 0,2%-ды құрап отыр.
«Биылғы оқу жылы басталғалы бері 1334 оқушы жұқпалы дертке шалдыққан. Олардың 678-і ауру белгілерімен, ал 656-сы симптомы жоқ науқастар. 974-і қашықтан білім алып жатқандар болса, 360 бала кезекші сыныптарда коронавирус жұқтырды. Соңғы ақпараттарға сәйкес 1298 оқушы індеттен жазылып, оқуын қайта жалғастыруда. Ал 35 бала үйде дәрігерлер бақылауында», деді Қанат Тұрдиев.
Қанат Тұрдиевтің айтуынша, соңғы қабылданған қаулыға сәйкес өңірдегі шектеу шаралары 2 сәуірге дейін ұзартылған. Құжатта жазылғандай, қоғамдық тамақтану объектілеріне аптаның барлық күндері сағат 07:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген.
«Сонымен қатар 4 тоқсаннан бастап 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектеп оқушылары дәстүрлі форматта оқиды. Талап бойынша әр сыныптағы бала саны 25 адамнан аспауы тиіс. Білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топта оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілген. Ал колледждер мен жоғары оқу орындарының 1-курс студенттері үшін штаттық оқыту жалғасады», деді департамент басшысы.