Экономика • 31 Наурыз, 2021

Алтын өндіруге әркімнің бар таласы

414 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы бес жылда бір ғана «Қазақалтын» кәсіпорнында 32 мыңнан астам азамат заңсыз алтын өндірісімен айналысқаны анықталса, 2019 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың қыркүйегіне дейін аталған компанияда 6 мыңға жуық кен іздеушінің көлеңкелі ісі әшкереленіп, полицияға тапсырылды. Таяуда Парламент Мәжілісінің отырысында осындай деректі келтірген палата Спикері Нұрлан Нығматулин елімізде көлеңкелі бағалы металл айналымы азаймай тұрғанын және бұл бағытта қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату қажет екенін айтты.

Алтын өндіруге әркімнің бар таласы

Заңсыз алтын айналымымен шұғылданған

Мәжіліс Спикерінің айтуынша, Қазақстанда өндірілетін әрбір 3 тонна алтынның 1 тоннасы заңсыз жолмен игеріледі. Тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі кәсіппен айналысатындарды қомақты айыппұл көлемі де тоқтатар емес.

«Әлбетте, акционерлер, инвесторлар түрлі шаралар қабылдап жатыр. Ішкі істер министрлігі белсенді күресіп келеді. Бірақ жағдай оңалмай тұр. Рас, сол кезеңде бұған қатысты қылмыстық жаза қарастырылмаған еді. Алайда министрлік те, Үкімет те жазаны күшейтуге байланысты бірде-бір ұсыныс жасаған жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура да жауапкершілікті күшейтуге қарсы емес. Мәселе басқада. Министрлік кімнің жағында? Отандық кәсіпорындардың акционерлерін қолдай ма, әлде заңсыз кен іздеушілерді ме?», деген Н.Нығматулин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне шүйліккен еді.

Наурыздың басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер органдарымен бірлесіп, елорда мен Алматы, Павлодар және Семей қалаларында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың өкілдерін құрықтап, арнайы операция өткізген болатын. Күштік құрылымдардың ақпаратына сүйенсек, ұсталған тұлғалар алтын шикізатын ұрлап, оны контрабандалық жолмен сату бойынша айыпталып отыр.

«Ұсталған 16 азаматқа адамды ұрлап бопсалау, қастандық жасау, Шығыс Қазақстандағы кәсіпорындардың бірінен құрамында алтыны бар шикізатты ұрлап, Қазақстан аумағынан тыс контрабандалық жолмен сату, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топты құрып басқаруға қатысты айып тағылған», делінген ҰҚК-нің баспасөз хабарламасында.

 

Кен іздеушілермен диалог орнату қажет

Сарапшылардың пікіріне жүгінсек, жаза күшейтіліп, әкімшіл-әміршіл жүйе енгізілсе де бұл мәселені түкпілікті шешпейді. Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, кен іздеушілердің кәсібін заңдастырып, олардың пікіріне де құлақ түрген жөн.

«Кен іздеушілердің кәсібін заңдастыру арқылы осы бизнесті көлеңкеден шығаруға болады. Бұған қоса олар жұмыс істейтін өңірлерде өндірістік жағдайды жеңілдету тетігін қарастырған артық болмас еді. Мүмкін бұл бағытта арнайы салықтық шаралар әзірлеп, бақылау енгізу керек шығар. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс енгізілгеннен кейін бұл бағытта оң өзгерістер орын алады деп күткен едік. Десе де заңсыз кен іздеушілердің қатары азаяр емес. Сол себепті уәкілетті органдардың қатысуымен олардың басын қосып, кеңес өткізу қажет деп санаймыз. Олар қандай жағдайда көлеңкелі кәсібін тастап, ашық түрде жұмыс істеуге дайын? Отбасыларын асырап қана қоймай еліміздің ішкі жалпы өнімін еселеп, салық төлеу үшін оларға не істеуіміз керек? Міне, осыны білуіміз қажет. Өйткені пайдалы қазбаларды іздеуде олардың кейбірі табысты еңбек етіп жүр. Біздің ойымызша, кен іздеу саласын заңдастыруда басқа мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінген дұрыс», деді Н.Радостовец.

 

Заңға өзгерістер енгізу ұсынылды

Бағалы металдар өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Ғани Сағиев те жоғарыдағы пікірді қуаттай келе жауапты ведомствоға салалық заңға тиісті өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс айтылғанын жеткізді.

«Кен іздеушілерге тоқталсақ, Шығыс Қазақстанда қазір ахуал тұрақты. Былтыр аталған өңірде жұмыс істеп жүрген кен іздеушілермен кездесіп, салаға қатысты ойларына қаныққан болатынбыз. Тиісті заңның негізінде осы азаматтар тартылатындай ортақ ережені бекітуіміз тиіс. Қай өңірлерде көлеңкелі кәсіптің өршіп тұрғанынан хабардармыз. Былтыр желтоқсанда салалық министрлікке хат жазып, заңға өзгеріс енгізу туралы бастама көтердік. Неге десеңіз, онда көрсетілген талаптар тым қатаң. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамаған абзал», деді Ғ.Сағиев.

Мамандар айтқандай, кен іздеушілер белгілі тәртіп аясында жұмыс істеу арқылы тау-кен саласын қажетті құрал-жабдық пен техникасыз дамыту күрделі екенін түсініп, келешекте ірі компанияларды құруға басымдық беретінін айтады.

«Дұрыс жұмыс істеу үшін қарапайым әрі қолайлы ортаны қалыптастыру қажет. Айталық, егер алтын өндірісімен айналыссаң, онда шартты түрде 20-30 мың теңге төлейсің. Осыдан кейін барып, өзін өзі жұмыспен қамтығандар бұл кәсіптің оңай емес екенін, мұнда қажетті техника мен қайта өңдеусіз жұмыс жүргізу қиынға соғатынын түсінетін болады. Демек, біріге бастайды. Алдағы уақытта өз компанияларын құруға күш салады. Әкімдіктер бұл адамдарды ашық әңгімеге тартуға қамданып, олардың қызметін заңдастырудың амалдарын қарастыру керек деп ойлаймын. Яғни пікір алмасу арқылы бұл бизнесті нығайтуға болатынына сенімдімін», деді Н.Радостовец.

Фискалды органдардың ақпаратына жүгінсек, елімізде бағалы металл өндірісін кәсіпке айналдырған жекелеген азаматтар салық төлеуден жалтаратын көрінеді. Мәселен, былтыр 25 кен іздеуші мемлекеттік кірістер органдарына барып тіркелсе, соның тек шамамен 6-ы ғана салық төлеу тәртібін талапқа сай орындаған.