Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында су добынан Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы өзге спорт түрлерімен салыстырғанда ел тарихында тұңғыш рет жаһандық додада өнер көрсетті. 1994 жылы Италияның бас шаһары – Римде жалауы желбіреген әлем чемпионатында төрт құрлықтан жиналған 50-ге жуық елдің спортшылары 145 медаль жиынтығын сарапқа салды. Жарыс қожайындары Италия, Мажарстан және Канада спортшыларымен бірге D тобына түскен Қазақстанның ерлер құрамасы үш ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, топта үшінші орын иеленді. Италия және Мажарстан құрамаларына жол берген жерлестеріміздің тек канадалықтарға шамасы келді. Екінші турда Үйеңкі жапырақтар елінің спортшыларымен кездескен жігіттеріміз 10:4 есебімен басым түсті. Ал 9-12 орын үшін өткен ойындарда Қазақстан құрамасы Аустралия және Германиядан жеңіліп, су добынан тұңғыш әлем чемпионатын 12-орынмен түйіндеді. Бұл тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін өте жоғары жетістік болатын. Кейіннен еліміздің ерлер құрамасы әлем чемпионаттарының тұрақты қатысушысына айналды. Жерлестеріміз бүгінге дейін айтулы додада жеті рет (1998, 2001, 2009, 2011, 2013 және 2015 жылдары) бақ сынады.
Италиядағы әлем чемпионатына қатысқан әйелдер құрамасы да жаһандық бәсекені 12-орынмен қорытындылады. Италия, АҚШ, Аустралия, Германия, Жаңа Зеландия секілді мықты ұжымға тап келген жерлестеріміз 5 ойынның төртеуінде жеңіліп, соңғы турда Германия құрамасымен (5:5) тең түсті. Қазақстанның әйелдер командасы да су спортынан әлем чемпионаттарында жиі бой көрсететін ұлттық құраманың бірі саналады. Мәселен, бүгінге дейін бұрымдылар әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 8 рет (1994, 1998, 2001, 2003, 2007, 2009, 2011, 2013) жолдама алды.
Кейіннен әлем чемпионатына Қазақстанның шайбалы хоккей құрамасы қосылды. 1998 жылы Швейцарияның Цюрих және Базель қалаларында ұйымдастырылған мұз үстіндегі бәсекеде Қазақстан Ресей, Финляндия және Латвия секілді хоккей державаларымен бір топта өнер көрсетті. Өскемен хоккей мектебінің түлектерінен жасақталған ұлттық құрамамыз барлық ойында қарсыластарына есе жіберсе де, тұңғыш әлем чемпионатынан зор тәжірибе жинақтап қайтты.
Бұдан кейін қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатына жеті мәрте (2004, 2005, 2006, 2010, 2012, 2014 және 2016 жылдары) қатысты. 2005 жылы Аустрияда өткен жаһандық жарыста біздің жігіттер 12-орынға табан тіреді. Бұл – әлем чемпионаттарындағы әзірше ең үздік нәтижеміз. Мұзайдын шеберлері, бәлкім, бұл көрсеткішті биылғы әлем чемпионатында жаңартып қалар. Алдағы мамыр айының 21-і мен маусымның 6-сы аралығында Латвия астанасы Ригада өтетін әлемдік сайыста 2019 жылы жоғары дивизионға оралған Қазақстан құрамасы Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия, Италия құрамаларымен B тобында сынға түседі.
1999 жылы Нигерияда өткен футболдан жастар арасындағы әлем бiрiншiлiгi қазақ футболының алтын тарихына енді. Өйткені ала доп өнеріне аңсары ауған қазақ жастары Азияда теңдессіз құрама атанып, Африка құрлығында ұйымдастырылған аламанда тұңғыш рет өнер көрсетті. Сарықұрлықта қарсылас шақ келтірмеген Қазақстан әлем чемпионатында жастар арасындағы соңғы әлемдік доданың жеңiмпазы Аргентина, Африка чемпионы Гана құрамасы мен Еуропаның қола жүлдегерi Хорватия командасына тап келді. Кіл мықты қарсыласпен жасыл алаңда жолыққан жерлестеріміз тұсаукесер кездесуінде Аргентинадан 1:0 есебімен жеңілсе, екінші турда Хорватияға 5:1 нәтижесімен жол берді. Қазақстан құрамасынан әлем чемпионатындағы ең бірінші және әзірше ең соңғы голын Ерлан Оразаев соққан болатын.
Гол соғылған сәтті Ерлан Оразаев былай баяндап берген еді: «Еуропалық қарсыласымыздың кездесуге дайындығы өте керемет болатын. Мен ойынға тек екінші таймда қосылдым. Ол кезде матчтың есебі 3:0 болып тұрған. Алаңға шыға салып есеп айырмасын қысқартсам да, қапталдағы төрешi «ойыннан тыс қалдың» деп есептемей тастады. Бiрақ матчтан кейін қайталауды көрсем, ешқандай да офсайд болмапты. Соның артынша ұжым болып тағы шабуыл ұйымдастырдық. Кiм екенi қазiр есiме түспей тұр, оң қапталдан бiр әрiптесiм пас бердi. Доп аяғыма дәл келгенін сезсем керек, ештеңеге қарамастан жойқын соққы жасадым. Шамамен 30 метр жерден бағыттаған добым Хорватия қақпашысы үшiн алынбастай болыпты. Доп қақпа торында тулап жатты. Осылайша, Қазақстан футболының әлем бiрiншiлiгiндегi соғылған тұңғыш, әлi күнге дейiн жалғыз болып тұрған голы тiркелген. Ендi бар үмiтiм сол голдың тезiрек жаңартылуы. Бiздiң iнi-бауырларымыз ұлттық құрама сапында әлi талай гол салады деп сенемiн», деп есіне алды. Бүгінде әйгілі шабуылшы Қарағандының «Шахтер» клубының директоры қызметін атқарады.
Араға жыл салып ғасырлар тоғысында Қазақстанның футзал құрамасы да тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. 2000 жылдың күзінде Гватемала төрінде ұйымдастырылған доп додасында жерлестерміз Бразилия, Португалия және алаң иелерімен бірге «А» тобында бақ сынады.
Мұхиттың арғы бетінде өткен әлем біріншілігінде біздің жігіттер барлық қарсыласынан жеңілгенімен, Қазақстан құрамасы үшін мұндай ірі жарысқа қатысудың өзі – зор мәртебе, мол тәжірибе еді. Одан кейін Қазақстан УЕФА қанатының астына өтіп, Қазақстан футзалы жаңа деңгейге көтерілді. 2016 жылы Колумбиядағы әлем чемпионатына мықты дайындықпен барған жерлестеріміз топтық кезеңде Аргентинаға есе жібергенімен (1:0), кейінгі матчта Коста-Рика құрамасынан басым түсті (3:1). Ал соңғы турда Соломон аралдарының қақпасына жауапсыз 10 гол соғып, өз тобында екінші орын алды. Сөйтіп Қазақстан тұңғыш рет маңызды доданың плей-офф кезеңіне қадам басты. 1/8 финалда әлемнің екі дүркін чемпионы Испания құрамасымен жолыққан біздің жігіттер тартысты өткен ойында 5:2 есебімен жеңіліп қалды. 30 минут бойы испаниялықтарға азу көрсетіп, 2:2 нәтижесімен терезесі тең түсіп тұрған өрендеріміз матчтың соңғы 10 минутында қақпаларына үш гол өткізіп алып, жарысты плей-офф кезеңінде аяқтауға мәжбүр болды.
Сонымен қатар волейболдан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары да әлем чемпионатында бақ сынады. Ерлер құрамасы 2002 жылы Аргентинада және 2006 жылы Жапонияда өткізілген құрлық біріншілігінде өнер көрсетсе, әйелдер Жапония (2006, 2010, 2018) және Италиядағы (2014) әлем чемпионаттарында ойнап, топтық кезеңнен кері қайтты. Сондай-ақ гандболдан қыздар құрамасы (2007, 2009, 2011, 2015, 2019) мен көгалдағы хоккейден қыздар арасындағы еліміздің бас құрамасы 2011 және 2015 жылдары аталған спорт түрінен өткен жылдың басты бәсекелерінің топтық кезеңінде ел намысын қорғады.