Екінші елеулі фактор – каналдар, су нысандары және ішкі су жүйелері суға қатысы жоқ мекемелер мен жеке адамдарға беріле бастады. Олар айналасы екі-үш жылда істі аяқсыз тастап кетті. Қираған су ғимараттары, ұйық басқан каналдар мен су қашыртқылары, қамыс басқан, істен шыққан суармалы жерлер «мұраға» қалды. Аудан, облыс және республика деңгейіндегі суға қатысы бар басшылар бірінен соң бірі ауысты. Тек Түркістан облысының өзінде соңғы 16 жылда 6 басшылық ауысыпты. Сондай-ақ елімізде су мамандарын даярлайтын бірде-бір оқу орнының болмауы да істі тұралатып тұр.
Ағын су бойынша Қазақстан көп елдерге тәуелді: шығыста – Қытайға, батыста – Ресейге, оңтүстікте Қырғызстан мен Өзбекстанға. Мақалада басты назар аударған мәселеміз – оңтүстіктегі су проблемасы. Бізге ағын су Ташкент облысында орналасқан Шарбақ су қоймасынан Шыршық өзені арқылы жетеді. Қазығұрт, Сарыағаш, Келестегі суармалы жерлер Үлкен Келес, Зах, Ханым, СТК және ВТК деп аталатын бес канал арқылы келеді. Кеңес заманының өзінде Өзбекстаннан су алу процесі дүрбелеңге толы болушы еді.
XX ғасырдың 70-жылдарында Мәскеу тапсырмасымен Ғазалкент (қазіргі Үлкен Келес) каналын салу үшін Ташкент облысынан 432 гектар жер бөлініп, оның 230 гектары тұрақты болып бекіді. Канал екі кезектен тұрды. Бірінші кезекте Қазығұрт ауданының 9500, Сарыағаш ауданының 8 мың гектар жерін суландырумен қатар, Ханым каналындағы 7500 ескі суармалы жерлеріне су құбыры арқылы ағын суды жеткізіп беру көзделген. Алайда түрлі себеппен Ханымға су құбыры жеткізілмеді. Екінші кезекте Үлкен Келес каналы арқылы сыйымдылығы 300 млн текше метр болатын Дарбаза су қоймасын салып, Сарыағаш пен Келес ауданының 30 мың гектар жері игерілуі тиіс еді. Бұл жұмыс та орындалған жоқ. Қазақстан суымызды алып қояды деп Өзбекстан жағы наразылық танытты. Сөйтіп олар Шыршық өзенінің сол жағалауынан Паркент каналын салып, Шарбақ су қоймасынан келетін суды бөліп жіберді. 1985 жылы да су бермейміз деп Бостандық ауданының бірінші хатшысы Юрий Хайдуров каналымыздың суын жауып тастады. 1986 жылы көктемде Ташоблводхозға суға сұраныс беріп, Узминэнергия арқылы каналға су жібердік. Артынша Хайдуров каналды тағы да жауып тастап, мәселеге Мәскеу араласты. 1987 жылы Мәскеу үш республиканың суын реттеу мақсатында Ташкент қаласынан «Сырдария» мекемесін ашты. Ал еңбегі бағаланған Хайдуров Жизақ облысының бірінші хатшылығына көтерілген еді. Қысқасы, сол кездегі су дауы әлі күнге жалғасып келе жатыр.
Тәуелсіздік алған соң да жағдай жақсарып кете қойған жоқ. Ал келешекте көршімізден тіршілік нәрін алу тіпті қиындай түсетін сияқты. Себебі жыл сайын Қазақстан жағымен келіспей, каналдардағы суды қысқартып тастайды немесе түрлі себеп тауып бірнеше күнге жауып тастайды. Тәуелділіктен толық болмаса да ішінара арылып, өз еңсемізді көтеру үшін бізге су шаруашылығымызды ретке келтіруге тура келмек. Бұл үшін не істеу керек? Алдымен су шаруашылығы министрлігі құрылғаны абзал. Сөйтіп ел аумағындағы ағын су мен ауыз су, өзендер мен көлдер, басқа да су көздері осы министрліктің бақылауына алынуы тиіс. Одан соң жоғары оқу орындарында су мамандарын даярлайтын факультет ашу да өте өзекті. Бізде қазір су мамандары жетіспейді. Көптеген қызметкердің жасы зейнет жасына таяп қалған, ал біразы зейнетке шықса да жұмыс істеуге мәжбүр. Соған қарамастан жалақы өте төмен деңгейде. Ал аудан мен облыс басшылары су шаруашылығы дейтін шаруашылықтың бар екенін тіпті ұмытып кеткен бе дерсің. 2016 жылдан бері осы салада істейтін бірде бір маман мемлекеттік марапатқа ұсынылмаған. Су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, оларды түрлі мемлекеттік марапаттарға ұсынып отыру да сала қызметкерлерін ынталандыратыны сөзсіз.
Мемлекетаралық деңгейде шешімін табуы керек іргелі жұмыс ретінде төрт мемлекеттің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның өзара келісімшарт жасасуын айтар едім. Өйткені Сырдария өзенін пайдалануды біз немесе олар ғана шеше салмайды. Оған төрт мемлекет тең дәрежеде араласқаны жөн. Сонымен қатар Қазақстанға баратын каналдардың суын бақылап отыру мақсатында Ташкенттегі БВО «Сырдария» мекемесіне және Қазақстан елшілігіне мамандарымызды орналастыру да тиімді болар еді.
Ерекше атап айтарлық тағы бір мәселе – каналдарды бетонмен қаптау жайы. Каналдардың көп бөлігінің бетонмен қапталмауы салдарынан судың 30-35 пайызы жерге сіңіп кетіп жатыр. Бұл шамамен – миллиардтаған текше метр су. Ал егер каналдар бетонмен қапталса онда үнемделген судың өзімен-ақ мыңдаған гектар суармалы жерді ашуға болады. Дәл қазір Мақтаарал ауданындағы Достық, Шардара ауданындағы Қызылқұм, Арыс-Түркістан және Үлкен Келес каналдары бетон жабындысына мұқтаж болып тұр.
Ауыз су мәселесіне байланысты Өгем өзенінің суын бұру керек деп есептеймін. Бұл мәселені 2000 жылдан бері көтеріп келе жатырмын. Мысалы, Өгем өзенінің суын бұру нәтижесінде халыққа таза ауыз су ұсынуға болады. Өгеммен қоса, Келес өзенін де бұрар болсақ, онда тынысымыз әжептәуір кеңіп қалушы еді. Егер бұл ой жүзеге асса, онда Дарбаза су қоймасы салынып, жаңа жерлер игеріледі. Судың келуі жаңа елді мекендердің пайда болуына ықпал етіп, он мыңдаған адамды жұмыспен қамтасыз етпек. Сондай-ақ республика көкөніс тапшылығын ұмытып, мыңдаған гектар жылыжай салу мүмкіндігі туады. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын көтеріп қана қоймай, агроөндірісті дамытуға да серпін бермек.
Қуатбек СҰЛТАНОВ,
Су маманы, зейнеткер
Түркістан облысы