Спорт • 31 Наурыз, 2021

Ұзын бойлы ұландар топ жаратын күн жақын

677 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Баскетболдан таяуда ғана аяқталған Жоғары лига командалары арасындағы Қазақстанның XXIX чемпионатында Қарағанды облысының «Қарағанды» клубы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Мұндай деңгейдегі додаға тұңғыш рет түсіп отырған ұжым үшін бұл – үлкен жетістік.

Таяуда аталған кәсіби клубты өзі құрып, қазіргі уақытта оның басшысы болып қызмет ететін Дастан Аяпбекке жолығып, өзімізді қызықтырған бірнеше сұраққа жауап алған едік.

Ұзын бойлы ұландар топ жаратын күн жақын

– Дастан Ерікұлы, жақында ғана аяқталған чемпионат туралы пікі­ріңіз­ді білсек. Сіз басқаратын клуб­тың негізгі қарсыластары кім­дер бол­ды?

– Чемпионат өте тартысты өтті. Бізге қарсы ойнаған жеті команданың бәрі де ше­бер­лік­­теріне құрметпен қа­рауға тұрарлық қарсылас болды. Тур­нирде топ жарған Қызыл­жар­дың «Барс», күміспен күп­телген Шымкенттің «Қазығұрт» ко­ман­даларымен болған теке­тіреске толы ойындардан өзімізге пайдалы көп дүние алдық.

Шынын айтқанда, турнирге тұңғыш қатысып отырғандықтан, ойындар бізге оңайға соқпады. Тәжірибеміздің толыспағаны да рас еді. Бюджетіміз де басқаларға қарағанда аздау болды. Бірақ осының бәріне қарамастан, тәуір нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Біз үшін бұл – тарихи оқиға.

– Команда құрамына қарап отыр­сақ, негізінен өзіміздің ұзын бойлы ұландарымыз ойнайды екен...

– Біздің команданың құрамы түгелге дерлік Қарағанды облы­сының ойыншыларынан тұрады. Мысалы, клубта Қарағанды, Жез­қазған, Теміртау, Бал­қаш, Шах­тинск қалаларынан, Көкпекті ауылынан баскетболшылар өнер көр­сетеді.

– Команда құрамында легионер ойыншы бар ма?

– Қазір біздің командада Николай Муха есімді бір ғана легионер ойыншы бар. Өте талантты баскетбол­шы. Биылғы чемпионаттың қоры­тындысы бойынша «Ең үздік ойыншы» атағына ие болды. Төл­құжат бойынша ол – Ресей азаматы. Енді өзінің айтуынша, Қазақстанның азаматтығын алғысы келеді.

– Болашаққа деген жоспар­лары­ңызбен бөліссеңіз. Алға қойған қандай мақсат бар?

– Болашаққа деген жос­парымыз өте зор. Мәселен, баскетбол ойынын дамыту ісін­де меценаттардың да кө­ме­­гіне жүгінсек дейміз. Қа­зір­гі уақытта бізге Игорь Ама­латов деген кәсіпкер көмек­тесіп тұрады. Біз оның иелігін­дегі залда жеңілдікпен жат­ты­ғамыз. Болашақта осы зал­дың жанындағы екі қабатты ғи­маратты сатып алып, оны бас­кетболшылар тұратын зама­науи үлгідегі жатақханаға айналдырсақ деген жобамыз бар. Әлбетте, мұның бәрі бюджетке байланысты шешілетін шаруалар.

Жалпы, біздің алдымызға қой­ған мақсатымыз – екі жылдан кейін Ұлттық лигаға шығып, еліміздің ең мықты командаларымен күш сынасу.

– Командадағы талантты ойын­шы­ларды басқа клубтар жақсы жа­лақы ұсынып, өздерінің қатарына қо­сып алмай ма деген қауіп жоқ па?

– Бұл тақырыпта талай әңгіме болған. Бір қуанарлығы, жігіттер ұжымды тас­тап кетпейміз деп нық айтады. Ко­мандадағы береке-бірлік, ынтымақ, жал­пы ахуал оларға ұнайтын болса керек. Және олар Қарағанды баскетбол мектебінің алдындағы өздерінің тұң­ғыштар ретіндегі тарихи миссиясын өте жақсы түсінеді. Осындай азаматтық бе­рік ұстанымдары үшін баскетболшы жігіттерімізге ризашы­лығымды біл­дір­гім келеді.

– Команданың жаттықты­ру­шылар штабы туралы айта кетсеңіз.

– Командада бір ғана жаттық­тырушы бар, ол маманның аты-жөні – Александр Александрович Тютюник. Өз ісіне берілген, өте тәжірибелі және білікті маман. Кезінде ол Қазақстан құрама командасының сапында өнер көрсеткен. Жастар арасындағы әлем чемпионатына негізгі ойыншы ретінде қатысқан.

– Облыс спортының бас­шы­лығы тарапынан қолдау қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Шынын айтқанда, коман­даның болашағы бюджетіне байланысты ғой. Бір қуаныштысы, жағдайымыз уақыт өткен са­йын жақсарып келеді. Әлбетте, облыстағы басшылар тарапынан жан-жақты қолдау болмаса, біз мұндай нәтижеге қол жеткізбес те едік. Осындай қамқор ниет бар­да бола­шағымыз жарқын болуы тиіс деген нық сенімдеміз.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

 

ҚАРАҒАНДЫ