Жүлде қоры 3 343 785 долларды құрайтын жарыстың бастапқы бәсекелерінде жерлесіміз сербиялық Ласло Джере, аустралиялық Джесси Дакворт және америкалық Тейлор Фритцті жолынан ығыстырған еді. Ширек финалда оның жолы италиялық Янник Синнермен қиысты. 19 жастағы Апеннин түбегінің өкілі былтыр Ролан Гарроста үздік сегіз ойыншының қатарынан көрініп, көпшілік назарына іліккен болатын. Бұл күндері әлемдік рейтингте 31 орында тұрған Синнер одан бөлек АТР турнирлерінде екі рет топ жарды. Ал Майамидегі додада ол Юго Гастон (Франция), Карен Хачанов (Ресей) және Эмиль Русуувуориден (Финляндия) басым түсіп, жартылай финалдың жолдамасы үшін тартыста біздің Александр Бубликпен кездесті.
Айтулы қос теннисші арасындағы сайыс 1 сағат 42 минутқа созылып, 7:5, 6:4 есебімен Янник Синнердің пайдасына шешілді. Енді Италияның өрені испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен шеберлік байқасады.