Спорт • 01 Сәуір, 2021

Дзюдодан жастар ойындары аяқталды

469 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оралда дзюдодан V жастар спорттық ойындары өз мәресіне жетті. Жарыс нәтижесі бойынша командалық есепте Шығыс Қазақстан облысы топ жарса, Алматы мен Түркістан облысының өрендері екінші және үшінші орындарды иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дзюдодан жастар ойындары аяқталды

Ерлер арасындағы бәсекелерде Бекарыс Сәдуақастың өнері өте керемет әсер қалдырды. Жарысты басынан аяғына дейін бір деммен өткізген Талдықорған облысының тумасы барлық қарсыласын еш қиналмай ұтты. Финалда ол Нұр-Сұлтан қаласынан келген Естай Ермұханды да оңай еңсерді. Бәлкім, Бекарыстың бұл нәтижесіне таңдануға да болмайтын шығар. Себебі, Жетісу өңірінің өкілі былтыр жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының жеңімпазы атанып, кадеттер арасында құрлық біріншілігін екі рет ұтты. Азия кубогын үш мәрте олжалап, Еуропа кубогында дара шықты. Елішілік жарыстарда қарсылас шақ келтірмей жүргеніне де бірер жылдың жүзі болды.

Оралдағы ойындарда Бекарыс Сәдуақаспен қатар Шерзод Давлатов (60 кило), Әнуар Жұмагелдин (66 кило), Серікбол Естай (73 кило), Аян Байғазы (81 кило), Айдар Арапов (90 кило) және Мұхамбет Зұлхарнаев (+100 кило) сынды сайыпқырандар бас жүлдені иеленді.

Қыздар арасындағы сайыста мына арулар алтыннан алқа тағынды: Жанерке Асқарова (48 кило), Құндыз Жылқыбай (52 кило), Толғанай Әбеуова (57 кило), Кристина Сотникова (63 кило), Анастасия Маякова (70 кило), Мадина Парагульгова (78 кило) және Ақерке Рамазанова (+78 кило).